Ұмытылмас сапар
Курс валют в Актау
на 28/11/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
28 Ноября, 11:45
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Ұмытылмас сапар

24 Июля 2017 (12:41) | 1828 | Автор: Нурганым Имашева

Бүгінде әлем қауымдастығы көз тіккен, Қазақстанның атын бүкіл әлемге әйгілі еткен елордадағы «ЭКСПО – 2017» мамандандырылған көрмесін өз көзімен көріп қайтқан маңғыстаулықтардың қатары аз емес. Олар көрмеден не көріп, қандай ой түйіп қайтты? Осы орайда газет оқырманынан редакцияға келіп түскен төмендегі хатты жариялап отырмыз. Көрмені тамашалап қайтқандар өз алдына, ал ол жаққа әлі жол түсе қоймаған ағайындар осы баяндаудан біраз мағұлмат алар деген үміттеміз.

 

 

5 – і шілде деген күні «Маңғыстау - Астана» поезымен Елорданың «Нұрлы жол» теміржол вокзалына келіп түстік. Жаңа заманауи жаңалықтарына жауап беретін бірнеше қабаттан тұратын жаңа вокзал алаңы да таңдай қақтырарлық үлкен ғимараттардың бірі екен. Сөйтіп аман – есен жетіп, бір күн тынығып, келесі күні Астана күні мерекесі – 6 шілде күні «ЭКСПО – 2017» мамандандырылған көрмесін аралауға шықтық. Көрме ауласына келген сәттен – ақ бізді жол сілтеуші, Астана жастарынан іріктеліп алынған еріктілер /волонтерлер/ қыз – жігіттер жылы жүзбен қарсы алды. Ең алдымен Қазақ ұлтының бас павильон ғимараты «Нұр әлемге» қарай бет алдық. Мұнда халықтың ағыны аз емес екен. Жарты сағаттай кезек күтуге тура келді. Көрменің архитектуралық символына айналған алып шар тәрізді ғимараттың биіктігі 100 метр болса, диаметрі 80 метр. Ұлттық бас павильон ғимараты – әлемдегі ең үлкен сфералық /барлық нүктелері орталықтағы нүктеден бірдей қашықтықта болатын тұйық шар/ ғимарат екен. Сфера сегіз қабаттан тұрады. Мұның әрбір қабаты балама электр қуатының бір түрін көрсетіп тұр. Бірінші қабатта гидроэнергетиканың, екінші қабатта күн энергетикасының, үшінші қабатта жел энергетикасының, төртінші қабатта биоэнергетикасының және басқа да қуат көздерінің жетістіктері көрініс тапқан. Әрбір қабатта осындағы құбылыстарды, қызықты жәйларды түсіндіретін мамандар қалтқысыз қызмет етеді. Сауалың болса тез жауап береді. Бұл ғимараттың сыртқы бөлігін қаптаған шыны материалдары фотоэлектрлі қабыршақтармен әрленген. Сөйтіп ғимараттың сыртқы қабаты күн энергиясын тұтынып оны электр энергиясына айналдырады екен. Ал ғимараттың үстіңгі қабатында екі жел генераторы орналастырылған. Ғимараттың сыртқы пішіні жан – жақтан соққан желді бір арнаға бағыттап жел генераторларының жұмысын жүйелеп отыруға арналған. Түнге қарай бұл ғимарат түрлі – түсті түрге еніп, сансыз сәулелермен құлпыратынына куә болдық.

 

Қысқасы, әр қабат ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетикалық энергия сынды әртүрлі тақырыпқа арналған. Біз алғашында бірден 8 – і қабатқа көтерілдік. Бірнеше лифт жұмыс жасап тұр. Бұл қабат «Болашақ - Астана» деп аталады. Келушілердің көпшілігінің қызығушылығын тудырған дүние – шыны әйнектен жасалған көпір болды. Аяғының астына қарасаң 1 – қабаттағы қозғалысты көресің. Төмен қарай берсең басың айналатындай, ерекше сезімде боласың.

 

Жел энергиясы бөлімінде «Бофорт шкаласын сезіну» атты арнайы бөлме бар. Бофорт шкаласы әлем бойынша құрлықта да, теңізде де жел күшін өлшеуге арналған жүйе. 1806 жылы британдық адмирал Фрэнсис Бофорт ойлап тапқан. Бофорт шкаласы жер үстінен 10 метр қашықтықта өлшенген жел жылдамдығының орташа мәнін көрсетеді. Бұл бөлмеде баяу және салқын самалдың, қатты желдің қуатын сезінуге болады.

 

Павильонның әр қабатында келушілерге арналған түрлі ойындар да бар. Мәселен биомасса бөлімінде алып экран бетінде өсімдікті қорғауға, аялап өсіруге бағытталған ойынды ойнап жүргендерде жетерлік. Алдымен қазақ, орыс, ағылшын тілінің бірін және өсімдікті таңдайсыз. Сосын сол өсімдікті қимыл – қозғалыс, би арқылы өсіріп, оны жаңбырдан, жан – жануардан қорғауыңыз керек. Неғұрлым тезірек билеп, қозғалсаңыз, өсімдігіңіз де соғұрлым биіктей береді. Сондай – ақ күн энергиясы бөліміндегі екі ойыншық көлікті жарық түсіру арқылы жүргізіп, жарыстыру ойыны да ептілікті, жылдамдықты қажет етеді. Қазақ павильонында салт – дәстүрді насихаттайтын, ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетиканы сандық, мультимедиялық және интерактивті технологиялар арқылы санаға сіңдіретін дүниелер өте көп. Қазақ павильонын тездетіп аралап шығу үшін кемінде үш сағаттай уақыт керек болды.

 

Келесі көргеніміз Германия павильоны болды. Бұл ел қауіпсіз, экологиялық тұрғыда таза және экономикалық тұрғыдан табысты, келешектегі жолында әлем бойынша ең озат елдердің қатарында тұр. Көрме «ақылды» электр жүйесінің кеңейтілуіне арналып, электромобильділіктің маңыздылығын баса көрсетіп, энергия тиімділігін арттыру үшін әсерлі іс-шараларына назар аударылған. Мұнда павильонды аралап шыққан соң «Энергетикалық шоу» ұсынылады. Ол үшін келушілер дөңгелек үстелге осындағы арнайы құралды бірдей орнату керек. Сонда әлгі құралдар арқылы зарядталған жарық импульстеріне түрлендіріліп, керемет лазерьлік шоу көрсетіледі.

 

Жапония павильоны да ғажайып қызықтарға толы. Жапон қыздары «Сәлематсызба, қош келдіңіз!» деп иіліп қарсы алады. Сосын өздерінің 1960 жылдан бастап қалай қарқынды дамығандары, 1970 жылы өңделмеген мұнай бағасы қымбаттап, энергия үнемдейтін автокөліктер мен тұрмыстық техникаларды шығаруға ден қойғандарын жалпы дамудың жаңа жолына қалай түскендерін көрсететін слайдкөрсетілім арқылы жайып салады. Сондай – ақ жапондықтардың үйде қалай энергияны үнемдейтініне куә болып, арнайы көзілдірік арқылы сутегі энергиясына саяхат жасай аласыз.

 

Франция павильонына келгенде едендегі шеңбер ішінде төрт елдің туы көрсетіледі. Шеңбердің шетінде тұрып, қазақ, орыс, ағылшын және француз туының тұсына келгенде алақаныңызды жайсаңыз, сол тілде қос уысыңызда болашақ энергия туралы көрсетілім болады.

 

Африка павильондарына келгенде Уганда, Конго, Нигерия тағы басқа да елдердің салт – дәстүрлеріне, ұлттық нақыштарына куә болдық. Уганда халқының өнер шеберлері өнер көрсетіп жатты. Біз қайда барсақ та қазақ қыздары мен жігіттері тілмәштық қызмет атқарып тұрды. Бәрі де ілтифатты.

 

Өзбекстан павильонында күн сәулесімен қуаттандырылып жүретін электромобиль автокөлікті тамашалаушылар өте көп екен. Мұндай көліктер бұл елде 2030 жылы сатуға шығарылмақ екен. Сондай – ақ күннен қуат алатын экокапсула «ақылды үй» жобасы негізінде дайындалған инновациялық құрылғы да таңданыс туғызды. Бүл экспедицияға шығатын адамдарға, әскери қызметкерлерге таптырмас көлік көрінеді.

 

Үндістан павильоны да ерекше есте қаларлықтай екен. Үнділер баламалы және жаңартылған энергия көздері саласындағы өздерінің ең үздік өнімдері мен технологияларын әкеліпті. Үндістан халқының мәдениеті мен салт -дәстүрлері туралы естіп те көріп те жүрміз. Ән мен би, ұзын сарилер мен әшекей, түрлі түске боялған әдемі әлем – осының бәрін «ЭКСПО» көрмесінен көре аласыз. Әлемге танылған үнді шәйі мен тәттілерінің түр – түрі де павильонда толып тұр. Ақшаң болса бәрі де бар.

 

Иә, ЭКСПО – 2017 –ні бірер күнде аралап шығу мүмкін емес. Біздер павильондардың бірқатарын шолып қана өттік. Мұнда павильондарды аралап шығу үшін екі – үш күндеп жүргендер де аз емес. Көрмеге кіру билет құны – 4000 теңге, демалыс күндері – 6000 теңгені құрайды. Көрменің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы өзекті мәселе. Бүгінгі таңда «жасыл энергия» мәселесі дамыған елдерде ғана емес, сонымен қатар дамушы мемлекеттерді де қызықтыруда. 115 елдің арасынан әлемдік ауқымдағы 22 компания осы көрмеге қатысып отыр.

 

«ЭКСПО - 2017» мамандандырылған көрмесі ерекше есте қаларлықтай болды. Дәлірек айтқанда мүны көргенде арман да, көрмеген де арманда. Павильондарды аралап жүрген шақта шаршағаныңды ұмытып кетесің. Жан – жағың ән – думан, неше түрлі ойын – сауықтар, мың сан түрлі ұлт өкілдері. Танысын – танымасын амандасып, қол алысатындар да аз емес. Барлығы да бейбіт өмірді қалайтын, адал ниетті адамдар екені аңғарылады.

 

Менің жүрегімді ерекше мақтаныш сезімі биледі. Бұл Тәуелсіздіктің жемісі. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өлшеусіз баға жетпес еңбегі. Адамзат ақыл – ойыныңтамаша табыстарының бірі болып тарихта қалмақ. ЭКСПО көрмесін ұйымдастырудың 165 жылдық тарихында Орталық Азия аумағы, тіпті ТМД мемлекеттерінің ешқайсысында да мұндай көрме жалауы желбіреген жоқ. Ал көрмеге келген мемлекеттердің ортақ мақсаты – болашақ энергия көзін табу. «Болашақ энергиясын» көзімізбен көріп, келешектің кемел болатынына көз жеткізу үшін біз де Елордаға барып, халықаралық көрменің тынысымен танысып қайттық. Біз мұнда маңғыстаулықтарды да көп кезіктірдік. Олар да таңданыстарын жасыра алмады.

 

Мың рет естігеннен бір рет көзбен көргенгенге не жетсін, шіркін...!

 

Шолпан Қонарбаева,

Ақтау қаласы

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему