Маңғыстаулық көркем гимнастика шеберлері  төрткүл дүниені мойындатпақ
Курс валют в Актау
на 17/11/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Воскресенье,
17 Ноября, 11:15
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Маңғыстаулық көркем гимнастика шеберлері төрткүл дүниені мойындатпақ

28 Августа 2018 (15:10) | 3012 | Автор: Нурганым Имашева

Маңғыстаулық көркем гимнастшылардың Азия, Еуропа, Әлем және төрт жылда бір келетін жазғы Олимпиада ойындарында топ жаратын күндері алыс емес. Небір биіктерді бағындыруды осы бастан мақсат еткен олардың қазіргі дайындығына мамандар жоғары баға беріп отыр.

 



Жақында ғана Ақтау қаласында көркем гимнастикадан 2003-2012 жылдары туған қыздар арасында ІІ халықаралық «Шағала» турнирі өз мәресіне жеткен болатын. Биылғы жылы өткен турнирдің ерекшелігі - гимнастиканың халықаралық FIG ережесіне сәйкес өткізілгені.

 

Еліміздің Алматы, Оңтүстік-Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарынан, сондай-ақ көршілес Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей, Әзірбайжан және Грузиядан келген 200-ден астам гимнастшы қыздар өзара мықтыларды анықтаған болатын.

 

Айта кету керек, жарыс бағдарламасы ауқымды болды, себебі турнирге қатысушылар жекелей де, топтық сындарда да өнер көрсетті. 

Маңғыстау облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясысының директоры Гүлзира Ақжігітованың айтуынша, турнирді өткізудегі мақсат – аймақта көркем гимнастиканы дамытуға күш салу және спортшылардың шеберлігін шыңдау арқылы жаңа есімдерді анықтау болды.

 

 

Жекелей және топтық жарыста бақ сынаған гимнастшы қыздардың арасынан суырылып шыққандар аз емес. Көзге түскендердің бірі - Жансая Жанбуршиева. Ол көпсайыста, доп, жіп және лентамен жаттығуда үздік нәтиже көрсете білді. Болашағынан зор үміт күттіретін Жансаяның өзі болса көркем гимнастикаға келгенін мақтанышпен айтады. Болашақта өзінің халықаралық және әлемдік деңгейдегі сайыстарда топ жаратынына сенімді.

 

-Жарыс кезінде түрлі элементтерді орындауға тура келеді. Оңай деуге ауызым бармайды, негізінен қиын, әрине. Бірақ, соған қарамастан жаттықтырушымның ақыл-кеңесіне құлақ түріп, кемшіліктерді болдырмау бойынша жұмыстандым.

 

Жалпы, жарыста жақсы өнер көрсету алдымен тыңғылықты дайындығыңа байланысты. Айтайын дегенім ең бастысы шыдамдылық керек. Иілу маңызды, әсіресе күрделі элементтерді орындау барысында көзіңе жас келгенде гимнастиканы тастап кеткің келетін сәттер көп болады, бірақ өз-өзімді жеңуге тырысамын.

 

 

Енді міне нәтижесін көріп жүрмін, сәтін салса байрақты бәсекелерде атой саламын деген сенімдемін, - дейді ол.


Рас, ел біріншілігінен сүрінбей өтсе, оның болашағы жарқын екендігі сөзсіз. Көп ұзамай ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп қалуы бек мүмкін. Маңдай теріңді төгіп жаттығатын болсаң, ертелі-кеш нәтиже шығаруға болады.

 

Бұл ретте ең маңыздысы қыздарды түрлі жарыстарға қатыстыру. Себебі өздерінен тәжірибесі мол спортшыларға қарап бой түзейді, алға деген ұмтылыс пайда болып қызығушылығы одан сайын арта түседі, бұл олардың шыңдалуына жақсы.

 

Жансаяның жетістігінен анасы әрі облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясысының директоры Гүлзира Ақжігітова болашақта зор үміт күтетінін жасырмады.

 


Өзі спортпен шұғылданып биік белестерді бағындырмаса да, спортшы қыздарға қолдау көрсетіп жүр. Өз қаражатын жұмсап, бар терген-жиғанын көркем гимнастика федерациясының дамуына жұмсауда.


Оның айтуынша, «Маңғыстау облысы көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы» қоғамдық бірлестігінің ашылуына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Рушания Елтизарова және «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Манарбек Бисекенов мұрындық болған.

 

Сонымен қатар Мұнайлы ауданының бұрынғы әкімі Елубай Әбіловке де айтар алғысы шексіз, себебі қаржы мәселесінде айтарлық қиындықтар бұрын болмаған.


Жергілікті жерде көркем гимнастикадан тәжірибелі маман тапшы. Ал қыздардың шыңдалуы үшін еліміздің әр өңірінен, тіптен өзге елдерден де маман шақыртуға тура келеді.

 

 


«Шағала» турнирі басталмай тұрып Павлодар шаһарынан Әсел Мұстафина есімді аға жаттықтырушы Ақтауға шақыртылған. Ол - ел біріншілігінің жеңімпазы, кезінде Ресей мен Азия құрлығында атой салған. Бапкер өзінің тәжірибесімен бөлісу үшін Ақтауда екі апта болып кеткен. Сол сияқты көрші Өзбекстан елінен спорттық гимнастика бапкері және хореограф арнайы шақыртылған. 

 

Қазір федерацияда 5 бапкер шәкірт тәрбиелеуде, оның екеуі хореограф. Жақын арада бесеудің қатарын тағы бір тәжірибелі бапкер толықтырмақ. Әзірге онымен ауызша келісім бар. Бес жаттықтырушының үшеуі сырттан келген, тек екеуі жергілікті.


Ал көркем гимнастикамен айналысамын деушілерге ақылы да, тегін де түрі қарастырылған. Бұл спорт түрінің ерекшелігі жоқ емес, себебі аз ақшаға шетелден бапкерлердің келгісі жоқ. Сол себепті келісімшарт жасауға тура келеді.


Жаңаөзен қаласында да федерацияның бөлімшесі есігін айқара ашқанына көп бола қоймаған. Жуырда ғана жаңаөзендіктер Атырауда өткен жарыста 5 алтын, 2 күміс және топтық биден қола медаль иеленген.

 

 


Жасыратыны жоқ, әзірге көркем гимнастшылардың республикалық деңгейде рейтингі төмен болып тұр. Ол үшін алдымен ел біріншілігінде топ жару қажет. Қыздардың әзірге топ жара алмауына басты бірнеше себебі бар.


Оның бастыларын атап айтсақ, біріншіден арнайы мамандандырылған спорт кешені және жарыс өткізуге арналған кілемнің жоқтығы, одан қалды қазіргі кезде өнер көрсетіп жүргендердің дені жасөспірімдер, ал жастар құрамында өнер көрсететін қыздар енді шығады үміт бар. Бірақ соған қарамастан 7 шәкірт спорт шеберлігіне үміткер атанған.


Тағы бір айта кететіні, федерация көмекке зәру. Бүгінде қол ұшын созайын деп тұрған демеушілер табылмай тұр. Ал жас гимнастшылардың жарыстарға баруы ата-аналардың қаражатына байланысты, бірі тауып бере алса енді бірінің қалтасы көтермейді.


Тіптен Ақтаудың өзінде жарыс өткізу үшін спорт кешендерін жалға алуға тура келеді. Мәселен республика Кубогын өткізу үшін шаһардағы спорт кешеннің біріне 360.000 теңге төлеуге тура келген.

 


Қазір федерацияның бөлімшелері Ақтау, Жаңаөзен және Мұнайлы ауданында жұмыс жасап тұр. Болашақта қалған төрт ауданда гимнастикадан спорт мектептерін ашу жоспарда бар, атап айтқанда Қарақия, Маңғыстау, Бейнеу жән Түпқараған аудандары.


Бірақ, кедергі жоқ емес. Бар мәселе қаражатқа тіреліп тұр. Тәжірибелі бапкерлерді де сырттан шақыруға тура келіп тұр, оның жағдайын жасайтының тағы бар, жолақысы былай тұрсын, ең бастысы баспанамен қамтып, еңбекақысын көңілден шығатын етіп төлеу қажет.


Сондықтан алда өзіміздің қыздарды спорт шебері деңгейіне жеткізіп, оқытып, көркем гимнастикадан бапкерлікке баулу міндеті тұр. Қазіргі басты мақсат - қыздардың шеберлігін шыңдап республикалық чемпионаттарға дайындау.


Айта кету керек, көркем гимнастика алғашында Мұнайлы ауданында үйірме ретінде Бибігүл Ерназарова жетекшілігімен жұмыс жасап тұрған еді. Қазір ол Маңғыстау облысының көркем гимнастикадан бас бапкері және қыздардың жеткен жетістігі, алдымен, осы кісінің еңбегі.
Атап айтқанда № 5 орта мектептің спорт залында орналасқан үйірмеге Гүлзира Ақжігітова қызын көркем гимнастикаға апарған соң, оның бойындағы талантын байқаған соң шырайлы Шымкентке барып, Әлия Юсупованың мектебіне жолыққан.

 


Мектеп басшылығымен жүздесіп қана қоймай алда өткілізетін жарыстарға Маңғыстаулық гимнастшыларды да шақыртуын өтінген. Осылайша, ең алғашқы жарыс Шымкент шаһарынан бастау алып, уақыт өте келе Тараз, Қызылорда, Петропавлға жарыстарға шыға бастайды.


Араға айлар салып Украинадан көркем гимнастика бойынша аға бапкер Альбина Дерюгинаның шәкірті Дарья Бондарь деген бапкерді шақыртып, оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылған. Алғаш рет 5 шәкіртпен басталған федерацияда бүгінде 250-ге жуық қыздар бар.


Былтыр Украинада өткен ашық турнирде жерлестеріміз 2 алтын, 1 қола медальмен оралыпты. Биыл Әзірбайжан елінің астанасы Бакуде өткен халықаралық жарыста 11 шәкірті жүлде алған. Сонымен қатар, Ташкентте өткен турнирде 3 алтын, 2 күміс, 5 қола медальмен оралғандар бар.
Федерацияның құрылғанына биыл екі жыл. Осыншама аз уақытта ауыз толтырып айтарлықтай жақсы нәтижелерге қол жеткізіп үлгергенін федерация директоры мақтанышпен айтып отыр. Маңғыстау тарихында алғаш рет Қазақстан Республикасының кубогы Ақтауда өткізілді. Үміт күтіп отырған жеткіншектер де жоқ емес, олар 2007 жылы туған Жансая Жаңбұршиева және 2005 жылы туған Ұлжан Абдрахман түрлі жарыстарда алдыңғы қатардан көрініп жүр.


Сондай-ақ, 2008 жылы туған Аяулым Кибасова мен Рысбике Сейбағыт, 2010 жылы туған Саида Дәуренқызы, Манарбеккызы Аққуым Ақтаудағы турнирде 1 орынды жеңіп алған. Бұдан басқа 2011 жылы туған Дария Жекен, 2012 жылы туған Галина Иванованың болашағынан зор үміт күтуге болады.

 

 


Жалпы федерация қыздарды үш жастан қабылдайды. Басым бөлігінің аяқ алысы жаман емес, ең бастысы ұмтылыс жоғары екендігі қуантады. Алғашында қызығушылық танытып келетіндер көп болған, бірақ жарты жолдан тастап кететіндері де аз емес. Доп, лента және тағы басқа арнаулы заттармен шебер өнер көрсете білу маңызды. Кез-келген жарыста жүлде алу оңайға соқпайды, себебі білікті төрешілер төрелік етеді.
-Биыл қызым 11 жаста. Көптеген жарыстарда бас жүлдегер атанып жүр. Әрине, ана ретінде қызымның жетістігіне сырттай қарап отырып қуанамын. Мен ешкімді бөлмеймін, барлық қыздарға үлкен үмітпен қараймын.


Қол ұшын созып жүрген ата-аналар бар, мүмкіндігінше көмектескісі келеді. Ендігі жерде қыздарымыз ел біріншілігінде жеңіске жетсе, ұлттық құрама сапында өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады. Шақырған жарыстан қалмауға тырысамыз. Жас гимнастшыларды жігерлендіру үшін барынша жағдай жасауға тырысып жүрміз, - дейді Маңғыстау облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясының директоры Гүлзира Ақжігітова.


Жасыратыны жоқ, бүгінде бокс, күрес, шығыс жекпе-жегі, футбол немесе волейбол сияқты спорт түрлеріне жастардың қызығушылығы жоғары. Соңғы кездері ережесіз жекпе-жек клубтары бірінен соң бірі ашылып жатыр. Сегіз бұрышты бағындырамын деушілердің қатары болса күн санап артып келе жатқандығы баршаға белгілі.


Жоғарыда айтылған бокс, күрес, ауыр атлетика залдарында нәзік жандыларды кездестірсеңіз таң қалмайтын заман қазір. Ал қыздарға үйлесімді көркем гимнастиканың спорт әлемінде алатын орны бөлек. Төрт жылда бір өтетін Олимпиада ойындарының бағдарламасына да енген спорт түрі бұл.

 


Көркем гимнастика демекші, қыз балаларға қажет емес деген пікір айтуышлар да кездеспейді емес. Бірақ бір адамның пікірі он адамның ойын білдірмейді. «Талғамда талас жоқ» демекші, кімнің қай спорт түрімен айналысамын десе өз еркі.


Спорт әлемінде көркем гимнастиканың алатын орны ерекше, талайды таңдай қақтырып жүргендер Ресей, Белорусь, Украина, Қытай, АҚШ, Еуропа елдерінен шығып жүр. Ал біздегі жағдай қалай? Неге күні бүгінге дейін олимп биігін бағындырған қазақтың қызы жоқ деген сұрақтың көпті мазалап жүргені айдан анық.


Айтпақшы, еліміздегі көркем гимнастика десе әлбетте есімізге Әлия Юсупова түсетіні сөзсіз. Ол 2000 жылы Австралияның Сиднейінде өткен олимп ойындарына қатысқаны белгілі. 2004 жылы Грекияның Афина шаһарында өткен жазғы олимпиада ойындарында 4 орынға тұрақтаса, 2008 жылы Бейжің олимпиадасында 5 орынға тұрақтаған еді.


Еліміздің үздік спортшысы, еңбек сіңірген спорт шебері атанды. «Құрмет» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Жасыратын несі бар, әзірге еліміз бойынша Әлия Юсупованың жетістігін қайталаған гимнастшы жоқ.


Алайда Әлияның спортта жүріп өткен жолын, қала берді бағындыра алмаған биіктерін бағындыратын болашақ Әлем және Олимпиада жеңімпаздарының қасиетті Маңғыстау өңірінен шығатынына Гүлзира Ақжігітова кәміл сенеді. Оның тілегіне біз де қосыламыз және Маңғыстауда көркем гимнастиканың болашағы жарқын екендігіне сеніммен қараймыз.



Кәмшат Ізбасарова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі



Суреттерлі түсірген автор

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему