Қылмыс жасап, темір торға қамалды
Курс валют в Актау
на 09/04/2020
 
392.46
397
 
445.47
451.15
 
5.45
5.72
Номер редакции: 8 (7292) 53 34 53
Номер журналиста: 8 707 900 67 10
Рекламный отдел: 8 707 040 14 81
site@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Четверг,
9 Апреля, 23:02
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Қылмыс жасап, темір торға қамалды

19 Января 2017 (10:50) | 975 | Автор: Нурганым Имашева

 

Қазіргі алмағайып заманда ешкімді ешнәрсемен таңқалдыра алмайсың. Қаншама адам бір сәтке шалыс басқан қадамының зардабын тартып, істі болып, темір тордың арғы жпғынан бір-ақ шығып жатқаны жайлы естіп-біліп жүрсек те, кейбіреулер үшін ол жағдайлар да сабақ болар емес.

            Әсіресе, мемлекеттік қызметте жүріп, Отан алдында атқарар қызметіме өле-өлгенше адал боламын деп серт берген, иығында погоны бар, қарулы күштердің сапында жүрген азаматтар адам айтса нанғысыз қылмыстық әрекеттерге барғаны жайлы естігенде «Өзгелерден не күтуге болады?» деген сауал көкейде тұратыны даусыз.

ҚАСАҚАНА ҚЫЛМЫС

            Бүгінгі мақалаға арқау болғалы отырған жайт - Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Маңғыстау облыстық Департаментінің үш қызметкері тарапынан 2015 жылдың 02 тамызында жасалған ауыр қылмыс, ол үшін кесілген жаза жайлы болмақшы.

            Болған жайтты басынан бастайық. 2015 жылдың 25 маусымында Н.К. есімді азамат ҰҚК Маңғыстау облыстық Департаментінің басшылығына Ақтау қаласының тұрғыны Ю.Ч. есімді азаматтың Жамбыл облысының аумағынан Маңғыстауға есірткі тасымалдауға қатысы бар екені жайлы мәліметті хабарлайды. Департамент басшылығы келіп түскен ақпараттың анық-қанығын тексеруді 02.04.2015 жылдан ұлттық қауіпсіздік майоры халықаралық есірткі бизнесімен күрес Басқармасының аға жедел уәкілі А.Б-ке тапсырады. Анықталған жайт бойынша, қажет болғанда Маңғыстау облыстық ІІД-нің есірткі саудасыиен күрес Басқармасымен бірлесіп әрекеттесу қажеттігі ескертіледі.

            Алайда аға жедел уәкіл А.Б. қылмысты анықтап, есірткі саудасына тосқауыл болуды ойлаудың орнына, болған жайтты өзінің жеке басының пайдасына шешу туралы қылмыстық әрекетке барады. Ол өзімен бірге қызметтес Е.К. пен Қ.П.-ті қылмыстық ойын бірлесіп іске асыруға көндіреді. Сөйтіп, күдікті болған Ю.Ч. есімді азаматтың Алматыдан Ақтауға келер күнін анықтап алып, үшеуі оны таңғы 05-00 шамасында үйіне кірер жерінде, подъезде аңдып отырып, қолға түсіріп, оған өздерін полиция қызметкерлеріміз деп таныстырып, ұстаған сәтте қолдарын артына қайырып, кісен салып, тұтқындау сәтін бейнекамераға түсіруді имитация жасаған. Сөйтіп, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 362 бабы 4 бөлігі 1,2,3 тармақтарымен, 125 бабы 2 бөлігі 1,3,8 тармақтарымен, 194 бабы 2 бөлігі, 1,2 тармақтарымен, 194 бабы 3 бөлігі, 2 тармағымен, 24-3 бабымен, 422 баптың 4 бөлігімен көзделген қылмысты жасаған.

            Содан үшеуі тұтқындаған Ю.Ч.-ды 11- ші шағынаудандағы жалдамалы пәтерге алып келіп, ұрып-соғып, электрошокерді қолданып, арқасын күйдірген және заңсыз адам ұрлау, қорлау сияқты қасақана қылмыстық әрекеттеріне қоса, Ю.Ч.-ға есірткіге ұқсас пакеттегі нәрсені көрсетіп, оның өзіне тиесілі екенін айтқызып, мойындатып, қорқыту арқылы одан алғашында 3 000 000 теңге берсең, босатамыз деп, бопсалаған. Артынша жәбірленуші азамат ондай сомадағы ақшасының жоғын айтқан соң, талап еткен қаржының мөлшерін 1500 000 теңгеге түсіріп, оған қоса Ю.Ч.- ның жеке иелігіндегі автокөлігін нотариус арқылы өздеріне аударып, тіркетуін талап еткен.

            Қасақана қылмыстық әрекетке барған топтың қатарындағы Е.Қ. есімді ҰҚК Маңғыстау облыстық Департаментінің екінші офицері 21.05.2014 жылдан бері ұлттық қауіпсіздік майоры діни экстремизм және терроризммен күрес Басқармасының аға жедел уәкілі лауазымында болған. Ал үшінші кейіпкер – Қ.П. - ҰҚК Маңғыстау облыстық Департаментінің 06.04.2015ж. бұйрығымен аға сержант шеніндегі Департаменттің материалдық-техникалық қамту бөлімінің коменданты қызметін атқарған.

            Қылмыстық әрекеттерін жалғастырған үшеуі ертеңгі күні Ю.Ч - ды қызметтік көлікпен жүріп, 26 шағынаудандағы нотариусқа алып барып, ол жерде көлікті өзгенің атына аударудың жайларын сұрап білген. Жәбірленушінің көлігі жөндеуде болып, өздерінің талап еткен 1500 000 теңге қаржысы жоқ болған себепті оған бір апта уақыт беріп, телефон арқылы онымен байланыстарын үзбеген.

            Ю.Ч. болса, ақшаны қайдан табарын білмей, қызметтестерімен ақылдасып, басынан өткен жайды айтып бергенде жолдастары оған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің теріс қызметтік әрекеттеріне тексеру жүргізетін өзіндік қауіпсіздік басқармасына арыздануға кеңес берген. Осы арқылы Ю.Ч.-ның шағымы бойынша қылмыстық топтың әрекеттері әшкере болып, ҰҚК Департаментінің қылмысқа қатысы бар екі қызметкері А.Б. пен Е.Қ тұтқындалған. Үшінші тұлға Қ.П.-тің қылмысқа қатыстылығ кейін сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары арқылы толықтай дәлелденіп, ол үй қамаққа алынған.

            Қылмысқа қатысы бар екендіктерін, әрине, олар бірден мойындай қоймаған, әртүрлі сылтауларды ойлап тауып, өздерінің қылмыс жасауды көздемегендеріне тергеушілерді сендіруге тырысқан, сол жауаптарын сот кезінде берген жауаптарында да қайталап, қанша бұлтарғанымен олардың қасақан қылмыстары 6-7 ай бойына жалғасқан тергеу кезінде толықтай дәлелденіп, үшеуіне қатысты қылмыстық іс Ақтау қалалық сотында тәжірибелі судья Галина Набидуллақызы Айжарикованың төрағалық етуімен қаралған. Тергеу жүріп жатқан сәтте Е.Қ. өздері ақша төлеуін талап еткен жәбірленуші Ю.Ч.-ға: «Біз саған 3 млн. теңге ақша береміз, арызыңды қайтып ал, жауаптарыңды өзгерт», - деп, қолқа салған. Алайда, осы әрекеттерінің тергеу амалдары жүріп жатқанда қылмыстарын мойындамаса да, өздерінің қылмыстық әрекеттерін әшкерелеуге негіз боларын, әрбір қадамдарының жіті бақылауда болатынын ойлауға шамасы келмеген.

ІСТІҢ СОТТА ҚАРАЛУЫ

            Бұл атышулы ауыр қылмыстық іс бойынша сот талқылауы басталған кезде жәбірленуші Ю.Ч. 12 мамыр күні кенеттен жүрегі тоқтап қалып, қайтыс болған. Сот отырысы кезінде жәбірленушінің әкесі оның өкілі ретінде сотқа қатысып, қылмыс жасап, баласы Ю.Ч-ды жәбірлегендерден 3000 000 моралдық шығынды өндіруді талап еткен.

            Сот отырысы кезінде өздерінің берген жауаптарында үш сотталушы да өз қылмыстарын толықтай мойындамаған. Алайда, болған жайтқа өкінетіндерін айтып, соттан жазаларын жеңілдетуді сұраған.

            -Үш сотталушының да қылмыстық әрекеттері сотқа дейінгі тергеу амалдары, қылмысқа қатысты айғақтар, фактілермен, аудио-бейне жазбалардың сараптамалық нәтижелерімен және т.б. айғақтар арқылы толықтай дәлелденген.

Сондықтан сотталушыларға жаза тағайындау кезінде сот жасалған қылмыстардың қоғам үшін қауіптілігінің сипаты мен дәрежесіне, кінәлілердің тұлғасы, олардың қылмысты жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлықтары, жаза мен жауапкерщілікті жеңілдететін және ауырлататын жағдайларға, сотталушыларға тағайындалған жазаның олардың түзелуіне, отбасылық жағдайына және олардың асырауындағы тұлғалардың жағдайына әсер етуі, сонымен қатар әділетті, түзелулеріне қажетті және жеткілікті, жаңа қылмыстық әрекеттерге баруының алдын алу принциптерін басшылыққа алды, -деп мәлімдеді сот отырысында төрағалық еткен Ақтау қалалық сотының судьясы Галина Айжарикова.

Судья Галина Набидуллақызының айтуынша, «Сотталушылардың жасаған қылмысы ҚР Қылмыстық Кодексінің 362 бабына сай, сыбайлас жемқорлық қылмысына жататындықтан, сот сотталушыларға жаза тағайындау кезінде қосымша түрде жеке басына тиесілі мүлкін тәркілеумен қоса, мемлекеттік қызметті атқару құқынан өмірбойына айыру жазасын қолдануды дұрыс деп санады және жасалған қылмыстың ауырлығын, мән-жайларын, оның қоғам үшін қауіптілігін ескере отырып, сотталушыларға бас бостандығынан айыру жазасы кесілуі тиіс деп шешті».

СОТ ҮКІМІ

            Қасақана қылмыстық әрекеттерді ұйымдастырған А.Б.-ты сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 362 бабы 4 бөлігі 1,2,3 тармақтарымен, 125 бабы 2 бөлігі 1,3,8 тармақтарымен, 194 бабы 2 бөлігі, 1,2 тармақтарымен, 194 бабы 3 бөлігі, 2 тармағымен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған осы баптар бойынша жеке өзіне тиесілімүлкін тәркілеп, мемлекеттікқызметтіатқаруқұқынанөмірбойынаайырумен 7 /жеті / жыл 6 (ай) мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазасын түзеу колониясының жалпы режимiнде өтеуге деп белгiледі.

            Келесі сотталушы Е.Қ.-ті сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 362 бабы 4 бөлігі 1,2,3 тармақтарымен, 125 бабы 2 бөлігі 1,3,8 тармақтарымен, 194 бабы 2 бөлігі, 1,2 тармақтарымен, 194 бабы 3 бөлігі, 2 тармағымен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған осы баптар бойынша жеке өзіне тиесілі мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметті атқару құқынан өмірбойына айырумен 7 /жеті / жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазасын түзеу колониясының жалпы режимiнде өтеуге деп белгiледі.

            Үшінші сотталушы Қ.П.-ті сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 362 бабы 4 бөлігі 1,2,3 тармақтарымен, 125 бабы 2 бөлігі 1,3,8 тармақтарымен, 194 бабы 3 бөлігі, 2 тармағымен көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған осы баптар бойынша жеке өзіне тиесілі мүлкін тәркілеп, мемлекеттік қызметті атқару құқынан өмірбойына айырумен 5 /бес / жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, жазасын түзеу колониясының жалпы режимiнде өтеуге деп белгiледі.

            Сот отырысына дейін үй қамақта болған Қ.П.- ті сот өз үкімімен сот залында қамауға алу туралы үкім етті. Сотталушының жазасын өтеу мерзімі сот шешімімен 2016 жылдың 3 мамырынан бастап есептелетін болды.

Прокурордың талап арызы бойынша 107 618,45 тенге көлеміндегі сот шығындарын үш сотталушыға тең бөлу арқылы мемлекет пайдасына өндіру туралы сот шешімі шығарылды.

            Р.S.Сөйтіп, қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланып, жеке басының қамын ойлап, бопсалау арқылы пайда табуды көздеген, адамды заңсыз ұрлап, қамауға алып, күш көрсетумен, қорқыту арқылы жеке көлігін иемденуді көздеген, кешегі күні тәп-тәуір қызметте, майор шенінде болған 2 аға жедел уәкіл және аға сержант шеніндегі бір комендант ауыр қылмыс жасау арқылы бүтіндей бір Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Маңғыстау облыстық Департаментінің атына кір келтірумен, елді шулатып, әрқайсы бірнеше жылды арқалап темір тордың арғы жағында жазасын өтеуге аттанып кете барды.

            Олардың артында тірідей күйікке батқан туыстары: аңыраған кәрі ата-анасы және көздері жаудырап, кәмелетке толмаған балалары қалды. Алайда, кешегі күні ауыр қылмысқа барған сәтінде сотталған үшеуі өз отбасыларына жасаған опасыздықтары туралы бір сәтке де болса ойланбағаны ғой. Ойланса, осындай ауыр қылмысқа барар ма еді?! Бірақ, енді оны ойлап, өкіну кеш....Қолмен жасалған ауыр қылмыстың жазасын – мойынмен көтеру ғана қалды.

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 747 353 00 03
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему