Дау мұраты біту
2 Мая 2020 (16:40) | 3757 | Автор: Нурганым Имашева
Дау мұраты - біту, қыз мұраты - кету, жол мұраты жету – деп бекер айтылмаған шығар сірә. Қоғам болған жерде азаматтардың арасында келіспеушіліктер туындайды, ол заңды құбылыс. Алайда қазіргі таңда оның соңы сотқа арыздануға алып келетіні белгілі жағдай, яғни әр бір азамат өзінің бұзылған құқығын қорғау үшін сотқа жүгінеді, дауды шешудің балама жолын іздеуге тырыспайды.
Тарихқа үңіле отырып өткенге көз тастасақ, ертеректе қазақ елі үшін жер дауы мен жесір дауы өзекті мәселе болғаны айтпаса да мәлім. Сол кезеңде ел мен жердің қамын ойлаған, хандар мен сұлтандар, билер мен шешендер, батырлар мен байлар ұлтарақтай жер үшін, найзаның ұшымен, білектің күшімен қазақ елінің елдігін сақтап қалу үшін ерен еңбек еткен.
Қазіргі таңда ата бабамыздан қалған сара жолды жалғастырып, келер ұрпаққа өнеге болатындай іс-әрекет жасау біздің міндетіміз екенін түсінуіміз қажет. Бүгінгі күнде бұрынғы билердің атқарған жұмысын қазір судьялар жалғастыруда.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген нақыл сөз бар. Осы орайда айта кететін жағдай, 2016, 2017, 2018 жылдары сотқа түскен арыз шағымдардың саны күрт өскен еді, бұл бір жағынан азаматтардың құқықтық мәдениетінің артқаны, кез келген дауды ұрыс жан-жал шығармай өркениетті елдегідей шешу деп түсінсек, оған оң баға беруге болады, ал екінші жағынан қарасақ азаматтар туындаған дауды бітімгершілікпен, бейбіт жолмен шешіп, аяқтауға ниетінің болмауы деуге болады. Яғни қоғамда сөзге тоқтау деген ұғым кенжелеп қалғаны байқалады, бүгінгі таңда осы үрдісті қайта жаңғырту абзал секілді.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот Төрағасы Ж.Қ.Асанов еліміздегі сот жүйесін одан әрі дамыту бойынша судьялар мен заңгерлерден, адвокаттар мен заңгерлік қауымдастықтардан келіп түскен мыңнан астам ұсыныстардың негізінде жеті басым бағытты ұсынды.
Бұл жоба «Сот жүйесінің 7 түйіні» деп аталады. Тарқатылмақ «7 түйін» мыналар: «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Татуласу сотқа дейін, сотта».
Бұл жобалардың міндеті – сот жүйесін жаңа даму деңгейіне көтеріп, қоғамның соттарға деген сенімін арттыру. Сотқа жүгінуші тараптарға барынша қолайлы жағдай жасау.
Осы жеті түйін бағдарламасы аясында жергілікті жерде судьялар тарапынан да бірталай жұмыстар атқарылды, оның нәтижесі де жаман емес, ол жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде сотта дауласып жатқан тараптардың, медиация заңы мен жеті түйін жобасының «Татуласу сотқа дейін, сотта» бағытында, нақты бір дау бітімгершілік арқылы, екі тарап бір мәмілеге келіп, оған судьялар тарапынан істі бітіммен аяқтау екі жаққа тиімді екенін түсіндіргендіктен, олар сөзге тоқтап, азаматтық істердің сот өндірісінен тоқтатылғандығы туралы ақпараттар жарияланып отырғаны дәлел.
Сонымен қатар жоғарыда аталған жеті түйін бағдарламасының бір бағыты, ол «Е-СОТ», яғни сот жүйесінде IT технологияларды кеңірек қолдануға бағытталып отыр.
Бұл тұрғыда да сот жүйесі басқа мемлекеттік органдарға қарағанда көш бастап тұр десем артық болмас, өйткені мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 15 наурыз 2020 жылғы №285 санды Жарлығымен дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты, Қазақстан Республикасының халықының өмірі мен денсаулықтарын қорғау мақсатында, төтенше жағдай енгізді.
Осы орайда соттар азаматтардың құқықтарын шектемей, өндірістегі істер бойынша қолайлы жағдай жасап, сот мәжілістерін онлайн режимінде, қашықтықтан «True Conf», "WhatsApp", "Zoom" мобильдік құрылғысы арқылы, яғни тараптар сотқа келмей-ақ үйде, кеңседе отырып сот отырысына қатысуға толық жағдай жасалғанын айтуға болады.
Жалпы, Медиация - дала заңының заманауи жалғасы іспетті. Себебі, алқа билер қатал жаза кескеннен гөрі, келіспеген екі кісінің қателерін түсініп, сабырға келулерін көздеген. Сонда достық қарым-қатынас, отбасы ауызбірлігі мейлінше шығынсыз шешіліп отырды. Бұл билердің арыдан ойлауы еді.
Сотқа жеткізбей ымыраға келу әдісі 20-шы ғасырдың жартысынан бастап кеңінен қолданыла бастады. Қоғамдағы дауларды қарау алдымен АҚШ-та, Австралияда, Ұлыбританияда, ал кейінірек Азия елдерінде қанат жайды. Медиация бастапқыда отбасылық жанжалдарды шешуге бағытталған болатын. Сөйтіп бірте-бірте басқа салалардағы қолайсыз жағдайларға ойысты. Медиация, яғни дауды бітімге келу арқылы шешу, біздің қазаққа жат дүние емес.
-Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, дау болған кезде ашуға салынбай, ақылға ерік беріп, сөзге тоқтап, мәселені байыппен шешуге тырысайық. Қазір соттасатын уақыт емес, керісінше сабыр сақтап, ауыз біршілік танытатын кез екенін түсінейік,- деп аяқтапты біздің басылымға жолдаған өз мақаласын Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық сотының төраға м.а. Бегенов Едіге Берекетұлы.
Сурет редакция мұрағатынан
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему