Аймақтағы үш ауысымды мектептер жойылады
7 Ноября 2014 (10:05) | 2342 |
Автор: Redactor
Келесі жылдан бастап облыста апатты жағдайдағы және үш ауысымда білім беретін мектептер жойылады. Республикалық бюджет қаражаты есебінен аймақта 200 орынды мектептің құрылысы аяқталып, екі 624 орынды білімордасы салына басталды. Сонымен қатар республикалық бюджет қаражаты есебінен Мұнайлы ауданында 1200 орынды және Бейнеу ауданында 900 орынды білім ошақтарының құрылыстары басталмақ. Бұл оқу ғимараттары келер жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Осылайша өңірде апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі түбегейлі шешіледі деп күтілуде.
Бүгінде Маңғыстау облысында оқушыларға үш ауысымды кезеңмен дәріс беретін 4 мектеп жұмыс жасайды. Қазіргі таңда Форт-Шевченко қаласында 550 орынды мектептің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың қараша айынан бастап Түпқараған ауданындағы үш ауысымда білім алатын оқушылар енді жаңа заманауи талапқа сай салынған ғимаратта оқитын болады.
«Осылайша 2015 жылы апатты және үш ауысымдық мектептердің мәселесі толықтай шешіледі. Сонымен қатар оқушылардың қауіпсіздігі үшін облыстағы 218 мектепте бейнебақылау камералары және Ақтау қаласындағы жеті мектепте турникеттер орнатылды»,-деп мәлімдеді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Ильмұханбетова.
Қазіргі таңда Маңғыстау облысында 140 мектепте 108 000-ға жуық оқушы білім алуда. Енді келер жылдан бастап өңірдегі бастауыш сынып оқушыларының барлығы (1, 2, 3, 4 сыныптар) жергілікті қазынадан бөлінетін қаржы есебінен тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілмек.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему