«Зердеден» маңғыстаулық 21 оқушы жеңімпаз атанды
16 Февраля 2015 (10:57) | 2109 | Автор: Нұрганым Имашева
Ақмола облысындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының базасында өткізілетін республикалық байқауға маңғыстаулық 24 оқушы қатысып, 21-і жеңімпаз атанды.
Атап айтар болсақ, I-орынмен 7 оқушы, II-орынмен 1 оқушы, III дәрежелі дипломмен 13 оқушы марапатталды. Осылайша, маңғыстаулық жас зерттеушілер республика бойынша командалық есепте жүлделі I орынды иеленіп, «Үздік команда-2015» атағын жеңіп алды.
Дарынды және талантты балаларды іріктеу және оларға қолдау көрсету мақсатында оныншы рет ұйымдастырылған аталмыш республикалық байқауға 1-7 сыныптан 300-ге жуықоқушы қатысқан.
Додаға жолданған маңғыстаулық оқушылардың зерттеу жұмыстары гуманитарлық, физика-математикалық, жаратылыстану-ғылыми, медицина, психология, тарих, өлкетану, этномәдениеттану, экология, валеология бағыттары бойынша ұсынылыпты.
«Байқаудың негізгі мақсаты-балалардың зерттеу қызметінің дағдыларын дамыту, кіші және орта жастағы мектеп оқушыларының интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін ынталандыру болып табылады. Ережеге сәйкес байқау мектепшілік, аудандық, облыстық кезеңдерде өткізілді.
Үш кезеңде де біздің оқушылар белсенді қатысқанын айта кеткім келеді. Әсіресе оқушыларымыздың математика, информатика, медицина, психология және қазақ тілі мен әдебиеті пәндеріне қызығушылығының мол екенін байқадық. Осы бағытта оқушылардың жобалары көп болғанын атап өткім келеді.
Жалпы, осымен үшінші жыл қатарынан біздің облыс «Зерде» байқауының республикалық кезеңінде ең үздік команда аталымымен марапатталып отыр»,-дейді облыстық "Дарын" қосымша білім орталығының ғылыми-инновациялық зертхана басшысы, Бакытгүл Жақсылықова.
Байқауда алғырлық танытқан білімпаздар Жібек Серікқызы, Ернұр Зұлпыхар, Аягөз Нұржанқызы, Ермұрат Қуаналы (Ақшұқыр орта мектеп-лицейі), Милена Шарафутдинова (Ақтау қаласы, №7 орта мектеп), Ермұрат Жетекбай, Әли Сағындықов (Түпқараған З.О.Баймырзаев атындағы орта мектеп) бірінші орынды иеленіп, ұстаздар үмітін ақтады.
Сондай-ақ, екінші орынды Гүлбану Қазиева (Ақтау қаласы, №5 жалпы білім беретін орта мектеп) көрінсе, үшінші орынға Арай Нуруллаева, Ақбота Джаулыева, Сая Мұратова, Айбала Иманқали (Бейнеу ауданы) Айдын Есболов, Ердос Досмембет (Шетпе гимназиясы), Жазира Меретова, Мейірім Нұржан, Әсел Нұрмағанбетова, Парасат Эдуардұлы, Марлен Туақбай, Мақсат Тыныштықов, Алтынбек Жоламанов (Ақтау қаласы) жеңіп алды.
Республикалық байқауда бағын сынағандардың арасында 10 жасар Елнұр Зұлпыхар да бар. Ол байқауға қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қатысып, «Сауатты жазу мәселелері» тақырыбында жобасын қорғап, жүлделі бірінші орынды иеленді. Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр мектеп-лицейінде білім алатын Елнұр болашақта заңгер болуды армандайды.
«Республикалық байқауға қатысып отырғандықтан қобалжу болды. Алайда, ғылыми жобамның жетекшісі-Эльмира Данекерова апайымның, ата-анамның үмітін ақтау үшін, барымды салып дайындалып, жобамды ойдағыдай қорғап шықтым. Жүлделі бірінші орынды иеленгеніме өте қуаныштымын. Алдағы уақытта білімімді толықтырып, осындай бағыттағы байқауларға қатысып тұруды мақсат етемін»,-дейді жас білімпаз Елнұр Зұлпыхар.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему