Маңғыстаулық таэквондошылар Фуджейрода жеңіс тұғырынан көрінді
18 Февраля 2015 (13:16) | 2224 | Автор: Нұрганым Имашева
Маңғыстаулық таэквондошылар халықаралық жарыстан жеңімпаз болып оралды. Олар Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен G-1 дәрежесіндегі "ІІІ Fujairah open" додасына қатысып, елімізге 1 күміс және 2 қола медаль сыйлады.
Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған байрақты бәсекеге әлемнің 30 мемлекетінен 1000-ға жуық спортшылар қатысып, бақтарын сынады. Жарыстың нәтижесінде маңғыстаулық Фатима Жақсыбаева ІІ-орынды жеңіп алса, Нұрбек Әбсадық пен Шахноза Исметуллаева ІІІ-орынды иеленді.
Халықаралық дәрежедегі сайыста күміс жүлдегер атанған Фатима Жақсыбаева таэквондомен алты жасынан бастап айналысуда. Өжет қыз бірнеше жарыстарда топ жарып, республикалық додалардың алты дүркін чемпионы атанған. Спорттағы жетістіктерімен қатар ол оқуда да зерек, «Үздік аттестат иегеріне» үміткерлердің сапында.
Халықаралық жарыстың күміс жүлдесінің иесі Фатима Жақсыбаева:
-Менің спортқа келуіме ағам Сәдірқожа ықпал етті. Ағамның таэквондоға барып жүргенін біліп алып, ата-анама мен де барамын деп қиғылық салдым. Әрине, олар бірден келісімін берген жоқ.
Десе де, мен өз айтқанымнан қайтпадым. Міне, таэквондомен айналысып жүргеніме биыл 9 жыл болады. Бірнеше жарыстарға қатысып, ата-анам мен бапкерімнің үмітін ақтаудамын.
Бұл жолғы жарыста да жеңімпаздар қатарында болуым керек деп барымды салып, дайындалдым. Үздіксіз дайындықтың, аянбай тер төгудің нәтижесінде күміс жүлденің иегері атандым.
Болашақта спорт саласының білікті маманы атануым үшін, еліміздің бас қалалары Алматы мен Астанаға барып, білімімді толықтырсам деген мақсатым бар»,-дейді.
Қазақстан құрамасының сапында жаттыққан маңғыстаулық жас өрендер жоғары нәтижеге қол жеткізу жолында аянбай еңбектенгендерін жасырмайды.
Жас спортшылар екі аптаға жуық уақыт Медеу спорт кешенінде жалпы дене дайындығынан өтіп, екі апта Шаңырақтағы спорт мектебінде соңғы оқу-жаттығу жиындарын өткізген.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему