Ер озбыр емес, қамқоршы болуы керек
31 Июля 2019 (15:14) | 1585 | Автор: Нурганым Имашева
Біздің халқымыз ер-азаматты шаңырақ иесі десе, әйел-ананы отбасының алтын қазығы деп бағалаған. Бұрын әйел теңдігі көп қоғамда сақталмаса, бүгінгі күні ол гендерлік теңдік деген үлкен саясатқа ұласып, мемлекет басшысының қолдауымен осы гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заң қабылданды.
Жалпы, гендер - ерлер мен әйелдер арасындағы қатынастардың өмірдің барлық саласында көрініс табатын әлеуметтік қыры деген ұғымды білдіреді .
«Отбасы – тұрмыстық зорлық зомбылықтың профилактикасы туралы» Заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы қысымды болдырмауға ықпал етеді.
Ең өкініштісі, тұрмыстық зорлықтың құрбаны көп жағдайда әйелдер мен балалар. Қазіргі таңда, осыған байланысты әйелдер мен балаларға қатысты зорлық –зомбылықтың алдын алу жұмысы күшейтілді.
Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз елестету мүмкін емес. Әйел-ана ұлтымыздың бойындағы бар қасиеттерді - тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық дәстүрін ұрпақтан ұрпаққа дарытушы. Қазақта әдетте елге келін болып түскен қыз өз елінің барлық жақсы қасиеттерін, рухани моралдық құндылықтарын өзімен бірге ала келіп, табалдырығын аттаған үйдің игілігіне, қала берді бүкіл бір қауым елге сіңірген.
Қазіргідей дамыған заманда тіршілік тірегі – әйел теңдігін сақтап, табиғатынан қамқорлықты қажет ететін нәзік жандылардың құқығын қорғау қай қоғамда болмасын басты мәселе. Соған қарамастан әйелдер қауымының көпшілігі отбасында озбырлыққа ұшырайды.
Осыған орай, тұрмыстық зорлық зомбылық көретін жандардың нақты санын айту мүмкін емес, өйткені олар арнайы органдарға барып арызданбайды. Кейбір әйелдер ашу үстінде арыз жазғанымен, кешірімге келіп, өткенді ұмытуға тырысады. Өкінішке орай, әйелдің кешірімділігін оның әлсіздігі деп санайтын ер-азаматтар одан сайын зорлық-зомбылық көрсетуін күшейте түседі.
Сондықтан, зорлық көрген әрбір әйел мен баланың құқығын қоғам бір кісідей қорғай білсе, бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар да, ел тұтқасын ұстар балалар да алаңсыз өмір сүрер еді. Ал, ер азаматтар өздерінің озбыр емес, тірекші, қамқоршы, қорғаушы екенін өз айналасына ұғындыра алса, қанекей?!
Лариса Кенжеева,
Қарақия аудандық сотының кеңсе меңгерушісі
Суреттер ru.kyzylorda-news.kz BNews.kz сайттарынан алынды
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему