Ел үні — сенімді қорған астында
17 Марта 2026 (11:47) | 55
|
Автор: Лейтенант АБДРАСУЛ Абдрашит
Қазақстан Республикасында конституциялық жүйені дамыту мәселелері бойынша маңызды қоғамдық-саяси науқан — республикалық референдум өтті. Бұл оқиға демократиялық институттарды нығайту мен елдің Ата заңын жетілдіру жолындағы маңызды кезең болды.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері референдумға дайындық және оны өткізу кезеңінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге белсенді қатысты. Ұландықтар негізгі міндеті — тұрақтылықты сақтау, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ сайлау учаскелерінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету болды.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының құрамына Орал, Ақтау, Жаңаөзен, Ақтөбе және Атырау қалаларында орналасқан әскери бөлімдер кіреді. Аталған өңірлердегі бөлімшелер күшейтілген қызмет режиміне көшіріліп, бекітілген аумақтарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етті.
Дауыс беру күні Ұлттық ұлан әскері бөлімшелерінің жеке құрамы ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірлесіп қызмет атқарды. Әскери қызметшілер сайлау учаскелеріне іргелес аумақтарды патрульдеп, қоғамдық тәртіпті бақылап, кез келген құқықбұзушылықтардың алдын алуға жедел әрекет етті. Құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде дауыс беру үдерісі тыныш әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында құқықбұзушылықтардың алдын алу және азаматтар үшін қауіпсіз жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді. Әскери қызметшілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әрекет етіп, жоғары тәртіптілік пен кәсібиліктің үлгісін көрсетті.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығында жеке құрамды алдын ала даярлау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, нұсқамалар өткізіліп, міндеттер нақтыланып, құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл пысықталды. Бұл шаралар қызметтің нақты ұйымдастырылуына және қойылған міндеттердің тиімді орындалуына мүмкіндік берді.
Референдум қорытындысы көрсеткендей, мемлекеттік органдар мен күштік құрылымдардың үйлесімді жұмысының арқасында қоғамдық-саяси іс-шара жоғары деңгейде өтіп, қоғамдық тәртіп бұзушылықтарға жол берілген жоқ. «Батыс» өңірлік қолбасшылығының гвардияшылары ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрдайым дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы алдағы уақытта да қоғамдық тәртіпті сақтау, конституциялық құрылысты қорғау және қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бағытындағы маңызды міндеттерін абыроймен атқара береді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему

Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz





