Қарияларға қуаныш сыйлады
2 Октября 2017 (11:12) | 2347 | Автор: Нурганым Имашева
Жыл сайын 1 қазанда атап өтілетін Халықаралық қарттар күні қарсаңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаменті «№2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде (қариялар үйі) «Үлкенге-құрмет» атты қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Шараға мемлекеттік органдар басшылары, мәслихат депутаттары, саяси партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени және діни бірлестіктердің өкілдері қатысты.
Мерекелік кешке жиылғандар алдында сөз сөйлеген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрайымы Нұргүл Жанназарова:
-Бүгін біз – мемлекеттік қызметшілер елде болып жатқан, Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында және жалпы мемлекеттік қызметшілердің аға ұрпаққа деген көңілінің мол екендігін көрсету мақсатында осы шараны бастап отырмыз. Бүгінгі акция – бір жолғы акция болмайды. Біз қарттар орналасқан осы шаңыраққа келіп, барлық мемлекеттік органдар сіздердің хал-жағдайларыңызды сұрап, моральдық болсын, материалдық болсын сіздерге қолдау көрсетуге әзірміз.
Осы ұсынысымызды қолдаған барлық мемлекеттік мекемелердің басшылары осы жерде. Қазақ халқы қашан да үлкенді сыйлаған, «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп бекерге айтылмаған. Ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты аналарымызды біз әрқашан құрметтейміз, Мерекелеріңз құтты болсын! Ешқашан ауырмаңыздар, көңіл-күйлеріңіз үнемі көтеріңкі болсын,-деді.
Бұдан соң қарияларды мерекесімен облыстық мәслихат депутаты Меңдібаев Абзал Меңдібайұлы, облыстық Әділет Департаменті басшысының орынбасары С.Көпжасаров, аймақтың еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.
Қариялар үйінің тұрғыны Нұржан Аққали:
-Бүгін бізді мерекемізбен арнайы құттықтап келіп жатқан мемлекеттік қызметшілердің баршасына да үлкен алғысымды білдіремін. Көңілімізді көтеріп жатқаныңыз үшін көп рахмет!- деп ризашылығын білдірді.
«№2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының» (қариялар үйі) директоры Күләш Күмісбекқызының мәлімдеуінше, «Бүгінгі таңда қариялар үйінде 96 қызмет алушы бар. Олардың 53-і ер адам болса, 42-сі әйелдер. Әр түрлі ұлттың өкілдерінен тұратын мұндағы адамдардың көпшілігі зейнеткерлер, ал қалғандары 1-2 топ мүгедектері. Орталықта қариялар үшін үй жағдайына жақын жағдайлар жасалған».
Қайырымдылық шарасының барысында «Қариялар үйінің» тұрғындарына медициналық қарау жүргізіліп, салтанатты кеш өлкемізге белгілі өнер жұлдыздарының мерекелік концертіне жалғасты. Концерттік бағдарламаның қарияларға ұнағаны соншалық, көбісі ортаға шығып, көңілді әуен ырғағына қосылып, акцияны ұйымдастырушылармен бірге би биледі.
Концерттік бағдарлама аяқталған соң қариялар мерекелік дастарханнан дәм татты.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңесінің төрайымы Н.А. Жанназарованың айтуынша, «Акцияның мақсаты – Елбасымыздың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында, мемлекеттік қызметшілердің тек қызметте ғана емес, қоғамда белсенділігін, отансүйгіштігін нығайту, өлкемізде елдің рухани жаңғыруына, салт-дәстүрі мен ата тәрбиесінің бұзылмауына өз үлесіміздіқосу және тұрғындар арасында мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру.
Облыстағы барлық мемлекеттік органдар акция шеңберінде тағдыр тәлкегімен арнаулы әлеуметтік орталықтың тұрақты тұрғыны болған қарияларға мемлекеттік органдардың шефтік қамқорлығын тұрақты түрде ұйымдастыратын болады».
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему