Аяна, Даяна мен Раяна үйлеріне шығарылды
18 Января 2016 (10:09) | 1935 | Автор: Мира Ботабекова
Бала туу көрсеткіші бойынша елімізде алдыңғы қатарда тұрған Маңғыстау облысы мешін жылын да табысты бастады. Екі апта ішінде облыстық перинаталдық орталықта 800-ге жуық шақалақ дүниеге келген. Жаңа жылдың үшінші күні мұнда үшем туылды. Аяна, Даяна мен Раяна есімін иеленген сәбилер қасиетті жұма күні үйлеріне шығарылды.
Үшемді болған Шихшабековтер отбасында ұлан асыр той болды. Екі аптадай перзентханада жатқан үшем үйлеріне шығарылды. Мәлік пен Ақбибі қыздарына Аяна, Даяна және Раяна есімдерін беруді жөн көріпті.
- Мен үшем болатынын жүктіліктің 11-ші аптасында білдім. Алғашқыда сенгенім жоқ. Екінші рет УЗИ-ге түскенімде жатырда бір емес, үш баланың жатқандығын растап берді. Жүктілік жақты өтіп жатқан, тек соңғы аптада ғана ауыр болды,-дейді үшемнің анасы Ақбибі.
Ақбибі мерзімінен бұрын босанды. Іштегі балаларды аман алып қалу үшін дәрігерлер анасына кесір тілігін жасаған. Жарық дүние есігін бірінші болып ашқан Аянаның салмағы 2 келі 150 гр, ал екі сіңлісі 2 келі 50 грамм болып туылды.
- Жүктіліктің жетінші айында Ақбибінің жатырынан су кетіп, балаларды аман алып қалу үшін шұғыл түрде операция жасауға мәжбүр болдық. Үшем аман-есен туылды, қазір аналарының да, қыздардың да денсаулықтары жақсы,-деді облыстық перинаталдық орталық директорының орынбасары Роза Баданова.
Аяна, Даяна мен Раяна – биыл дүниеге келген алғашқы үшем. Ал, былтыр Маңғыстауда 113 егіз бен үш бірдей үшем туылған екен.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему