Ақтаулық балалар иппотерапиямен емделуге көшті
29 Октября 2014 (05:50) | 2914 | Автор: Redactor
«Иппотерапия» термині гректің «hippos»- ат, атпен немесе аттың көмегімен емдеу дегенді білдіреді. Бұл дене шынықтырудың ерекше емдеу формасы. Маңғыстаулық мүгедектер иппотерапиямен емделуге көшті. Ерікті мамандар демеушілердің көмегімен емнің осы түрін ашып отыр. Емделу тегін. Мамандар, мүмкіндігі шектеулі жандардың сырқатынан жазылып, аяқтарынан тұрып кетуіне жылқы жануарының пайдасы мол екенін айтады.
Кішкентай Әлішер туғанынан сал ауруына шалдыққан. Қамкөңіл ата-ананың баласына шипа іздеп, бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Бар арманы перзентінің аяғынан тұрып, қатарластарымен асыр салып ойнауы. Енді баласын ат үстінде серуендету арқылы емдеуге кірісті. Әкесінің айтуынша, осында келгелі Әлішердің көңіл-күйі көтеріліп, денсаулығы да біршама жақсарған. «Төрт айдан бері баламыз иппотерапияның көмегімен емделіп жатыр. Нәтижесін көріп отырмыз. Жүрісі түзелді баламның, тәбеті де ашылып, өздігінен тамақ ішуге талпынып жүр. Бұрын қасықты дұрыс ұстай алмайтын. Қазір жақсы көрсеткіштер көрсетіп келеді»,-дейді кішкентай Әлішердің әкесі Әсет Өтеков.
Атпен емделудің толық курсы – 9 ай. Алайда баланың сырқатына байланысты әртүрлі қызмет көрсетіледі. Атта серуендегенде баланың барлық бұлшық еті жұмыс жасайды екен. Сондай-ақ қимыл, қозғалыстары дами түседі.
Екатерина Яковлева, иппотерапевт-реабилитолог:
- Атта серуендеу арқылы баланың бұлшық еттеріне массаж жасалады. Қан айналымы жақсарып, ағзалары дұрыс жұмыс істейді. Қимылсыз қалған бұлшық еттері іске қосыла бастайды. Жалпы жүректің қызметі де жеңілдеп, жақсара түседі. Жылқының бойындағы энергиясының емдік қасиеті көп.
«Ақтауда тегін иппотерапия курсын ашу оңай болған жоқ»,- дейді ұйымдастыраушылар. Демеушілердің арқасында ізгі іске қол жеткізілді. Жалпы, облыста сал ауруына шалдыққан 2 мыңға жуық бала бар. Қазір мұнда 10 бала аптасына үш рет атпен тегін серуендеп жүр. Кезек күтетіндер көп. Бұл мәселені шешу үшін ұйымдастырушылар жылқылардың санын көбейтуге ниетті. Алайда, қол қысқа. Мамандар бұл жолы да қайырымды жандардың қолұшын беретініне сенеді.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему