Маңғыстауда «Аксон Мед» оңалту орталығында 1500 адам ем алды
16 Мая 2023 (16:12) | 2407 | Автор: Редакция
Былтыр Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық ауылында іске қосылған «Аксон Мед» оңалту орталығында күні бүгінге дейін 1500 адам ем алған, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Оңалту орталығының бас дәрігері Мансұр Муталиевтің айтуынша, мамандар 5 қабатты ғимаратта 200-ге жуық адамды қабылдай алады. Қазіргі таңда орталықта 70 қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар сауықтыру мекемесіндегі барлық бөлмелер мен кабинеттер қажетті медициналық жиһаздармен және отандық, шетелдік заманауи оңалту жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Мәселен, емделушілер 5 минут ішінде ағза функциясы мен құрылымдарының бұзылысы жайлы толық ақпаратқа қанығып, дене мүшелері туралы мәліметті біле алады. Оңалту орталығында көбіне бүкіл ағзаны уыттардан тазарту еміне жүгінеді.
- Ағзаны толық тазарту 4 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде асқазан мен он екі елі ішекті , екінші кезеңде бауыр түтіктерін тоқыраудан және паразиттерден, үшінші кезеңде бүйрек пен зәр шығару жүйесіне тазарту жұмыстары жүргізіледі. Ал төртінші кезең ағзаны қалпына келтіруге бағытталады. Нәтижесінде адамның қорғаныс қабілеті артып, ауруды тез жеңе бастайды. Қартаю процесі тежеліп, артық салмақтан арылады, - деді Мансұр Муталиев.
Бас дәрігер 1500 емделушінің ішінде 500- ден астам пациент клиникаға ауыр жағдайда жүгінгенін айтты. Оңалту орталығында ми-қан тамырларының зақымдануы мен жүрек қан тамырлары ауруына шалдыққан жандар ұдайы емделеді. Дертіне дауа іздеген жанның бірі - Татьяна Солнышкина. Ол өзінің ауруханаға балдаққа сүйеніп келгенін айтады.
- Бұл оңалту орталығын барлық таныстарыма айтып жүремін. Өйткені қызметкерлері сыпайы, жақсы қарсы алды. 10 күн бойы шипалы тұзды суға түсіріп физикалық жаттығулар үйретіп, қол-аяғыма массаж жасады. Ем-дом нәтижесінде бүгінде балдақты тастап, өзім жүріп, тұра аламын,- деді емделуші.
Орталықтағы мамандар әлеуметтік қолдау орталығы шеңберінде 2 және 3 топ мүгедектігі бар жандарға және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында соңғы 3 жылда инсульт, жабық бассүйек ми жарақатын алып, омыртқа мен миға нейрохирургиялық операциялар қажет болған жағдайда тегін қызмет көрсетеді.
Сонымен қатар клиникаға кез-келген адам келіп, ақылы түрде ем-дом ала алады. Орталыққа жолдама 7, 10 және 14 күнге беріледі. Емделушілер 4 мезгіл тамақпен қамтылып, ем-шараны қабылдай алады. Яғни пациенттер тек қана ем алмай, демалып қайтады. Өйткені орталықта дискотека, концерт, психологпен тренингтер, ойын-сауықтар, теңіздің жағасында тыныс алу гимнастикасы жүргізіледі.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему