Таңдау құқығына қатысты дау Қазақстандағы қарызды өндіріп алу жүйесін өзгертуі мүмкін
23 Октября 2025 (12:49) | 3847
|
Автор: Редакция
Қазақстанда бизнес пен мемлекет арасында құқықтық шиеленіс туындап отыр. Жиырмадан астам коллекторлық агенттік Әділет министрлігіне қарсы бірігіп, 2025 жылғы 1 қазанда шыққан №538 бұйрықтың күшін жоюды талап етіп, ұжымдық талап-арыз берді. Олардың айтуынша, бұл құжат Конституцияны бұзады және бүкіл қарызды өндіріп алу жүйесінің тұрақтылығына қауіп төндіреді.
Шиеленістің мәні
«Әділет министрлігінің бұйрығы бойынша, атқару құжаттары жеке сот орындаушылары (ЖСО) арасында борышкердің тіркелген жеріне қарай автоматты түрде бөлінеді. Яғни өндіріп алушы енді сот шешімін орындауды кімге сеніп тапсыратынын өзі таңдай алмайды.
Бұрын қарыз беруші жеке сот орындаушыларын беделіне, шапшаңдығы мен тиімділігіне қарай өзі таңдай алатын. Енді бұл таңдау алгоритмге ауыстырылды. Талапкерлердің айтуынша, бұл жай ғана бюрократиялық шара емес, сенім және кәсіпкерлік еркіндігі қағидатының өзіне нұқсан келтіретін қадам», – деп түсіндірді Қазақстан коллекторлары қауымдастығының төрағасы Мәулен Асқарұлы.
Бизнес неге алаңдайды
Коллекторлық агенттіктер мен несие ұйымдары бұл бұйрық жүйені сот орындаушысының жұмыс нәтижесі мен тиімділігі маңызды болмайтын әкімшілік үлгіге қайтарғалы отыр деп мәлімдеді.
«Біз реформаларға қарсы емеспіз. Біз адал, тиімді және заң шеңберінде жұмыс істеу құқығын қорғаймыз. Автоматтандыру орталықтандыру және бақылау құралына айналмауға тиіс», — делінген агенттіктердің ұжымдық мәлімдемесінде.
Олардың бағалауынша, атқару құжаттарын автоматты түрде бөлу жүйесін енгізу кері қайтарылатын атқару құжаттарының санын арттырып, қарызды өндіру мерзімінің ұлғаюына себеп болады, бұған қоса, сыбайлас жемқорлық көріністері мен әкімшілік қағазбастылық көбейеді.
Мәселенің құқықтық жағы
Талапкерлердің айтуынша, Әділет министрлігі заңда бекітілген тәртіпті өзгерту арқылы өз өкілеттігін асыра пайдаланып отыр. Талап-арызда көрсетілгендей, №538 бұйрық «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы», «Нотариат туралы» және «Құқықтық актілер туралы» заңдарға қайшы келеді.
Заңгерлер ешбір заңға тәуелді акт заңда белгіленген құқықтарды шектей алмайтынын, ал Министрлік жеке сот орындаушысын таңдау тәртібін реттейтін диспозитивтік нормаларды өзгертуге құқылы емес екенін алға тартады.
«Мұндай тәртіп өндіріп алушыларды сот шешімдерінің орындалуына ықпал ету құқығынан айырады. Ақыр соңында жеке орындаушылардың ынтасы төмендеп, жеке құқықтық практика идеясының мәні жоғалады», – деп түсіндірді «Эксперт Плюс» коллекторлық агенттігі» ЖШС бас директоры Асхат Усманов.
Жүйеге тигізетін әсері
Сарапшылардың айтуынша, бұйрықтың салдары коллекторларға ғана емес, барлық өндіріп алушыларға елеулі әсерін тигізуі мүмкін. Сот шешімдерін орындау жүйесіне деген сенім шайқалады, демек, Қазақстан нарығының инвестициялық тартымдылығына да қауіп төнеді.
Өндіріп алу мерзімінің ұлғаюы, ашықтықтың азаюы және сыбайлас жемқорлық қаупінің пайда болуы капитал айналымының баяулауына және әлеуметтік шиеленістің артуына себеп болуы мүмкін.
Әрі қарай не болмақ?
Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына ұжымдық талап-арыз берілді. Талап-арыз берушілер №538 бұйрықты заңсыз және жарамсыз деп тануды сұрап отыр. Сот тыңдаулары таяу апталарда өтеді деп күтілуде.
Әділет министрлігі бұл жағдайға әзірше ресми түсініктеме берген жоқ, бірақ ведомство өкілдері бұған дейін жаңа ереже сыбайлас жемқорлықпен күресуге және сот орындаушылары арасында жүктемені біркелкі бөлуге бағытталғанын мәлімдеген болатын. Ал нарыққа қатысушылар бұл кері нәтижеге әкелуі мүмкін деп санайды.
Контекст
Қазақстанда жеке сот орындаушылары жүйесі 2011 жылы әділ сот реформасының бір элементі ретінде құрылған болатын. Оның басты мақсаты — сот шешімдерін орындау тиімділігін арттыру. Орындаушыны таңдау құқығы бизнес пен мемлекет арасындағы сенімнің маңызды элементтерінің бірі болып саналған.
Енді бұл тепе-теңдік бұзылуы мүмкін дейді сарапшылар. Сот талапкерлердің позициясын қолдаса, бұл Қазақстандағы өндіріп алушылардың құқықтарын қорғауда маңызды прецедентке айналады.
Бұйрықты қарастыру және «Ашық нормативтік-құқықтық актілер» сайтында жариялау барысында көпшілікте мынадай сұрақтар туындады:
– Жеке сот орындаушылары институтының құрылғанына 15 жыл болды. Неге тек қазір ғана Әділет министрлігі атқару құжаттарын бөлу тәртібі «дұрыс болмады» деп шешіп отыр? Сонда осы жылдар ішінде Заң нормалары дұрыс түсіндірілмей келген бе?
– Неліктен осындай маңызды өзгеріс Заңға парламенттік түзетулер енгізу арқылы емес, заңға тәуелді акт арқылы енгізіліп отыр? Бұл заң шығару процедурасын айналып өту амалы ма?
– Алгоритмдерді және деректердің өңделуін адам бақылайтын болса, автоматтандыру субъективтілік факторын қалайша жоймақ? Бөлу алгоритмін кім әзірледі және оны тексеру механизмі қандай?
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему

Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz





