Өнерсүйер қауымды ләззатқа бөледі
30 Января 2018 (09:22) | 1596 | Автор: Нурганым Имашева
Сенбінің кешінде М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясының кіші симфониялық оркестрі Ақтау қаласының тұрғындары мен меймандарына керемет көңіл күй сыйлады. Аталмыш өнер ұжымы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында концерт дайындап, көрермендер назарына ұсынды.
Оркестрдің өнеріне бірнеше республикалық және Халықаралық байқаулардың лауреаты атанған дирижер Әділ Бестембеков жетекшілік етті. Кеш басында дирижер залдағы көрерменге сөз арнап, бағдарламаның үш бөліктен тұратыны, қандай шығармалар орындалатыны және солистер туралы аз-кем ақпарат беріп өтіп, симфониялық шығармаларды тыңдаудың ерекшеліктеріне тоқталды.
Концерт басталар алдында облыстық филармония директоры Бекбол Таңатарұлы Базарбаевпен кездесудің сәті түскенде:
-Бүгінгі концертте кіші симфониялық оркестрі көрермен қауымның назарына Л.В.Бетховен, В.А.Моцарт және П.И.Чайковскийдің атақты шығармаларымен қатар Иса Бөрінің «Мерекелік күй», К.Ахметовтың өңдеуіндегі қазақтың халық әні «Япурай, Е.Брусиловскийдің «Дударай» симфониялық поэмасын, Мұқан Төлебаевтың «Ақмарал» әнін және т.б. Қазақстан композиторларының өнер туындыларын ұсынатын болады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында концерттік бағдарламаны халыққа ұсынудағы мақсатымыз – көрерменге қазақ өнерінің, қазақстандық композиторлардың симфониялық туындыларын тыңдату, сол арқылы өз өнеріміздің насихатталуын, сонымен қатар облыстық филармония өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының, атап айтқанда кіші симфониялық оркестрі өнерпаздарының еңбегін Ақтау тұрғындары мен қонақтарына паш етіп, классикалық өнерді бағалап, түсіне білуге баулу, - деп мәлімдеді.
Концерт залы көрерменге лық толған бұл кеште орындалған әрбір шығарма мен әннен зор ләззат алып, ұйып тыңдаған халық өнерпаздардың биік өнеріне тәнті болды.
Вольфганг Амадей Моцарттың №29 симфониясы, кіші симфониялық оркестрдің жас өнерпазы Әміре Рысбаев орындаған «Аққу көлі» балетіндегі Петр Ильич Чайковскийдің «Неаполитанский танец» туындысы, оркестр шебер орындағанИса Бөрінің «Мерекелік күйі», Маңғыстаудың классикалық өнерінің жарық жұлдызы Шахаризада Сапарова сызылта салған М.Төлебаевтың «Ақмарал» әні патша көңілді көрерменнің көңіл-күйін дөп басып, өнердің биік шыңына самғатты.
Концерт аяқталған сәтте кештен алған әсерлерімен, өз ой-пікірімен бөлісуді сұрағанымызда Ақтау қаласының тұрғыны Мөлдір Омарова:
-Бүгінгі концерт тамаша өтті. Маған бағдарлама өте ұнады, себебі өзіміздің жанымызға жақын әуендер ойналып, ұлттық танымымызға сай әндер шырқалды. Оркестрдің өнерпаздарына шексіз алғысымды білдіремін. Тамаша көңіл-күй сыйлағандары үшін.
Өзім өнер адамы емеспін, классикалық өнерді күнде болмаса да, анда-санда тыңдаймын. Шығармалар мені мұндайда ерекше көңіл-күйге бөлейді, жан-дүниемді баурап алады. Осындай концерттердің жиі болуын қалаймын,- деген ойымен бөлісті.
Классикалық өнердің құдыретіне, сиқырлы саздың сызылған әуеніне бөленген көрермендер өнер ордасынан риза болып тарқасты.
Суреттерді түсірген автор
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему