Ақтаулық оқушылар өз-өзін қорғау дағдыларына үйретілді
3 Марта 2015 (11:57) | 3210 | Автор: Нұрганым Имашева
1 наурыз күні әлемнің көптеген елдерінде Халықаралық Азаматтық қорғаныс ұйымының ұйымдастыруымен «Дүниежүзілік Азаматтық Қорғаныс» күні атап өтіледі.
Бұл мереке әлемдегі сан алуан елдердің табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алуға барлық күшті біріктіру, халықты, Азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдайлар (АҚ пен ТЖ) қызметтерін болуы мүмкін тосын оқиғаларға дайындауға бағытталған халықаралық акция болып табылады.
Халықаралық Азаматтық қоғаныс ұйымы (ХАҚҰ) 1931 жылы құрылған. Аталмыш ұйым көптеген жылдар бойы төтенше жағдай кезінде медициналық көмек көрсету жүйесін құру, білікті мамандар дайындау мен халықтың азаматтық қорғанысы саласында әлемдік елдердің күшін біріктіру саясатын жүргізіп келеді.
Халықаралық Азаматтық қоғаныс ұйымы өз ресми атауын 1958 жылы алды. 1975 жылы осы ұйымның Жарғысы Біріккен Ұлттар ұйымының хатшылығында тіркелді. Қазіргі таңда ХАҚҰ Еуропа, Азия мен Африканың 70-ке жуық елін біріктіріп отыр.
Ақтау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы өртке қарсы қызмет капитаны Азамат Сақтағанұлы Құлмановтың айтуынша: «Азаматтық қорғаныс бойынша оқу барлық азаматтар үшін міндетті болып табылады. Әр адам өзін қорғай білуі, қажет болған жағдайда өз-өзіне көмек көрсету қабілетін қолдануы тиіс. Ал бұл үшін әркім бейбіт уақытта негізгі қорғаныс дағдылары мен қорғау құралдарын меңгеруі қажет».
Азаматтық қорғаныс күніне орай 27 ақпанда Ақтау қаласының №10 орта білім беру мектебінің аумағында азаматтық қорғаныс бойынша бірінші сынып оқушыларының орындауында флэшмоб өткізілді.
Балалар шыққан бұл саяхатта әртүрлі жағдайлар кездесті, яғни олар шұңқырлардан секірді және оның ішіне түсіп кетпей, ұқыпты қимылдап, дін аман күйінде шығуы тиіс болды. Оқушылар «қалың орманда» өздерін дұрыс ұстап, алаңқайлар арқылы, табиғатқа зиян келтірмей, жолда кез болған отты өшіріп, ыстық күнде, теңізде, автокөлік жолында өздерін тәртіпті ұстап білуге және мектепке дендері сау, аман-есен жетуі қажет болды.
Түрлі кедергілерді жеңуге тура келген мұндай танымдық қызықты саяхатты балаларға «Оқушы» орталығымен бірлесе «Тұлпар» аула клубының қызметкерлері және Маңғыстау облысы ТЖД Ақтау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері ұйымдастырды.
Саяхатта белсенділік танытқан балғындарға Басқармадан келген ағайлары әдемі бояғыш-кітапшалар сыйлады.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему