Ақтаудадзюдодан халықаралық турнир басталды
14 Мая 2015 (17:10) | 1549 |
Автор: Нұрганым Имашева
Бүгін Ақтау қаласында халық батыры «Ер Қосай Құдайкеұлы» атындағы дзюдодан байрақты бәсеке басталды.
Халықаралық турнирге еліміздің Қызылорда, Тараз, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының және Түркия, Әзірбайжан мемлекеттерінің 1997-1998 және 2002-2003 жылы туылған палуандары қатысуда.
Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында дәстүрлі түрде жетінші рет ұйымдастырылып отырған жарыс «Жастар» спорт кешенінде өтуде. Аталмыш жарыста 12 салмақ дәрежесінде 274 палуан күресуде.
Турнирдің ашылу салтанатында облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, облыстық спорт басқармасы басшысының орынбасары Рушания Елизарова, Маңғыстау облысы самбо федерациясының вице-президенті Нұрпейіс Сәрсенбай құттықтау сөз сөйлеп, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысты ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, «Халықаралық деңгейде өткізіліп отырған турнирдің басты мақсаты-көршілес елдердің өзара ынтымағы мен қарым-қатынасын нығайтып, жасөспірім спортшылардың біліктілігін шыңдау».
Облыстың дзюдодан жасөспірімдер арасындағы аға бапкері Манарбек Бисекенов:
-Бұл турнир алғашында республикалық, халықаралық деңгейде Шетпеде өткізілді. Қолдау тапқаннан кейін турнирді соңғы екі жылда Ақтау қаласында ұйымдастыруды қолға алдық. Өткен жылы біздің облыстың палуандары командалық есепте бірінші орынды иеленген болатын. Бұл жолы да жерлестеріміз намысты қолдан бермейді деп сенеміз. Облыс құрама командасының сапында күресіп жатқан палуандар Рамазан Мамаев, Сұңғат Жұбатқан, Руслан Мұсаев, Ақылбек Айжарықовтан үміт күтеміз,-дейді.
Аталмыш жарыстан топ жарып, жеңімпаз атанғандарға «Спорт шеберіне үміткер» деген атақ пен ақшалай сыйлықтар табысталады.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему