Ақтаулық самбошылар жеңіс тұғырында!
17 Февраля 2015 (16:10) | 1634 | Автор: Нұрганым Имашева
Ақтаудағы «Жастар» спорт мектебінің спортшылары республикалық жарыстан табысты оралды. Петропавлда өткен жарыстан маңғыстаулық спортшылар 2 алтын және 3 күмісті жеңіп алды.
Нақтырақ айтқанда, спорттық додада біздің жерлестеріміз мықтылық танытып, Сұңғат Жұбатқан (65 келі салмақта) мен Бауыржан Сағынғалиұлы ( 60 келі салмақта) алтыннан алқа тағып, Ригада өтетін Әлем чемпионатына жолдама алды.
Ал, екінші орынды жеңіп алған Бауыржан Нарбаев, Рамазан Мамаев, Ақылбек Айжарықов сынды спортшылар мамыр айында Ашгабадта өтетін Азия чемпионатына жолдаманы иеленді.
Үш күнге созылған байрақты бәсекеде палуандар шаршы алаңда шеберлік танытып, тартысты кездесу жасапты. Нәтижесінде командалық есепте бірінші орынды маңғыстаулықтар жеңіп алса, екінші орынға жамбылдықтар тұрақтап, шығыс қазақстандықтар үшінші орынға жайғасқан. Осылайша, маңғыстаулық самбошылар аймақ тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізіп, өңір спортының беделін асқақтатты.
«2-15 ақпан аралығында Петропавл қаласында 1997-1998 жылы туылған жасөспірімдер арасында самбодан ҚР-ның чемпионаты өтті.
Бұл дода Әлем және Азия чемпионаттарына іріктеу болатын. Самбодан командалық есепте бірінші орынды иелену облыс тарихында бірінші рет болып отырған жағдай екенін атап өткім келеді.
Сондықтан да спортшыларымыздың болашағынан үлкен үміт күтемін. Жарыстың бас төрешісі Мерей Қойшекенов де біздің спортшыларымыздың дайындығының жоғары деңгейде екенін, самбо күресінің Маңғыстауда жақсы дамып келе жатқанын атап өтті.
Мұның өзі біз үшін үлкен баға. Сөз реті келгенде айта кеткім келеді:спорт залға келіп жаттығамын, шынығамын деген жастар болса, әрдайым есігіміз ашық. Ата-аналарға спортқа деген талабы бар балаларыңыз болса, жетектеп әкеліп бізге табыстауыңызды, облыстан болашақ чемпиондарды шығаруға ықпал етуіңізді сұраймыз. Ал, жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен облыстық спорт басқармасының басшысы Сергей Пахомов мырзаға алғысымызды білдіреміз»,-дейді самбодан облыстың бас жаттықтырушысы Манарбек Бисекенов.
«Жастар» спорт мектебінің палуандары осы жетістіктерімен тоқтап қалмай, келешекте де ірі сайыстарда жеңіске жетуге ұмтылуда.
Олар сәуір айының 9-12 аралығында алғаш рет Ақтау қаласында самбодан жастар арасында өтетін ҚР-ның чемпионатына дайындықты бастап та кетті.
Аталмыш жарыста топ жарғандар Ригада өтетін Әлем чемпионатына және Ашгабадта өтетін Азия чемпионатына жолдама алады.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему