Маңғыстау жігіттерінің сұлтаны анықталды
26 Ноября 2016 (14:31) | 2840 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы, облыстық ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өңірде алғаш рет өндірістік кәсіпорындардағы жас мамандар арасында «Жігіт сұлтаны-2016» байқауы өтті. Шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.
Сайысқа «сегіз қырлы, бір сырлы» қасиеттеріне қарай арнайы іріктелген, сайдың тасындай, нағыз нар тұлғалы жеті жігіт қатысты. Олар «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Бұрғылау» ЖШС, «Бузачи Оперейтинг ЛТД» компания филиалы, «Ойл Транспорт Корпорейшэн» ЖШС, «Тұлпар Мұнай Сервис» ЖШС сияқты аймақтың ірі өндіріс ошақтарының намысын қорғады.
Сан алуан өнерлерін танытуға ұмтылған жігіттердің сайыстағы деңгейлерін 14 адамнан тұратын әділқазылар алқасы: Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Аманғали Нұрдаулетов, Маңғыстау облысының индустриалдық-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрбек Қарасаев, танымал әнші, ханзадалардың төресі Ғаділбек Жаңай, Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Қайрат Жанабеков, Астанадан келген «Қазақстан жастар конгрессі» заңды тұлғалар қауымдастығының атқарушы директоры Айдын Сәбитов, республикалық «Айқын» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Венера Мирлан, «Найза файтер» кәсіпқой спорт клубының жетекшісі Нұрбек Қарабалаев көмекшілерімен анықтап, әділ төрелік етті.
- «Жігіт сұлтаны» байқауы аймақта мұнайшылар арасында алғаш рет өткізіліп отыр. Дайындыққа қатты мән бердік, қатысушыларды вокалдан түбекке белгілі әнші Аида Байгелова, биден тәжірибелі хореограф Айнұр Сариева, домбырадан Мадина Утепова дайындап, жұмыстың жүйелі жүргізілуін Гүлмира Бурхандинова қадағалады. Бұл байқауда барлық жігіттер шығармашылық, тапқырлық, көшбасшылық қасиеттерін көрсетеді деп сенемін. Қатысушыларға сәттілік тілеймін.
Байқау кезінде қайырымдылық шарасын ұйымдастыруды да ойластырдық. Ол үшін залда көрермендерге арналып үш жәшік қойылған, жиналған қаржыны қаламыздың кішкентай тұрғыны Шапағаттың еміне жұмсау үшін анасына табыстаймыз. Байқауды тамашалау тегін ұйымдастырылған, - деді сайыс алдында сұхбат берген облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Аманғали Нұрдәулетов.
Облыстық ресурстық орталығы басшысының м.а Ерғали Әнесовтың айтуынша, «Өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отырған сайысқа өлкенің мұнай компанияларының жас мамандар кеңесінің мүшелері тартылды. Басты мақсат - Тәуелсіздіктің 25 жылдығын мерекелеудің мәні мен тарихи маңызын ашу, жастарды мәдени шараларға тарту арқылы, жұмысшы жастардың зияткерлік ойлау қабілетін арттыру, қоғамда белсенділік танытуға ынталандыру».
Байқауға қатысушылар өздерін әртүрлі әдіспен таныстыру (өлең жолдарымен, бейнебаян арқылы, рэп стиліндегі және т.б. әнмен), сұрақ-жауап бойынша интеллектуалдық деңгейлерін байқату, түрлі аспаптарда ойнап, әуелете ән салып, күмбірлете күй шертіп, түрлі ұллтық билерді билеп, өнерден де құр алақан емес екендіктерін танытып, 30 секунд ішінде 30 шеге қағудан, гір тасын көтеруден тапсырмаларды орындады.
Сұрақ-жауап бөлімінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, ЭКСПО-2017 көрмесі, ұлттық салт-дәстүр, ҚР Конституциясына қатысты қойылған сұрақтарға жауап беріп, интеллектуалдық деңгейлерінің де жоғары екенін көрсеткен жігіттер көрерменнің көзайымына айналды.
Тартысты өткен байқаудың қорытындысында бас жүлдеге «Қаражанбасмұнай» АҚ бұрғышысы Марат Мамбетов ие болып, «Жігіт сұлтаны» атанды.
- Сахнаға шығуға бар жауапкершілікпен дайындалдым. Дайындыққа 10 күндей уақытымыз кетті. Бәсекелес жігіттер де мықты болды. Олардан басым түсу үшін барымды салдым, өнер көрсетуде күй тарттым, берілген тапсырма бойынша 1 минутта 23 шеге қақтым, қарсыластарымнан бір саты жоғары болдым.
Гір тасын көтеруден де барымды салып, белгіленген уақытта 44 рет көтердім. Жалпы өзім қолым бос кездерде күй тартамын, қолөнермен айналысамын.
Мекемедегі мәдени іс-шараларға белсене араласамын. Алғашқы еңбек жолымды «Қаражанбасмұнай» АҚ мекемесінде 3-дәрежелі жөндеуші болып бастап, 5-ші дәрежелі бұрғышыға дейін көтерілдім.
Биыл мекеме арасында өткен «Жігіт сұлтаны» байқауына қатысып, бірінші орынды иеленген болатынмын. Бұл жолы да мекеменің намысын абыройлы қорғап, бас жүлдені еншілегеніме өте қуаныштымын, - дейді жеңімпаз жігіт Марат Мамбетов.
Екінші орынға «Бузачи Оперейтинг Лтд» компания филиалының 4-ші разрядты мұнай және газ өндіру жөніндегі операторы Асхат Төреғали лайық деп танылып, үшінші орынға «Тұлпар Мұнай Сервис» ЖШС ұңғыларды жерасты және күрделі жөндеу цехының бұрғышы көмекшісі Аманғали Қанатов көтерілді.
Бас жүлдеге - 150 мың теңге, екінші орынға - 100 мың, үшінші орынға - 50 мың, сондай-ақ, барлық қатысушуларға ынталандыру сыйлығы ретінде 10 мың теңге табысталды.
Фото автора
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему