Орындалған арман
3 Августа 2015 (09:41) | 2304 | Автор: Нурганым Имашева
1970 жыл, шілде айының орта кезі. Алматының Киров және Панфилов көшелерінің қиылысында орын тепкен Қазақ ССР-індегі бірден бір университет Қазақ мемлекеттік университетінің Бас корпусының алды арман қуып, оқу іздеп келген талапкерлерден бір арылмайды. Бұл корпуста заң, тарих, география, биология және философо-экономикалық факультеттерінің қабылдау комиссиялары талапкерлерден құжат қабылдайды. Университет факультеттерінің анықтама хабарландырулары ілінген тақталардың алдына барған талапкерлердің қарамына қарай қайсысының қандай факультетке түспек ниеті бар екендігін, қайсы факультетке конкурстың ауыр болатынын бағамдағандайсың. Қарларына қызыл байлап алып, ішке кірер есікті күзеткен, жазғы демалысында қабылдау комиссиясында қалып жұмыс жасап жүрген студенттерді көріп «біз де студент атанатын күн туар ма екен» деп оларға қызыға да қызғана қарап іштей қиял жетегіне берілеміз.
Қала туралы небір қисынды да, қисынсыз әңгімелерді естіп ауылдан келген жас балалар «шпана келіп қалтамыздағы ақшамызды ұрлап кетпеді ме екен» дегендей жан-жағымызға ұрлана қарап жанқалтамызды сыртынан сипап қойып айнала аңтарыла қараймыз. Біздерге қарағанда бұрын да екі-үш рет бағын сынап оқуға түсе алмай кетіп ауылда еңбекке араласып еңбек өтілін жинаған ересек жігіттер өздерін еркін сезініп жас әріптестеріне жүріс-тұрыс жәйін үйретіп қояды. Әне бір екі жігіт армия қатарынан оралып, күннің ыстығына да қарамай үстіндегі солдат киімін тастамай кердеңдей басып жүрсе, мына бір жігіт теңіз әскерінің «телняшкасымен» өзгелерден ерекше көзге түседі. Сырт келбетіне қарағанда мына бір сары бала мен шашынан бантигін тастамаған кішкентай қара қыз ағалы-қарындасты болар, сірә, жақын жерден ағасына еріп жүрген оқушы қыз ба, кім білсін.
Хабарламалар ілінген тақталарды жағалағандардың жанында бірлі-жарым ересектер болмаса, басқаларының бәрі де оқуға түсе келген қыздар мен жігіттер. Тек қана сәл әрегіректе бір-бірімен құшақтаса табысып жатырған он-он бес әйелдер мен жігіт ағалары ғана бұл қарбаластан оқшау, өз әлемдері өзінде, көптен көріспей енді ғана табысып сағыныштарын басқандай өзара мәре-сәре күй кешуде. Кенет әлгі жиналып тұрғандардың барлығы еңселерін Панфилов көшесі бетінен қолына бір бума гүл ұстап өздеріне қарай беттеген орта бойлы толықша сары жігітке бұрып «О, Черчиль келе жатыр!» деп дауыстай дабырласып орталарына қосылған оны қаумалай құшағына алып жатты. Жинақы таза киінген, жүріс-тұрысынан әлдебір бекзаттықтың белгісі есіп тұрған бұл азаматты қуана қарсы алғанына қарағанда барлығы үшін сыйлы жан болғаны көзге ұрып тұрғандықтан ба, немесе оның тарихтан құлағымызға сіңісті болған ағылшындық кәнігі саясаткердің есімін иеленгендігінен бе, бұл кездесу біздің де назарымызды өзіне еріксіз аударған-ды. Бұлардың кім екендігін білетіндерден сұрастырып қарасақ осыдан жиырма жыл бұрын университеттің заң факультетін бітірген курстастардың кездесуі екен, ал әлгі «Черчиль» деп қарсы алып жатырған жігіті бүгінгі күні қазақ заң ғылымының корифейлерінің бірі, Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Конституциясы авторларының бірі Сұлтан Сартаев болып шықты. Әрине, ол кезде С.Сартаевтың кім екенін білмесек те, «апырым-ай, біз де студент атанып, оқуымызды бітірген соң жиырма жылдан кейін мына азаматтар сияқты ұшқан ұямыздың алдында кездесіп тұрсақ, шіркін!» деген ой кеудемізге арман боп орнаған еді.
Міне, биыл мамыр айының соңғы күндерінде сол бір балаң арманымыз орындалғандай боп, ол кезде С.М.Киров атындағы мемлекеттік, ал қазір Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің тарих факультетінің қазақ бөлімін бітірген жиырма бес студенттің он екісі университеттің Бас корпусы алдына келіп, Әль-Фараби бабамыздың ескерткіші түбінде мәре-сәре боп кездестік. Ортамызға кезінде өзімізге дәріс оқыған Уахит Хамзаұлы Шәлекенов, Төреғали Қаратаев, курсымыздың жетекшісі болған Серік Мектепұлы Мәшімбаев ағаларымыз келіп қосылып, бұл күнде абыз ақсақал, әлі де университет қабырғасында дәріс оқитын тоқсан жастағы академик Уахит аға, сексеннің сеңгіріне шыққан Төреғали аға және жақында ғана жетпіс бес жасын атап өткен Серік ағаларымызды алып факультет оқытушыларымен, ізімізді қуып жүрген студенттермен кездесу өткізіп, естеліктерімізді ортаға салыстық.
Оқуды бірге бітірген жиырма бестің бұл күндері бақилық болған топ старостасы, талдықорғандық Әтетиев Жолжақсыны, қараторы сұлуымыз Шығыс Қазақстандық Тұмарова Толқынды, бәрімізді бауырына тартып туыс боп жүретін шымкенттік Ұсманова Ақтолқынды, сабырлылықтың үлгісін көрсетіп жүретін павлодарлық Исалинова Зураны еске алып, Алматыдағы жаңа мешітке барып олардың әруағына бағыштап құран оқыттық.
Денсаулығына, тағы басқа да себептерге байланысты кездесуге келе алмаған ақтөбелік Бекпағанбетов Мұханбетпен, семейлік Рақымжанов Қуанышпен, көкшетаулық Өтебаев Аманмен, шымкенттік Тоғызбаева Марияшпен, қызылордалық Ыбыраева Райгүлмен телефон арқылы байланыс жасап табысып бір жасап қалғандай әсерде болдық. Зайсандық Қанатты, ақтөбелік Клаваны, талдықорғандық Жарқынбек пен Оралханды іздеп табуды өзіміз түлеп ұшқан тарих факультетінде қызмет жасап жүрген профессорлар баяғы теңізші «телняшкасымен» жүрген Елеуов Мадияр, сары бала Төлеубаев Әбдеш, бантик таққан қыз Көкебаева Гүлжаухар мен мұғалім Смағұлов Сабырханға, Абай атындағы педагогикалық университет оқытушысы, тарих ғылымының докторы Қасымжанова-Төлеубаева Гүлжазираға, Қазақстанның орталық музейінде бөлім меңгерушісі боп істейтін Сатыбалдиева Мәстура мен Ә.Қастеев музейінде бөлім басқаратын Мұхамед Дәмегүлге тапсырдық.
Осылайша, қырық жылдан кейін бала қиялымыздан өрбіген балаң арманымыз орындалып, үш күн бойы өзіміз оқыған Бас корпуста (қазір Т.Жүргенов атындағы өнер институтының ғимараты), Виноградов,88 мекен-жәйіндегі №1 жатақханамызға (бұл Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдар» романында айтылатын жатақхана, бұл күндері жекешеленіп түрлі сауда орындарына айналыпты) барып, төртінші курста соңғы лекциядан соң тобымызбен суретке түскен Әлия Молдағұлова ескерткіші (ол кезде В.И.Ленин ескерткіші болатын) жанына барып бұрынғы ретімізбен тағы да суретке түсіп, серуен құрдық. Ендігі жерде бір-біріміздің қуанышымызға іздеп баратын боп және жыл сайын кездесіп тұруға уәде байласып тарастық.
Міне, арман орындалды деген осы. Әрине, бұл тек бір ғана арман, ал адам баласында арман таусылмас-ау!
Қолғанат Нұржаубайұлы, КазМУ-дің 1975 жылғы түлегі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему