Аймақтық кәсіпкерлер палатасы жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған брифинг ұйымдастырды
8 Декабря 2015 (14:06) | 1693 | Автор: Нурганым Имашева
Жуырда Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасының директоры Жаңбырбай Доспаев бизнес субъектілеріне биылғы жылдың қорытындысы бойынша есеп беру жиынынан соң жергілікті БАҚ өкілдеріне арналған брифингті өткізді.
Баспасөз мәжілісіне аймақтық газет тілшілері және телеарналар журналистері қатысып, Палата басшысына өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, оларға тұщымды жауаптар алды.
Журналистер тарапынан қойылған сұрақтар қатарында екі жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан мерзімде кәсіпкерлер палатасының қатысуымен аймаққа қанша мөлшерде шетел инвестициясы тартылғаны, өңірде құрылуы қолға алынып жатқан индустриалды аймақтардың өлке үшін қаншалықты қажет екендігі, кәсіпкерлер құқығын қорғаудағы палатаның қол жеткізген жетістіктері, әкімшілік кедергілер, оларды жеңу жолдары, кәсіпкерлердің қатысуымен жылыжайлар салу арқылы жергілікті халықты көкөніспен қамту бағытындағы қадамдар, жер мәселесіне қатысты проблемалардың шешілуі, азық-түлікпен қамтамасыз етудегі кәсіпкерлердің жақын шетелдермен байланысуы арқылы мәселені шешу жолдары сияқты көптеген сауалдар қойылды.
Тілшілер сауалдарына тұшымды жауап берген кәсіпкерлер палатасының директоры Жаңбырбай Доспаев өңірдегі кәсіпкерліктің дамуының ахуалына, Палатаның екі жылдағы кәсіпкерлердің заңды құқығын қорғау бағытында атқарған жұмыстарына және жергілікті кәсіпкерлердің өз кәсібін дамытудағы тап болған түйткілдеріне кеңірек тоқталып өтті.
-Кәсіпкерлікті дамыту үшін, нарықта бәсекеге қабілетті болу үшін бизнес өкілдері тек қана өнімді өндірумен айналысып қоймай, сонымен қатар оны терең өңдеу ісіне мән бергендері жөн. Мысалы, сүтті өндірумен ғана шұғылданбай, оны өңдеудің әдістеріне, бәсекеге қабілетті өнім түрлерін көбейтуге тырысу қажет.
Мұнай компанияларына қызмет көрсететін кәсіпорындар да осыны ескергені жөн. Олар өз қызметтерін тиімді түрде ұйымдастыруды ойластырғаны абзал. Қиын-қыстау кезеңде өз еліміздің дамуына үлес қосуды ойлау керек.
Біздің кәсіпкерлеріміздің кейбіріне құқықтық, басқарушылық сауаттылық жетіспей жатады. Сондықтан олар өздері басқара алмаса, бизнесін дөңгелететін үздік менеджерлерді тартуы қажет. Сол себепті біз кәсіпкерлерге оқытуларды жиі ұйымдастырып отырамыз. Оларда бизнесті ұтымды ұйымдастыру жолдарымен таныстырамыз,-деді тілшілердің сауалына берген жауабында кәсіпкерлер палатасының директоры Жаңбырбай Доспаев.
Палата басшысының айтуынша, жылдан-жылға кәсіпкерлердің қызметін тексерулер саны азайып келеді, шетел инвестицияларын аймаққа тарту бойынша Өзен-Түрікменстан-Иран бағытындағы темір жолдың ашылуы өлкедегі кәсіпкерлікті дамытуға өз үлесін қоспақ, Дубайдан, Әзірбайжаннан хабарласқан кәсіпкерлер біздің аймаққа үлкен қызығушылық танытуда, өз кәсіптерін ашып, осында бизнестерін өрбіткісі келеді. Сол арқылы облыс экономикасына алдағы уақытта да көлемді шетел инвестициялары тартылатын болады. Аймақтағы құрылатын индустриалды аумақтардың қажеттілігі жайлы сөз қозғалғанда белгілі болғаны - олар өңірдің қарқынды дамуына өз септігін тигізіп, болашақта тиімді жобаларды қолға алуға зор мүмкіндіктер береді деп күтілуде.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему