Тасқын судан зардап шеккендерге көмек
17 Апреля 2015 (15:09) | 1425 | Автор: Мира Ботабекова
Маңғыстаулықтар тасқын судан зардап шеккен Қарағанды облысының тұрғындарына бірнеше вагон гуманитарлық көмек жіберетін болды. Қазір Ақтаудың 4-5 жерінде Қарағанды халқына қолұшын берем деушілерден түрлі заттар жиналып жатыр. Соның бірі – «Ынтымақ» сауда кешенінің 24-ші бутигінде орналасқан.
Бұл шараны аймақтың жас аналары ұйымдастырып отыр. Табиғи апаттан зардап шеккен жандардың жайына бей-жай қарай алмаған аналар әлеуметтік желі арқылы барша маңғыстаулықтарға үндеу жариялаған. Жас аналар бастамасы мыңдаған тұрғынның қолдауына ие болды. Мектеп оқушыларынан бастап, зейнеткерлерге дейін мүмкіндігінше көмектесуге тырысып жатыр. Үш күннің ішінде бірнеше тонна азық-түлік, киім-кешек пен күнделікті тұрмысқа қажетті заттар жиналған. Жылы жаймалар, көрпелер, балалар тамағы мен жаялық, жөргектерге дейін жиналған. Тіпті бір оқушы қыз жинап жүрген ақшасына қуыршақ сатып алып қосыпты.
Ал, жеке кәсіпкерлер мен мекемелер жиналған заттарды сақтап, оны тасқын су жүрген аймаққа жеткізіп бермек. Ал, Абай атындағы қалалық мәдени демалыс кешенінің басшылығы жиналған жүктерді қоймаларға жеткізуге көмектесіпті.
Ғалия Әубәкірова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-«Көп түкірсе көл болады», демекші тек ақтаулықтар ғана емес, Маңғыстаудың шет аудан тұрғындары да бұл игі істен қалыс қалып жатқан жоқ. Кеше Түпқараған ауданынан ондаған келі көмек жетсе, бүгін Жаңаөзен қаласынан азық-түлік тиелген екі көлік жолға шықты. Біз бір елдің азаматымыз. Сүрінгеге сүйеу, жығылғанға демеу болу – әр адамның парызы емес пе?!
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему