Маңғыстау мектептерінің басшылары оқытылды
13 Апреля 2017 (17:53) | 2275 | Автор: Нурганым Имашева
Облыстық білім басқармасы мен «NCOC» компаниясының ұйымдастыруымен Ақтау қаласындағы №5 мектеп базасында «Мектеп басшыларының» семинары болып өтті.
Семинарды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева ашты. Бұдан соң Алматы қаласындағы «Сorporate Project Solutions»компаниясының атқарушы директоры Назгүл Кертаева сөйлеп, семинар-тренингтің мектеп басшыларының кәсіби өсулеріне, көшбасшылық қасиеттерін арттыруға және тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылып отырғандығын айтты.
Облыстық білім басқармасы мен өндірістік «NCOC»компаниясының демеушілігімен ұйымдастырылған «Мектеп басшылары» семинарында Алматы қаласындағы «Қайнар» университетінің өкілі, психология ғылымдарының кандидаты Ләззат Көмекбаева, тренер-лекторлар Кенжегүл Жақсылықова, Бағдагүл Сайфуллақызы, «FIRST COACH» Қазақстандық тренингтік орталықтың тренері Аслан Қанатовтар облысымыздың қала, аудандарынан келген 80 мектеп басшыларымен төрт күндік семинар -тренинг өткізді.
Семинарға қатысушы мектеп басшылары 4 топқа бөлініп, Қазақстан Республикасының ғалымдары мен жетекші тренерлерінен «Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында мектептің білім беру процесін басқару», «Мектептің білім беру үдерісін басқаруда жоспарлау, оны ұйымдастыру және бағалау», «Мектепте білім беру үдерісін басқарудағы басшының әлеуметтік-психологиялық қызмет бағыты», «Мұғалімнің кәсіби дамуын жетілдіру», «Мектепішілік бақылау және жоспарлау», «Тайм-менеджмент және өзін-өзі басқару» сияқты маңызды тақырыптардан практикалық кеңестер мен дағдылар алды.
Компания осы өңірдің білім саласының проблемаларын алыстан емес, көзбен көріп, 2006 жылдан бастап жұмыс жасап келеді.«Мұғалім», «Дарынды балалар», «Экология» атты әлеуметтік жобаларды жүргізіп, қазіргі таңда, Түпқараған ауданында және Ақтау қаласында жаңа формат бойынша «ҰБТ-ға қашықтықта дайындау» жобасын іске асыруда. ҰБТ-ның қорытындысы бойынша 2016 жылы Түпқараған ауданы облыста алдыңғы орынға шықты. Түпқараған ауданының білім бөлімі, аудандық әдістемелік орталығы, және ұстаздар мен мектеп әкімшіліктері жобалардың тиімділігін арттыруда.
Семинар -тренингте мектеп басшыларына арналған жұмыс жоспар жорналы таратылып, онда әр лектордың өткізетін семинар-тренинг бағдарламалары, жаттығулар, сұрақтар мен тапсырмалар жинақталып берілген.
-Мектеп орынбасарларына арналған семинарға алғаш рет қатысуым. Бұрын пән мұғалімдері ретінде семинарларға қатысқанмын. Қазір сабақтың жоспары мен формасы өзгерді.
Жаңаша оқытудағы ең басты назар аударатын мәселе – дағды. Бұрын біз дағдыға көп мән бермейтін едік. Енді дағдыны қалыптастыруды үйрендік.
Семинар-тренингтен өте көп жаңалық, білім алдық. Біздің білімге деген құштарлығымызды арттырып, өз уакытымызды тиімді ұйымдастырудағы дәріс берген тренеріміз Аслан Қанатовқа айтар алғысымыз мол!
Түсінбегенімізді қайта түсіндіріп, әр тыңдаушының санасына жеткізе білді. Семинар-тренинг аясында білімімізді одан әрі шыңдай түстік, әр сабақ тартымды, қызықты өтті,-дейді Ақтау қаласындағы «Мамандандырылған экономикалық лицей» КММ директорының орынбасары Нағима Бозайқызы Қауһар.
Маңғыстау ауданының Жармыш орта мектебінің директоры Сұлтан Қапашұлы:
-Мектеп басшыларына арналған семинар-тренинг жаңа үлгіде өтті. Көптеген мәселелерді жан-жақты талқылап, өзара тәжірибе алмастық. Мектептің білім беру процесін басқару, көшбасшылық және оның жеті шарты, мектеп жұмысын жоспарлау мен мониторинг жасаумен таныстық.
Бұл семинар-тренингтен мектеп басшыларының алары мен әсері көп болды. Семинар соңында тыңдаушыларға сертификат тапсырылды.
Бұдан соң «NCOC» компаниясының өкілі М.Еңсеева, «Сorporate Project Solutions» компаниясының атқарушы директоры Назгүл Кертаева сөйлеп, облыстық білім басқармасына және №5 мектеп әкімшілігіне алғыс айтты.
Семинар-тренинге қатысушылар атынан сөйлеген «Дарын» ОМИ директорының орынбасары Бақтылы Ахмет семинарды ұйымдастырушы облыстық білім басқармасы мен көп жылдан бері білім саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға демеушілік көрсетіп келе жатқан «NCOC» компаниясының өкілі М.Еңсееваға, лекторларға ризалығын білдірді.
Бұл жаңалықты біздің басылымға «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің білімін арттыру институтының Қоғаммен байланыс және баспа жұмыстары жөніндегі бөлімінің бас маманы Пернегүл ҚАРЖАУБАЕВА жолдады.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему