Балалар жарақатын емдеуге ерекше мән берілуде
12 Ноября 2018 (17:51) | 4042 | Автор: Нурганым Имашева
Жыл басынан бері Маңғыстау облыстық балалар ауруханасындағы травмпункттің қызметіне 11 940 бала жүгінген. Оның 163-і жол апатынан зардап шеккендер болса, тұрмыстық жағдайдағы жарақат саны-9.
-Биыл травматология-ортопедия бөлімінің қызметкерлері 770 балаға көмек көрсетті. Олардың ішінде нейрохирургиялық көмек 340 балаға көрсетілсе, 120 балаға ортопедиялық көмекке жүгінді, ал 310-ны травматолиялық көмек алды.
Бүгінгі таңда ауруханада 2 балалар травматологы мен 1 балалар нейрохирургы жұмыс жасайды,-дейді травматология-ортопедия бөлімінің меңгерушісі Құрман Қайранов.
Заман талабына сай білімдерін жетілдіріп, шеберліктерін шыңдау үшін аурухана дәрігерлері әр түрлі семинарға жиі қатысып отырады. Мәселен, травматолог-дәрігер Құрман Қайранов 2016 жылы Астана қаласында «Травматология және ортопедияда заманауи инновациялық технологияларды қолдану арқылы емдеу» тақырыбында өткен семинарға және биыл 24-28 қыркүйек аралығында Астана қаласында «Балалар мен жасөспірімдер хирургиясы. Өзекті мәселелер мен проблемалар» тақырыбында өткен семинарға қатысса, травматолог-дәрігер Манас Иниятов Алматы қаласында «Балалар жарақатының өзектілігі» тақырыбында өткен семинарда білімін жетілдірді.
Одан бөлек, биыл нейрохирург-дәрігер Ербол Кенжевалов Астана қаласында «Балаларда кездесетін туабітті орталық жүйке жүйесі ауруларын хирургиялық емдеу» тақырыбында өткен семинарда білімін арттырып, тәжірибе жинақтады.
Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сараптауынша жыл сайын әлемде жарақаттанудан 3,5 млн адам, оның ішінде жол апатының кесірінен 1,3 млн. бала өмірімен қош айтысады екен.
Бүгінде мамандарды алаңдататыны - балалар арасындағы жарақаттың жыл санап көбейе түсуі. Өйткені жарақат пен қайғылы жағдайлардың басым көпшілігі 3 жастан жоғары балаларда көп кездеседі.
Балалар өмірінде қайғылы жағдайлардың алдын-алу үшін облыстағы барлық медициналық мекемелерде «Сақ болыңдар балалар!», «Балалардың жарақат алуына жол бермейік» тақырыптарында видеороликтер көрсетілуде. Одан бөлек білім ошақтарында медицина қызметкерлері жарақаттанудың алдын алу мақсатында түрлі кездесулер мен оқу сабақтарын ұйымдастыруда.
Бұл туралы біздің басылымға Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметі хабарлады.
Суреттерді ұсынған Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему