Маңғыстауда «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі
21 Июня 2023 (11:48) | 2165 | Автор: Редакция
Маңғыстау облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге бөлінді. Жоба аясында ауыл тұрғындарына 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие беріледі. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Amanat» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Қарасаев хабарлады.
Спикердің айтуынша, жобаның негізгі мақсаты - ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жаңа жұмыс орындарын құру және ауыл шаруашылығы саласын дамыту. Сондай-ақ, үй іргесіндегі жер учаскелерді тиімді пайдалану үшін жеке кәсіптерін ұйымдастыруға мүмкіндік
жасау.
-Жоба аясында ауылшаруашылығы, мал және құс шаруашылығына басымдық береміз. Сауда-саттық жүргізу үшін аталған несие берілмейді. Бағдарлама арқылы несиелеуге қатысу үшін кепіл, бизнес жоспар және ауылдық жерде тұрғылықты тіркеуде болу керек. Несие алған жағдайда 1 жылдық демалыс беріледі, яғни несие төлемін 13 айдан бастап төлейсіз. Несие алу үшін жас ерекшелігі маңызды емес. Оған қоса, жұмыссыз азаматтарға басымдық беріледі, - деді Нұрбек Қарасаев.
Сондай-ақ, брифингте Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қазбек Тәшімов несие беру мерзімі мен несиенің ең жоғары қаражатын айтып өтті.
- Негізгі микрокредит мерзімі 5 жылға, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін несие мерзімі қарастырылған. Ал, негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі 12 айға дейін, бірақ бюджеттік кредиттің қолданылу мерзімінің 1/3 аспауы қажет. Сонымен қатар, жаңадан құрылған жеке кәсіпкерлерге – 8 625 000 теңгеге дейін,
тек кооперацияларға кооперацияны дамыту үшін 27 600 000 теңгеге дейін қаржы бөлінеді. Несие алушы, 60 күнтізбелік күн ішінде, әкімдіктен белгіленген жауапты өкіліне несиенің мақсатты пайдаланылуы туралы құжаттарды ұсынуға міндетті. Берілген несиелердің мониторингі жылына бір рет жүргізіледі, - деді Қазбек Тәшімов.
Пилоттық жоба аясында, кооператив құру арқылы ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамытуға мүмкіндіктер бар. Мәселен, ет-сүт бағыттағы өнімдерін өңдейтін, консервілеу цехтарын, егін егу үшін жер жыртуға, шөп оруға, шабуға, жинақтауға, тасымалдауға техникалар сатып алу арқылы дамыту жоспарланған.
Сонымен қатар, брифинг барысында «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ басқарма төрағасы Бекнұр Бейісов қажетті құжаттар тізімін айтты.
- Қажетті құжаттар қатарында қарыз алушының өтініші, жеке куәлігі мен неке қию туралы куәлігі қажет. Сондай-ақ, несие алушының тұрғылықты жерінен анықтама, жұмыссыздық пен ӘКМ мәртебесін растайтын құжат, БЖЗҚ-дан соңғы 6 айдағы үзінді көшірме керек. Сонымен қатар, қарыз алушы мен кепіл берушінің салықтары бойынша берешегінің болуы немесе болмауы туралы мемлекеттік кірістер органдарын ананықтама, бизнес жоспар мен жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар туралы анықтама талап етіледі. Оған қоса, кепілмен қамтамасыз етуді бағалау туралы есеп және қызмет көрсететін банктерден анықтама, кепілмен қамтамасыз етудің құқық белгілейтін құжаттары міндетті, - деді Бекнұр Бейісов.
Айта кетейік, аудандар мен ауыл тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Құжаттар тізімін қабылдау басталып кетті. Ауыл тұрғындары аталған құжаттарды жергілікті әкімдікке тапсыра алады. Жобаларды сараптау жалғаса береді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему