Эко-амбассадор Әділбек Қозыбақов мектеп оқушыларына экологиялық саяхат ұйымдастырды
10 Февраля 2020 (16:57) | 2030 | Автор: Нурганым Имашева
Ақтаудағы Қаракөл көлінің «қызылкітапты» орнитофаунасының сақталуын экологиялық туризмнің «бёрдвотчинг» – құстарды тамашалау – бағытын дамыту арқылы қамтамасыз етуге болады. Осындай пікірді Қарақия-Қаракөл мемлекеттік зоологиялық қаумалдың бөлігі және Қазақстанның негізгі орнитологиялық аумақтарының бірі болып табылатын Қаракөл көліне экологиялық экскурсияға қатысқан Ақтау қаласының №8 орта мектеп оқушылары білдірді.
Оқушылар үшін танымдық экскурсияны «Табиғи орта» Батыс Қазақстан ҮЕҰ өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау ассоциациясы (ҚБСА) Маңғыстау филиалының төрағасы, Орта Азия Рамсар өңірлік бастамасы (ОА-РӨБ) үйлестіруші комитетінің мүшесі Әділбек Қозыбақов пен Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы Манас Өтесінов жүргізді.
«Осы сулы-батпақты алқапта жылдың әртүрлі мезгілдерінде суда жүзішу және су маңайы құстардың 175 түріне дейін мекендейді, олардың 20 астамы Қазақстан Қызыл кітабына енгізілген. Олар кіші аққу және сұңқылдақ аққу, бұйра және қызғылт бірқазандар, сары, мысыр және кіші аққұтандары, қоқиқаз, үкі, жалбағай, қарабай, қарабас өгіз шағала, аққұйрықты субүркіт және т. б.», – деп, экскурсия жетекшісі рөлін атқарған Әділбек Қозыбақов балаларды бірегей су айдынының қанатты мекендеушілерімен таныстыра бастады.
Ол жасанды көлдің пайда болу тарихы мен ондағы, ұсақ шаянтәрізділерден бастап суда жүзішу және су маңайы ірі құстарына дейін, түрлі организмдердің тіршілік ету үдерісі туралы да баяндап берді.
Экскурсияға қатысушылар сыбырлақ және сұңқылдақ аққуларды, қоқиқазды, аққұйрықты субүркітті және әртүрлі үйректер мен шағалаларды байқады. Оқушылар қалаға тым жақын жерде «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС өндірістік өнеркәсіппен тыныш көршілес орналасқан жабайы табиғат әлеміне саяхат жасауға болатынына ғажаптаңдығын жасыра алмады. Бұлтты және желді ауа-райы өзінің табиғи ортасындағы Ақтаудың қызғылт маржаны – қоқиқазды тамашалаудан алған әсерді жоққа шығарған жоқ. Бір шақырымға жуық қашықтықта, судың бетінде ұзын аяқ-цевкаларын бірінен соң бірін тез қимылдатып, саны мыңға жуық ересек қоқиқаздар тобы кербез «билеп» тұрды.
Ересек құстарды жас құстардан қалай ажыратуға болады деген балалардың сұрағына Әділбек Қозыбақов қоқиқаздың балапандары ашық сұр түсті болып, сақаланған сайын қызғылттана түседі деп жауап берді.
Сонымен қатар, оқушыларға Қазақстан Республикасы омыртқалы жануарлары Қызыл кітабының соңғы басылымы, ОА-РӨБ «Сулы-батпақты алқаптар» брошюрасы, «Полевой определитель птиц Казахстана» 2014 жылғы басылымы және ҚБСА «IBА немесе негізгі орнитологиялық аумақтарды қорғаушыларға арналған құралы» таныстырылды. Бұл ақпараттық-анықтамалық материалдар балалардың қызығушылығын оятты.
Өз дәрісін жалғастыра отырып, Әділбек Қозыбақов, эко-амбассадор ретінде, Қаракөл көлінің проблемаларын айқындап, оларды шешу жолдарын ұсынды.
«Қаракөлді Үстірт қорығының инспекторлары қорғауға алынғанымен, браконьерлер кейде осында құс атып немесе балық аулап және тұрмыстық қалдықтар тастап кететіні құпия емес. Бұл түсінікті, себебі ұзындығы 10-12 шақырымға, ені 1,5-2 шақырымға созылған су қоймасын нық қорғау үшін инспекторлар көл айналасында тәулік бойы және демалыссыз жүру керек», – деп, түсіндірді экскурсия жетекшісі.
Оның айтуынша, көлге күн сайын туристер келіп тұрса, браконьерлер жасқанар еді. Сондықтан ол, Қаракөлді экологиялық туризм объектісі ретінде дамыту және оның мекендеушілерін браконьерлерден нық қорғау үшін, сулы-батпақты ағарту орталығын құрып, экологиялық соқпақтар салып, көру түтігін (подзорная труба) бекітуге арналған құралдармен жабдықталған бақылау мұнараларын қондыру керек деп санайды. Әділбек Қозыбақов осындай орталық, ақылы экскурсиялар ұйымдастыру арқылы, уақыты келгенде өзін өзі қаржыландыруға жетеді деген сенімін білдірді.
Ол осыдан бір жыл бұрын тиісті ұсынымдар жазбаша түрде құзырлы органдар мен ұйымдарға жолданып, былтырғы ақпан айында облыстық әкімдікте Маңғыстау облысының әкімі орынбасарының қатысуымен жұмыс кеңесі өткендігін айтты. Кеңес барысында Үстірт қорығының, «МАЭК-Қазатомпром» кәсіпорнының басшылықтары мен облыс әкімінің орынбасары Әділбек Қозыбақовтың ұсыныстарын қолдап, потенциалды демеушілерге Қаракөл көлінде екі бақылау мұнарасының құрылысына қаражат бөлуді ұсынды. Кеңес жұмысының қорытындысы бойынша Қаракөл көлінің экологиялық туризм объектісі ретінде дамуы бойынша ұсыныстары хаттамалық шешімге енгізілді. Бірақ, әзірше демеуші табылған жоқ.
Экскурсияның соңында Үстірт қорығының инспекторы Манас Өтесінов Қаракөл көлі кәсіпорынның, яғни Ақтау қаласы мен маңындағы елді мекендер үшін жылу және электроэнергияны өндіріп, теңіз суын тұщытатын «МАЭК-Қазатомпром» ЖШС, табиғатқа оң әсерін тигізудің бірегей мысалы болып табылатынын айтты. Ол қала құрайшы кәсіпорынның басшылығы бірегей суайдын проблемаларының шешілуіне бұрынғыша тиісті назар аударып, алдын алу аншлагтарын жаңартатынына және басқа да қажетті техникалық қолдау көрсететініне үмітін жеткізді.
Көргеннен алған әсерімен 8 сынып оқушысы Аружан Ұзақова бөлісті: «Бүгін өзім үшін өте керемет, эмоционалды күн болды, достарым үшін де солай шығар деп ойлаймын. Қоқиқазды бұрын жәй ғана кітаптан көретін едім, ал бүгін оны дүрбімен жақыннан көрдім. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізуге болмайды, себебі жабайы құстарды күнде көре бермейміз. Ақтау маңында осындай табиғат бар деп ойламаппын. Экскурсияға келер алдында осыншама керемет болатынын күтпеген едім».
Табиғат аясында қызықты өткен табиғат туралы дәрістен соң балалар «Арқан тартысу» ойынынан жарысты.
Оқушыларға жетекшілік еткен Ақтау қаласы №8 орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі Ақмарал Шыңғыс балалардың қызық және пайдалы уақыт өткізгендері үшін экскурсия ұйымдастырушыларына алғыс айтты. Экскурсияға қатысушылардың біреуінің әжесі, іс-шараға бастамашы болып, сәтті өтуіне барынша атсалысқан Құралай Ізімбергенова ерекше алғысқа бөленді.
Материал Маңғыстау облысы экология департаменті және Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен дайындалды
Суреттерді түсірген экология департаментінің баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему