«Қазақстан барысы» турнирінің қола жүлдегеріне пәтер тарту етілді
9 Июля 2021 (17:25) | 1037 | Автор: Редакция
Бүгін Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов «Қазақстан барысы» республикалық турниріне өңір атынан қатысқан Нұрдәулет Жарылғапов пен Жасұлан Таңатовты және қазақ күресінен жаттықтырушы Қайрат Бурбасовты қабылдады. Кездесуге сондай-ақ облыстық «Қазақ күресі федерациясының президенті Аббат Өрісбаев пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев қатысты.
С.Трұмов ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен өткен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирінде қола жүлдеге ие болған Н.Жарылғапов пен оның бапкерін айтулы жеңіспен құттықтады.
«Еліміздің әр өңірінен іріктелген кіл мықтылардың ішінен суырылып шығып, жүлделі орынды иеленген Нұрдәулеттің жеңісі біз үшін мақтаныш. «Қазақстан барысы» басталғалы 10 жылда Маңғыстау қоржынына алғаш рет жүлде түскен екен. Нұрдәулет Жарылғаповтың жеңісті жолы жалғаса берсін. Осы жылы Маңғыстау облысының спортшылары түрлі деңгейдегі жарыстарда өте жақсы дәрежеде өнер көрсетті. Бұл жетістіктердің барлығы біздің облысымыздың дене шынықтыру және спорт саласының дамуына жаңа қарқын беретініне сенеміз. Сіздердің спорттағы алар асуларыңыз әлі де биік болуына тілектеспіз. Біз спортшыларымызға үлкен сенім артамыз. Жеңістен жеңіске жете беріңіздер!»,-деді облыс әкімі С.Трұмов.
Облыс әкімі маңғыстаулықтардың атынан Н.Жарылғаповқа Ақтау қаласынан пәтер, ал оның жеке бапкері Қайрат Бурбасовқа 1 млн теңгенің сертификатын табыс етті.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдығын мерекелеу аясында өткізілген турнирге республиканың 14 облысынан, Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларында іріктеуден өткен 37 үздік балуан қатысқан.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему