2022 жылы қазақстандықтарды қандай маңызды оқиғалар күтіп тұр
Курс валют в Актау
на 29/03/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Пятница,
29 Марта, 04:19
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

2022 жылы қазақстандықтарды қандай маңызды оқиғалар күтіп тұр

28 Декабря 2021 (15:21) | 2676 | Автор: Редакция

Әйтсе де, екі жылға жуық уақыт адамзатты әбігерге салған пандемия 2022 жылға арналған жоспардың күл-талқанын шығаруы мүмкін. Өйткені індет әлі саябырсыған жоқ. Оның үстіне әлем елдерінде жаңа "омикрон" штамы тарала бастады. Коронавирустың бұл түрі қазір төрткүл дүниені алаңдатып отыр. Десе де індетке қарамастан, келесі жылға біраз шара жоспарланып қойды. Солардың бірсыпырасымен Sputnik Қазақстан материалынан таныса аласыз.

Қысқы Олимпиада

2022 жылы өтетін маңызды тарихи оқиғалар шымылдығын қысқы Олимпиада ойындары ашады.

Жаһан жұрты асыға күтетін XXIV қысқы Олимпиада Қытайдың Бейжің қаласында өтеді. Спорттық іс-шара 4 мен 20 ақпан аралығына жоспарланған.

Олимпиадада қысқы спорттың жеті түрінен 109 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Атап айтқанда, спортшылар биатлон, бобслей, керлинг, конькимен сырғанау, шаңғы жарысы, шана спорты және хоккей сайыстарында бақ сынайды.

 

Олимпиада ойындары Бейжің орталығында, Яньцин және Чжанцзякоу аудандарында өтеді. Өкінішке қарай, COVID-19 пандемиясына байланысты Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсіміне көрермендер кіргізілмейді. Бірақ жанкүйерлер төрт жылда бір келетін дүбірлі доданы көгілдір экраннан тамашалай алады.

 

2022 жылы Бейжің Олимпиадасы қытайлардың басты ұлттық мерекесі – Қытай Жаңа жылымен тұспа-тұс келеді.

Айта кетері, 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындары Қазақстанда өтуі де мүмкін еді. 2013 жылы Халықаралық Олимпиада комитетіне бірінші болып Алматы қаласы өтінім берді. Артынша Қытай астанасы Бейжіңнен өтінім түсті. Осылайша спорттық сайысты өткізу құқығына екі қала таласты. Дауыс беру қорытындысы бойынша Бейжің жеңіске жетті. Алматыға небәрі 4 дауыс жетпей қалды.

Бейжің – жазғы және қысқы Олимпиада ойындарын қабылдайтын алғашқы қала.

Паралимпиада ойындары

Дәл сол Бейжіңде бір айдан кейін – 4-13 наурызда қысқы Паралимпиада өз жалауын желбіретеді.

Паралимпиада ойындары осымен он үшінші рет өткелі жатыр. Спортшылар спорттың алты түрінен 78 жарысқа қатысады.

Паралимпиада ойындары – мүгедектігі бар адамдарға арналған халықаралық сайыс. Дәстүр бойынша Олимпиада ойындарынан кейін өткізіледі.

Алғаш рет қысқы Паралимпиада ойындары 1976 жылы ұйымдастырылды.

Ғалымдар форумы

2022 жылы Қырғызстан астанасы – Бішкекте ТМД елдерінің ғалымдары бас қосады. Әзірге форумның нақты күні хабарланған жоқ.

Жиынға ТМД-ға қатысушы елдер ғылыми ұйымдарының басшылары мен беделді өкілдері қатысады. Олар достастық елдері арасындағы ынтымақтастық бағыттарын, жаңа бастамалар мен өзара іс-қимыл мәселелерін талқылайды.

Оқи отырыңыз: 2021 жылы қазақстандықтардың өмірі қалай өзгерді

Форумның мақсаты – ТМД елдерінің ғылыми-техникалық ынтымақтастығын дамыту, жаңа бірлескен ғылыми зерттеулерге серпін беру, жастар арасында ғылымды насихаттау.

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны

Келесі жылы Түркияда төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді деп жоспарлануда. Халықаралық дода 2020 жылы өтуге тиіс еді, алайда пандемияға байланысты екі рет шегерілді.

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны – этникалық спорт түрлерінен өтетін халықаралық сайыс. Оның негізіне Орталық Азия көшпенді халықтарының ұлттық ойындары алынған. Мақсаты – өркениет мұрасы ретінде әлемде этномәдени және этноспортты дамыту, ұлттық ойындарды жаңғырту.

© SPUTNIK / ТАБЫЛДЫ КАДЫРБЕКОВ
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны, 2018 жыл.

Көшпенділер ойынын өткізу идеясын 2012 жылы Бішкектегі Түркі кеңесі саммитінде Қырғызстан ұсынды. Бұл бастама түркі тілдес мемлекеттерден қолдау тапты. Осыдан кейін 2014 жылдан бастап Көшпенділер ойыны екі жылда бір рет қырғыз елінде ұйымдастырылып келді. 2018 жылы эстафетаны Түркия қабылдады.

Евровидение

Келер  жылы өнерсүйер қауымды 66-шы "Евровидение" ән байқауы қуантады. Мәдени шара Италияның Турин қаласында өтеді. Бірінші және екінші жартылай финалдар 10 мен 12 мамырға, ал финал 14 мамырға жоспарланған.

Еуропа хабар тарату одағы байқауға 41 ел қатысатынын жариялады. Тізімге 2021 жылы конкурсқа қатысқан елдер, сондай-ақ Армения мен Черногория қосылған. Армения бір жылдық, ал Черногория екі жылдық үзілістен кейін қайта оралып отыр.

Еске салсақ, 2021 жылы өткен "Евровидениеде" Италия жеңіске жеткен болатын. Måneskin тобы Zitti e buoni әнін орындап, бірінші орын алды. Осылайша дәстүр бойынша Италия 2022 жылғы байқауды өткізу құқығын иеленді.

 

"Евровидение" – Еуропа хабар тарату одағына мүше елдер арасындағы эстрадалық ән байқауы. Байқауға одаққа мүше әр елден бір-бір өкілден қатысады. Фестиваль тікелей эфирде өтеді. Қатысушылар өнер көрсеткеннен кейін, телекөрермендер мен әділ қазылар алқасы дауыс беру арқылы ең мықтыны таңдайды.

 

Ән байқауының тарихы 1956 жылдан басталады. Бүгінде жыл сайын өтетін шараның аудиториясы 600 миллион көрерменге дейін барады.

"Евровидение", сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан, Канада, Египет, Үндістан, Оңтүстік Африка, Корея, АҚШ-та трансляцияланады.

Айта кетері, "Евровидение" байқауы талай әртістің жұлдызын жақты. Мәселен, аты аңызға айналған "АББА" тобы (Швеция – 1974), "Чингисхан" (Dschinghis Khan, Германия – 1979) және әнші Селин Дион (Швейцария – 1988) фестивальде өнер көрсеткеннен кейін бүкіл әлемге танылды.

Футболдан әлем чемпионаты

21 қараша мен 18 желтоқсан аралығында Катарда футболдан 22-ші әлем чемпионаты өтеді. Катар өз тарихында футболдан әлем чемпионатын алғаш рет қабылдайды.

Жанкүйерлер финал матчын 18 желтоқсанда Лусаилдегі Ұлттық стадионда тамашалай алады. Алаңға 80 мың көрермен сыяды.

Катарда жазда аптап ыстық болатындықтан, бұл жолғы әлем біріншілігі қарашаның соңы мен желтоқсанның ортасына белгіленген. Осылайша ол мамырда, маусымда немесе шілдеде өтпейтін алғашқы турнир.

Әлем чемпионатының финалдық турниріне 32 құрама қатысады.

Футболдан әлем чемпионаты – футболдан өтетін басты халықаралық сайыс. Біріншілікті ФИФА Әлем кубогы деп те атайды. Чемпионатты әлемдік футболдың басқарушы органы – ФИФА өткізеді. Оған барлық құрлықтан ФИФА-ға мүше елдердің ерлер ұлттық құрамасы қатысады.

Оқи отырыңыз: Балаға берілетін жәрдемақы – 2022: кімге, қалай және қанша төленеді?

Әлем чемпионатының финалдық турнирі Олимпиада сияқты 4 жылда бір рет өткізіледі. Алайда өңірлік турнирлерді ескерсек, әр мундиаль 3 жылдан астам уақытқа жалғасады.

Соңғы рет футболдан әлем чемпионаты 2018 жылы Ресейде өткен болатын. Қазіргі әлем чемпионы – Франция ұлттық құрамасы.

Жазғы Универсиада

2022 жылы Қытайдың Чэнду қаласы Бүкіләлемдік жазғы Универсиаданы қабылдайды.

Негізі, студенттер сайысы биыл тамызда өтуге тиіс еді, бірақ пандемияға байланысты келесі жылға ауыстырылды.

Жазғы Универсиада 26 маусым басталып, 7 шілдеге дейін созылады. Осы аралықта жастар 18 спорт түрінен бақ сынайды, 268 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Чэнду Универсиаданы өткізуге жалғыз үміткер қала болды. Бұған дейін Қытайда жазғы Универсиада 2001 жылы (Бейжің) және 2011 жылы (Шэньчжэнь) өткен болатын.

Универсиада – студенттер арасындағы халықаралық және ұлттық спорттық жарыс. Оны Халықаралық университет спорты федерациясы өткізеді. Жазғы және қысқы Универсиада әр екі жыл сайын ұйымдастырылады.

 "Универсиада" атауы "Университет" пен "Олимпиада" сөздерінен құралған. Көбіне Бүкіләлемдік студенттер ойындары және Бүкіләлемдік университет ойындары деп те айтылады.

ҚАЗАҚСТАНДА ӨТЕТІН МАҢЫЗДЫ ОҚИҒАЛАР

Әлемдік діндер лидерлері съезі

Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі өтеді.

Іс-шара 14-15 қыркүйек күндеріне жоспарланған. Съезд тақырыбы пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөліне арналады.

Ал Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының XX отырысы 2022 жылы 12-13 қыркүйекке белгіленді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алғаш рет 2003 жылы елордада өткен болатын. Съезд өткізу бастамасын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған еді. Тұңғыш президенттің Ватиканға сапарында бұл идеяны алғашқылардың бірі болып католик шіркеуінің өкілдері қолдады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі – діни көшбасшыларға, саясаткерлерге, халықаралық және өңірлік ұйымдарға дінаралық диалог пен орнықты даму проблемаларын талқылауға мүмкіндік беретін бірегей платформа.

ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысы

2022 жылы елордада өтетін саяси оқиғалардың бірі – ТМД мемлекет басшылары кеңесінің отырысы.

Іс-шара 14 қазанда өтеді деп жоспарлануда. Отырыс аясында ТМД елдері лидерлерінің бейресми кездесуі де өтуі мүмкін.

Айта кетері, 2022 жылы Қазақстан ТМД-ға төрағалық етеді. Осыған байланысты ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін бірлесіп белсенді жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану: "жеткілікті шек" 2022 жылы өседі

ТМД мемлекет басшылары кеңесі – Тәуелсіз мемлекеттер достастығының жоғарғы органы. Оған ұйымға қатысушы мемлекеттердің бірінші басшылары кіреді.

Кеңес ТМД жарғысын өзгерту, ТМД органдары құрылымын өзгерту мәселелерімен айналысады. Кеңестің кезекті отырысы жыл сайын өткізіледі.

Еске салсақ, ТМД – бұған дейін КСРО құрамына кірген мемлекеттер арасында ынтымақтастық қатынастарын реттеуге бағытталған халықаралық ұйым. Ол 1991 жылы 8 желтоқсанда құрылды.

ТМД-ға қатысушы мемлекеттер: Әзербайжан, Қырғызстан, Армения, Молдова, Өзбекстан, Ресей, Қазақстан, Беларусь, Тәжікстан, Түрікменстан және Украина.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі

Келесі жылы Нұр-Сұлтанда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесінің саммиті өтеді.

2022 жылы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске 30 жыл толады. Осыған орай елордада кеңестің VI саммиті өтеді.

"Бұл жиынды ұйымдастыру үшін сыртқы істер министрлігі ауқымды жұмыс атқаруы керек. Біз бұл кеңесті біртіндеп құрлықтағы Қауіпсіздік және даму ұйымына айналдыруды көздейміз", - деген еді президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті шақыру идеясын алғаш рет 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды.

Кеңес Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету арқылы ынтымақтастықты нығайтуды мақсат етеді.

ТМД мұғалімдерінің съезі

Қазақстан 2022 жылы ТМД елдерінің білім саласындағы ынтымақтастық кеңесіне төрағалық етеді. Сондай-ақ елімізде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мұғалімдері мен білім саласы қызметкерлерінің VII съезі өтеді.

Съезд өткізу туралы шешім биыл Арменияда өткен ТМД елдерінің білім саласындағы ынтымақтастық кеңесі отырысында қабылданды. Оған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Армения, Беларусь, Тәжікстаннан кеңес мүшелері, сондай-ақ ТМД Атқарушы комитетінің өкілдері мен басқа да шақырылған тұлғалар қатысты.

Оқи отырыңыз: 2022 жылдан бастап 2,3 миллион қазақстандықтың зейнетақысы өседі

Мұғалімдердердің VII съезі пандемиядан кейінгі кезеңдегі білім беру процесінің жаңа болмысы мен трансформациясы тақырыбына арналады.

Жиынға әдіскерлер, жоғары оқу орындарының басшылары мен оқытушылары, мемлекетаралық және үкіметаралық ұйымдардың өкілдері, білім және ғылым саласындағы баспалардың басшылары,саясаткерлер, ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысады.

Съезд 2010 жылдан бері екі жылда бір рет өткізіліп тұрады.

Қазақстан мен Ресей өңіраралық форумы

Кезекті 18-ші Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы 2022 жылы Орынборда өтеді. Форум бетпе-бет кездесу форматында өтеді деп жоспарланып отыр.

"2022 жылы кезекті өңіраралық форумы Ресейде өтуге тиіс. Біз Орынборды қарастырып жатырмыз. Мен бәрін бізге қонаққа шақырамын. Бетпе-бет кездесу форматында жиналамыз деген үміттемін", - деген болатын Ресей президенті Владимир Путин 17-ші өңіраралық форумда.

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастығы форумы 2003 жылы Омбыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей президенті Владимир Путиннің кездесуінен кейін екі елде кезекпен өткізіліп келеді. Форумда екі ел лидерлері күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылайды. Президенттердің кездесуін шекара маңындағы өңірлердің бірінде өткізу игі дәстүрге айналған.

WBC конвенциясы

Келер жылы Қазақстан World Boxing Council бүкіләлемдік бокс конвенциясын қабылдайды.

Бокс әлеміндегі маңызды оқиғаны Қазақстанда өткізу жайлы шешім Мексикада өткен Бүкіләлемдік бокс кеңесінің 59-шы конвенциясында қабылданды. SULEIMEN promotions командасы WBC мерейтойлық 60-шы конвенциясын Қазақстанда өткізу жобасын сәтті қорғап шыққан болатын.

Оқи отырыңыз: Барыс жылы кімдердің жолы болады

Бүкіләлемдік бокс кеңесі (WBC) – кәсіпқой бокс ұйымы. 1963 жылы он бір бокс ұйымымен негізі қаланды: Аргентина, Бразилия, Ұлыбритания, Венесуэла, Мексика, Панама, Перу, АҚШ, Филиппин, Франция, Чили. Кеңесті Хосе Сулейман басқарды.

Конвенцияға әлемдегі жетекші промоутерлер мен бокстағы беделді адамдар шақырылады.

WPC жастар форумы

Сондай-ақ 2022 жылы қазан айында Алматыда WPC 7-ші жастар форумы өтеді деп жоспарланып отыр. Оған WPC-ға мүше 63 елдің жас мамандары қатысады.

WPC немесе Бүкіләлемдік мұнай конгресі – әлемдік мұнай-газ индустриясындағы маңызды оқиға. Бүкіләлемдік мұнай кеңесі әр үш жыл сайын Бүкіләлемдік мұнай конгресін ұйымдастырады.

Мұнай кеңесі БҰҰ жанында тіркелген, коммерциялық емес ұйым саналады. Оның мақсаты – мұнай мен газ өнеркәсібіндегі түйткілді мәселелерді талқылау үшін жаһандық алаң ұсыну.

Бүкіләлемдік мұнай кеңесінің негізі 1933 жылы Лондонда қаланды. Дәл сол жылы Лондонда бірінші Бүкәлемдік мұнай конгресі шақырылды. Қазақстан кеңеске 2008 жылы маусымда KAZENERGY қауымдастығының бастамасымен қосылды.

Жастар форумында студенттер мен жас мамандар мұнай-газ саласындағы көшбасшыларымен, сарапшыларымен пікір алмасып, ой бөліседі.




Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему