Маңғыстау жастарының «Арысқа көмек» акциясы кезінде 4 тонна гуманитарлық жүк жиналды
28 Июня 2019 (10:21) | 1935 | Автор: Нурганым Имашева
Арыс қаласының тұрғындарының басына түскен қиын жағдай бүкіл елдің қабырғасын қайыстырғаны анық. Киелі өлкенің өрендері де Оңтүстіктегі ағайынға көмек қолын созуға бірден бел байлады.
Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының «Арысқа көмек» акциясы аясында жастарға арналған «Арман» коворкинг орталығында ашылған Түркістан облысы, Арыс қаласындағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмек жинау пунктінде 4 тонна гуманитарлық жүк жиналды. Оның ішіне азық-түліктер, киім-кешектер, дәрі-дәрмектер, жеке гигиена құралдары және бірінші кезекте қажетті заттар кіреді.
Жастардың бастамасына белсенді түрде атсалысып, азаматтық борышым, ағайынға қол ұшын созам деп, зардап шеккендерге көмек көрсетуге Ақтау қаласының «Мағаш», «Масат» және «Асар-С» базарының саудагерлері, Маңғыстау облыстық дәрігерлер мен провизорлар қауымдастығы, сонымен қатар, волонтерлар мен қала тұрғындары атсалысқаны белгілі болды.
Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының директоры Абылай Фазылбек:
-25 маусымнан бастап облыстағы барлық аудандық және қалалық жастар ресурстық орталықтарында көмек пункті өз жұмысын бастады. Ақтау қаласы бойынша аталған акцияға 30 волонтер жұмылдырып, арнайы ақпараттық іс-шаралар ұйымдастырылып, 1,5 күнде Ақтау қаласының жомарт азаматтарының қолдауымен 4 тоннаға жуық гуманитарлық жүк жиналды.
Сонымен қатар, қала тұрғындары әкелген тез бұзылатын азық-түліктерді Маңғыстау облыстық мешіті жанындағы медресеге табыстадық. Жастарға арналған "Арман" коворкинг орталығында орналасқан көмек пункті ақшалай көмек түрін қабылдамады, ақшалай көмек көрсетемін деушілер «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қорына аудару керектігі түсіндірілді. Осы ретте,игі іске атсалысқан азаматтарға, қала тұрғындарына алғыс білдіреміз,- дейді.
Ағайынның басына түскен қиындықты еңсеруге өңіріміздің жастары да белсене араласып, қолдан келген көмектерін аямай, өз үлестерін қосқандары көңілге қонымды, ертеңгі күні ел тізгінін қолына алар буынның игі іске араласқанына қалай қуанбассың?! Жарайсыңдар, Маңғыстаудың жалынды жастары! Еліміздің іргесі берік болып, ауызбіршілігіміз арта берсін, ағайын!
Суреттер Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығынан алынды
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему