Алты айдағы АИТВ жағдайы
30 Июня 2020 (11:39) | 2710 | Автор: Нурганым Имашева
Соңғы күндері елімізде пневмониямен ауырып жатқандар күрт көбейді. Ковид вирусынан бастау алған індетті ауыздықтау әзірше мүмкін болмай тұрғаны жасырын емес. Дегенмен, кеселдің беті кері қайтар күн де алыс болмас деген үміт те бар. Ал осынау ауыр кезеңде қан арқылы жұғатын АИТВ инфекциясымен тіркелетіндердің азайғандығы байқалады.
Маңғыстау облыстық ЖИТСке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі орталықтың АИТВ жұқпасының алдын алу және эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің меңгерушісі Жамила Махамбетқалиеваның айтуынша, биыл АИТВ инфекциясымен 21 адам тіркелген.
-Олардың екеуі шетелдіктер болса, 19-ы қазақстандықтар,-дейді ол. Осылайша, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш 2,7 болып тұр. Ал 2019 жылдың осы кезеңінде АИТВ инфекциясын жұқтырудың 27 жағдайы тіркелген болатын. Бұлардың арасында 3 адам шетелдік азаматтар, 24-і ҚР азаматтары болған еді. Сөйтіп, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш-3,4 болып, тіркелудің 5 жағдайға немесе 20,8% төмендеуі байқалады.
Көрсеткішті аумақтарға бөліп қарастырсақ, Маңғыстау ауданында 1 жағдайға өсу байқалғанымен, Ақтау қаласы мен Түпқараған ауданында бір-бірден, Мұнайлы және Қарақия аудандарында екі-екіден төмендеген. Ал Жаңаөзен қаласы мен Бейнеу ауданында АИТВ-инфекциясының жаңа жағдайлары тіркелген жоқ.
Тіркелгендерді жынысына қарай бөлсек, ер адамдардың үлес салмағы басымырақ-68,4%, әйелдер-31,6%. Ал өкініштісі, АИВ инфекциясын жұқтырғандардың ең көп пайызы 30-39 жас аралығындағы азаматтарға 36,8%, ал 40-49 жас аралығындағыларға 26,3% тиісті. Бұлар-еліміздің болашағын құрайтын жас адамдар.
Енді осы тіркелген азаматтар жұмыспен қамтылған ба, деген заңды сауал туындаса, олардың 52,6%-ы жұмыс істейтіндігі, 47,4%-ының еш жерде жұмыс істемейтіні анықталды. Ал осы жарты жылдық ішінде ҚАЖК жүйесінде АИТВ-инфекциясының жаңа жағдайлары тіркелген жоқ.
Бұл туралы біздің басылымға Маңғыстау облыстық ЖИТСке қарсы күрес және оның алдын алу жөніндегі орталықтың баспасөз қызметі хабарлады.
Суреттер iref.kz , zhardem.kz сайттарынан
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему