Ақтауда туберкулездің алдын алу айлығын қорытындылауға арналған кең көлемді акция өтті
29 Марта 2014 (13:49) | 3908 | Автор: Редакция
Облыс орталығының М.Өскінбаев атындағы облыстық филармония залында денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының (ОСӨСҚПО) ұйымдастыруымен 23 ақпан мен 24 наурыз аралығында аймақта өткен туберкулездің алдын алу айлығын қорытындылаған «Бәріміз біргеміз-туберкулезді жеңеміз!» ұранымен кең көлемді акция болып өтті.
Шараға қала тұрғындары, мектеп оқушылары, студент жастар, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің дәрігер-мамандары және ОСӨСҚПО қызметкерлері қатысты.
Айлық аясында арнайы құрылған бағдарламаға сай іс-шаралар ұйымдастырылып, «Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күніне» орай барлық қалалық, аудандық емдеу-сауықтыру мекемелерінде «Ашық есік» күні өткізіліп, дәрігерлер тұрғындарды тегін қабылдап, кеңес берді.
Сондай-ақ, облыс колледж, лицей, №23, №11, №12, №17, №3, №22, №15 гимназия-мектептерінде «Туберкулездің алдын алайық!» тақырыбында диктант, шығарма, мазмұндамалар жазып, студенттер мен оқушылар туберкулез ауруы туралы мәліметтер алды.
Акция барысында облыс тұрғындарына арналып емдеу-сауықтыру мекемелері тарапынан ұйымдастырылған «Ашық есік» күні шарасының ең үздігі анықталды. Бұл номинация бойынша Мұнайлы аудандық ауруханасы І жүлделі орынды жеңіп алса, ІІ орын Ақтау қалалық №2 емханасына бұйырып, ІІІ орынға Қарақия аудандық ауруханасы лайық деп танылды. Жеңімпаздарға марапатты облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері Қуат Титанов табыстады.
Туберкулездің алдын алу айлығы аясында өткізілген диктант, шығарма, мазмұндамалар жазу сайысында жеңіске жеткен мектеп оқушыларын құттықтап дипломдар мен сыйлықтарды табыстаған Маңғыстау облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы директорының орынбасары Ұзақбаева Бану Сағындыққызы: «Құрметті оқушылар, жастар! Өздеріңізге белгілі Елбасымыз өзінің биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауында медицина саласына көптеген міндеттер жүктеген болатын. Халық денсаулығын сақтауға, осы бағыттағы іс-шараларды белсенді түрде ұйымдастыруға және тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, спортпен шұғылданып, өз денсаулығын нығайтуға көп көңіл бөлінуіне басты назар аударды. Бүгінгі шарамыздың басты мақсаты-туберкулез ауруын болдырмау. Сондықтан жастар, сіздерге айтарым-өз денсаулықтарыңыздың мықты болуына көбірек мән беріп, темекі, ішімдік сияқты жаман әдеттерден аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға тырысыңыздар, ауырмаңыздар. Жастар-біздің болашағымыз. Осы шараны ұйымдастыруға үлкен үлес қосқан «Ұрпақ Next» жастар қоғамдық қорына алғысымызды білдіреміз»,-деді.
Оқушылар арасында үздік мазмұндама жазудан жеңімпаз атанғандар қатарында №14 орта мектептің 6 А сынып оқушысы Мусина Альбина (ІІІ орын), №3 орта мектептің 8 А сынып оқушысы Елубаева Аида (ІІ-орын), №12 орта мектептің 9 В сынып оқушысы Сайранова Мейрам (І орын), диктант жазудан жүйрік шыққандар қатарында-№14 орта мектептің 8 Ә сынып оқушысы Темірбекова Айжан (ІІІ дәрежелі дипломмен), №3 орта мектептің 8 б сынып оқушысы Қоңыратбаева Гүлзина (ІІ дәрежелі диплом) №12 орта мектептің 8 А сынып оқушысы Тілепова Салтанат (І дәрежелі диплом) марапатталды.
«Біз туберкулезді жеңеміз» тақырыбындағы үздік плакат аталымы бойынша облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің балалары марапатқа ие болып, оларға да сыйлық табысталды.
Байқау жүлдегерлерінің құрметіне арналған тамаша концерт көрсетіліп, қала мектептерінің оқушылары мен колледждерінің өнерлі жастары әсем әуезді әндерді шырқап, мың бұрала би билеп, кештің сәнін аша түсті.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Алмабек Бисен акцияға жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде: «Осыдан 10 шақты жыл бұрын біздің облысымыз туберкулез сырқатының таралуы, оның себебінен болатын өлім-жітімнен республика бойынша нашар көрсеткіштермен айқындалып, ең алдыңғы қатарда болушы еді. Ауру көрсеткіші 200-250 болып, одан болған өлім-жітім 40-50 көрсеткішін құрайтын. Содан бері қарай облысымызда жүйелі түрде көптеген шаралар ұйымдастырылып, туберкулез көрсеткіштері бойынша біздің өңірдің жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 100 мың адамға шаққанда туберкулездің көрсеткіштері 77,1 пайызды құрады, ал одан болатын өлім-жітімнің көрсеткіші 6,9 пайыз болды, яғни соңғы 10 жыл ішінде облыста сырқаттың 10 есеге азайғаны байқалады.
Елімізде, соның ішінде біздің аймақта туберкулезге қарсы көптеген шаралар алынды. Жаңа емдеу-сауықтыру мекемелері салынды. Мысалы, осыдан 3-4 жыл аралығында Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауданында жаңа емдеу мекемелері салынып, пайдалануға берілді. Облыстық туберкулезге қарсы диспансері күрделі жөндеуден өткізілді. Биылғы жылы облыстық әкімшіліктің қолдауымен 280 млн. теңге қаржы бөлініп, облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің зертхана корпусы салынып, балалар бөліміне күрделі жөндеу жасалмақшы. Осындай түрлі шаралардың арқасында жылдан-жылға аймақтағы туберкулез ауруының көрсеткіштері бірте-бірте төмендеп келеді»,-деп атап өтті.
Маңғыстау облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының мамандары акцияға қатысқан жастарға, мектеп оқушыларына, шараға келген қала тұрғындарына туберкулез ауруынан сақтану жолдары көрсетілген ақпараттық буклеттерді таратты.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему