Қызылсай ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды
7 Октября 2021 (13:37) | 1337 | Автор: Редакция
Жаңаөзен қаласына қарасты Қызылсай ауылында бір мезетте 50-ге жуық науқасты қабылдай алатын дәрігерлік амбулатория ашылды. Осылайша 7 мыңнан астам тұрғыны бар ауыл халқына ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында тамаша тарту жасалды,- деп хабарлайды Жаңаөзен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Медициналық нысан заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Емделушілер ультрадыбыстық, рентген зерттеулері мен зертхана және тіс емдеу кабинетінің қызметтерін пайдалана алады. Барлығы 40-тан астам кабинет жұмыс істейді. Орталықта 26 маман еңбек етеді. Жұмысқа келген жас мамандарға әлеуметтік қолдау көрсетілген.
Айта кетсек, жаңа амбулатория ашылғанға дейін жергілікті тұрғындар апатты жағдайда тұрған ғимаратқа келіп дәрігерлерге қаралатын. Жаңа жобаға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында қаражат бөлініп, 2020 жылдың аяғында құрылыс жұмыстары басталған. Бүгінгі таңда Қызылсай ауылдық амбулаториядасында 5088 адам тіркелген.
- Дәрігерлік амбулатория Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019 – 2025 жылдарға арналған кешенді жоспары және «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасы аясында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында іске қосылды. Ауыл халқының өсуі мен бала туу көрсеткішін ескере отырып, осы жобаны жүзеге асырдық. Енді Қызылсай ауылының тұрғындары қалаға бармай-ақ, қажетті медициналық көмекті ауылдан ала алады, - деді Жанаөзен қаласының әкімі Мақсат Ибағаров
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему