Мамырдың 25 - нен бастап ойын-сауық орталықтары ашылады
23 Мая 2020 (13:29) | 1590 |
Автор: Нурганым Имашева
Бұл туралы бүгін Қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен брифинг барысында Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Күмісқалиев хабарлады.
Маңғыстау облысында 25 мамыр күнінен бастап жеңілдетілетін карантиндік шаралар және жұмыстарын жандандыратын келесідей кәсіпкерлік нысандарының тізімі жасақталды:
1. «Ақтау – Жетібай», «Ақтау – Құрық (Құрық ауылының кіреберісі)», «Ақтау – Форт-Шевченко (Форт-Шевченко қаласының кіреберісі)» бағыттарындағы блокпосттар алынады. Ал, қалған блокпосттарды алу бойынша шешім алдағы уақытта қаралатын болады;
2. Мешіттер мен шіркеулер Бейнеу ауданының Бейнеу және Боранқұл ауылдары, Маңғыстау ауданының Шайыр ауылы және Қарақия ауданының Сенек, Бостан, Құланды ауылдарынан басқа аумақтарда жұмыс жасай бастайды;
3. Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы сауда ойын-сауық орталықтары сағат 10:00 – 17:00 аралығында қызметтерін бастайды. Бірақ, кинотеатрлар мен балалардың ойың алаңдарына және мұз айдындарына уақытша рұқсат етілмейді;
4. Сыйымдылығы 30 отыратын орынға дейінгі кафелер және жазғы алаңы бар ашық ауада жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану орталықтары сағат 10:00 – 19:00 аралығында қызметтерін бастайтын болады;
5. Парктерде орналасқан, ашық ауада жұмыс істейтін балаларға арналған аттракциондар сағат 10:00 – 21:00 аралығында жұмыстарын бастайды;
6. Бейнеу ауданынан басқа қалалар мен аудандарда орналасқан халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметтерін бастайтын болады;
7. Фитнес залдардағы спорттық жаттығуларға ғимарат ішіндегі адам санын 30%-ға дейінгі сыйымдылықпен қамти отырып сағат 10:00 – 21:00 аралығында жұмыс жасауға рұқсат етіледі;
8. Мал базарлары эпидемияға қарсы шараларды қатаң сақтай отырып сағат 10:00 – 17:00 аралағында жұмыс жасайтын болады.
9. Тойлар мен өзге де отбасылық жиындарға және мерекелерге, сонымен бірге садақаларға, оның ішінде қаза жағдайларын есептемегенде тыйым салынады;
10. Қалалар мен аудандардағы қоғамдық-мәдени шараларға тыйым салынады,- деп мәлімдеді басқарма басшысы.
-Індет толығымен жойылып кеткен жоқ және халықтың денсаулығына әлі де қауіп бар. Сондықтан, күнделікті өмірде сақтық шараларын ұстанған жөн. Өзіміздің аман-саулығымызға, ең алдымен, өзіміз жауапты болуымыз керек және оны әрбір азамат жауапкершілікпен сезінуі тиіс.
Жағдайға байланысты карантин талаптарын жеңілдету жұмыстары алдағы уақыттарда да жалғасатын болады. Ал, басқа жағдайлардағы шектеулер мен жасалған жеңілдіктер өзгеріссіз қалдырылады,-деді Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Е. Күмісқалиев.
Суреттер Қоғамдық коммуникациялар орталығынан
Зарегистрируйтесь или войдите в систему