Балалардың 90 пайызының тісі ауырады
7 Ноября 2014 (09:17) | 4135 | Автор: Redactor
Маңғыстау облысында балалардың 90 пайызының тісі ауырады. Балғындар тісінің жаппай шіруіне аймақтағы экологиялық ахуалдың нашарлығы мен ауыз судың сапасыздығы әсер еткен. Үш жыл бойы өңірде зерттеу жүргізген республика ғалымдары мен облыс дәрігерлері осылай, деп дабыл қағып жатыр. Аталған мәселеге орай, арнайы бағдарлама қабылданып, мектеп пен балабақшаларда стоматологиялық кабинеттер ашу туралы ұсыныс жасалды.
Бірінші шағын аудандағы тіс емханасында дәрігер қабылдауына келіп тұрған баланың қарасы көп. Барлығы да есіктің ар жағындағы өзге балалардың жылаған, ауырсынған дауыстарын естіп, үркіп отыр. Ал, 8 жастағы Жасмин тіс емдетуден қорықпайтын батыл қыз екен. Өзге балалар секілді жүрексінбей, дәрігердің қабылдауына кірді. Қаршадай қыз бір апта ішінде осымен 5-ші рет тісін емдетіпті.
Дидар Елеусінова, Ақтау қаласының тұрғыны:
- Алғаш рет қызымның тісін 5 жасында жұлдырттық. Міне, содан бері тіс емханасының тұрақты емделушісіне айналдық. Жылына екі рет емделуге келеміз. Тазалыққа ерекше мән береміз, күніне екі рет тісін жуып, тазалайды. Бірақ неге екенін білмеймін, тіс ауруынан құтыла алмай-ақ қойдық. Теңіз суын ішеміз ғой, әлде содан ба екен?
40 жылдық еңбек тәжірибесі бар тіс дәрігері Тоқтар Әжіғұловтың жұмысы қауырт. Ол күніне ондаған баланы қабылдайды. Дәрігердің айтуынша, тістің азабын тартатын балалар көбейген. «Әсіресе тістері қисық өскен немесе қызыл иегі қабынып, тістері шіріген жеткіншектер көп келеді», - дейді ортопед-дәрігер.
Тоқтар Әжіғұлов, Ортопед-дәрігер:
- Қазір балалар арасындағы тіс ауруы жасарып кетті. Бұрындары балаларға 4 жастан бастап тіс щеткасын қолданып, тістерін тазалаңдар, деп ата-аналарына кеңес беруші едік. Ал, қазір емшектегі баланың тісі нашар. 4 жасқа-дейін-ақ балалар бірнеше кариеспен келеді бізге. Мұның бәрі экологияның нашарлығы мен балалардың әлсіздігінен. Қазір балалар сыртқа шығып, көп жүрмейді. Таза ауада серуендемейді. Тамақ ішістері де нашар. Осының бәрі балалардың кішкентайынан тіс ауруына шалдығуына әсер етеді.
Құрамында белгілі тіс дәрігерлері, ғалымдар бар жұмыс тобы жүргізген зерттеу нәтижесі расында да аймақта тіс ауруының көбейгенін көрсетіп отыр. Өңірдегі балалардың 90 пайызының тісі сау емес. Бұған аймақтағы экологиялық жағдайдың нашарлығы мен ауыз судың сапасыздығы әсер етіпті. Тұщытылатын теңіз суының құрамында фтор жетіспейді екен. «Бұл мәселенің алдын алмасақ, балалар есейгенде тіссіз қалуы мүмкін, - дейді мамандар.
Осыған орай, балабақша мен мектептерде стоматологиялық кабинеттер ашу туралы ұсыныс жасалды. Бұл – әзірге тығырықтан шығудың жалғыз жолы болса керек.
Қуат Машырықов, Маңғыстау облыстық стоматология орталығының директоры:
- Кеңес Одағы кезінде стоматологиялық кабинеттер барлық мектепте болған. Оны кезінде жоғалтып алдық. Бірақ соңғы кездері сол үрдісті қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр, стоматологиялық кабинеттерді көптеп ашу көзделіп отыр. Тек қана стоматологиялық кабинеттерді емес, жеңілдетілген гигиена кабинеттерін ашып, балалардың ауыз қуысын қарап, тісті қалай тазалау керектігін үйретуге болады. Сол жөнінде ұсыныстар жасалды. Қазір Ақтауда 7 мектепте ғана стоматологиялық кабинеттер бар. Ал, Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы аудандарында бұл тіптен аз.
Облыстың штаттан тыс бас стоматологы Қуат Машырықовтың айтуынша, ашылатын стоматологиялық кабинеттерге маман қажет. Осы орайда, жергілікті колледж басшылығына мемлекеттік тапсырыс аясында тіс дәрігерлерін, балаларға кеңес беретін мамандарды дайындау міндеттеліп отыр. Тіс ауруының алдын алу жұмыстарына облыс қазынасынан 5 миллион теңге бөлініп, арнайы бағдарлама қабылданды.
Балалар арасындағы тіс ауруы тек Маңғыстау емес, еліміздегі өзге де экологиялық қолайсыз өңірлерде, жиілеп кеткен. Мәселенің күрмеуін шешу үшін еліміз бойынша балалар тіс дәрігерлері бірігіп, кеңес құрмақ. Онда дәрігерлер тәжірибе алмасып, тіс ауруын азайту жолдарын талқылайтын болады. Ал, аймақта келер жылдан бастап тіс күтімін насихаттайтын түрлі шаралар ұйымдастырылады. Жылжымалы медициналық кешендер ауылдарды аралап, тұрғындардың тістерін тексеруден өткізетін болады.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему