Маңғыстаулық жас теннисшілер республикалық турнирден олжалы оралды
12 Октября 2017 (09:26) | 1949 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстаулық мүмкіндігі шектеулі балалар республикалық деңгейде теннистен өткен турнирде топ жарып, 14 медальдің иесі атанды.
Жарысқа Астана қаласы мен Маңғыстау, Павлодар, Қарағанды облыстарындағы арнайы түзету мектептері, мектеп-интернаттары, психоневрологиялық интернат үйлерінің 35 тәрбиеленушісі қатысты. Олардың арасынан маңғыстаулықтар 5 алтын, 5 күміс және 4 қола медальды олжалап, аймақ абыройын асқақтатты.
-Маңғыстау облысының құрамасында Ақтау қаласы, Мұнайлы мен Қарақия ауданынан келген 16 жас өнер көрсетті.
Жарысқа мықты дайындықпен келгендерін дәлелдеп, оқушыларымыздың 14-і жүлделі орындардан көрінді. Қынжылтатыны, жыл өткен сайын мүмкіндігі шектеулі балалардың қатары көбеюде және олардың аурулары күрделене түсуде.
Республикалық және халықаралық жарыстарға қатысу үшін команда жасақтау да қиынға соғып тұр. Оның үстіне өзіміздің дайындалатын жеке ғимаратымыз жоқ. Қаладағы спорт кешендерінің басшыларына барып жаттығу залдарына дайындалуға рұқсат сұраймыз.
Мүмкіндігі шектеулі балаларымыздың көпшілігі ауылдық жерлерде тұратыны да бізге қиын. Апарып, алып кететін арнайы көліктеріміз де қарастырылмаған.
Десе де, біздің балалардың жарыстарға қатысуына қолдау көрсетіп жүрген демеушілеріміздің барына шүкіршілік айтып, оларға ризашылығымызды білдіреміз,-дейді «Спешиал Олимпикс» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық филиалының директоры Марина Жарылғас.
Екі күнге созылған жарыстың қорытындысында маңғыстаулық Ердәулет Жұбатқанов, Нұрғиса Хайтбай, Сұлтан Исқақов, Жамила Бегешова, Наталья Шевелева алтыннан алқа тағып, абсолютты чемпион атанды.
Күміс медальға Бахтияр Бахыт, Айболат Эрмухамедов, Бекзат Арғынбаев, Назгүл Оразова, Зарина Клевцова қол жеткізді.
Бекзат Бейим, Ыбырай Дінмұхамедұлы, Фарида Төлепбергенова, Әсел Жақсылық қола жүлдені қанағат тұтты.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему