Достықтан басталған жол: Ақтөбелік алты түлек Оралда бірге әскери қызмет өткеріп жүр
29 Июня 2026 (16:33) | 1
|
Автор: Редакция
Кейде достық аудитория қабырғасымен шектелмейді. Бірге оқып, бірге арман қуған жандар өмірдің маңызды белестерін де қатар еңсеруді жөн көреді. Ақтөбе облысындағы колледждердің бірін тәмамдаған алты дос дәл осындай шешім қабылдап, мерзімді әскери қызметке бірге аттанды. Бүгінде олар Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімінде әскери өмірдің алғашқы мектебінен өтуде.
Жас жігіттер оқу бітірген соң өзара ақылдасып, әскери комиссариатқа бірге барған. Ортақ келісімнің нәтижесінде олар бір әскери бөлімге жолданып, бүгінде жас жауынгерлер даярлығы курсында иық тіресе өтіп жүр. Бұл кезеңде сарбаздар жалпыәскери жарғыларды меңгеріп, саптық және атыс даярлығынан өтіп, Ұлттық ұланның қызметтік-жауынгерлік міндеттерімен, әскери бөлімнің тарихымен және әскери қызметтің қыр-сырымен танысуда. Ал 25 шілде күні олар Әскери ант қабылдап, Отан қорғаушылар қатарына ресми түрде қосылады.
Бұл оқиғаның өзгелерден ерекшелігі – алты достың әртүрлі этнос өкілдері болуы. Олардың қатарында қазақ, орыс, неміс, кәріс, татар және украин ұлтының өкілдері бар. Ұлты әртүрлі болғанымен, мақсаттары ортақ. Оларды біріктірген – бала күннен қалыптасқан достық, өзара құрмет және елге адал қызмет етуге деген ниет.
Әскери бөлім басшылығы мұндай жағдайдың сирек кездесетінін айтады. Себебі мерзімді әскери қызметке бірнеше достың алдын ала келісіп келуі күнделікті өмірде жиі ұшыраса бермейді. Бұл – жастардың азаматтық жауапкершілігі мен патриоттық тәрбиесінің жарқын көрінісі.
Қатардағы жауынгер Виталий Анның айтуынша, бірге қызмет ету олардың жаңа ортаға тез бейімделуіне ықпал еткен.
– Біз колледжде бірге оқыдық. Әскерге де бірге келуді өзіміз ұйғардық. Мұнда бір-бірімізге қолдау көрсетіп, қажет кезде көмектесеміз. Жаныңда сенімді достарың болғанда әскери өмірге үйрену әлдеқайда жеңіл болады. Дегенмен әрқайсымыз әскери қызметтің үлкен жауапкершілік екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан қойылған міндетті сапалы орындауға күш салып келеміз, – дейді сарбаз.
Бір колледжден түлеп ұшқан алты достың оқиғасы – бүгінгі қазақстандық жастардың бойындағы патриоттық рухтың, достыққа деген адалдықтың және ел бірлігінің жарқын көрінісі. Олар бір сапта тұрып, бір тудың астында қызмет ете отырып, Отанға қызмет етудің шынайы мәні татулық пен бірліктен басталатынын ісімен дәлелдеп келеді.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему

Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz





