Маңғыстаулық «Жас батыр»  спорт мектебі 2019 жылды  табысты қорытындылады
Курс валют в Актау
на 20/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Суббота,
20 Апреля, 12:42
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

Маңғыстаулық «Жас батыр» спорт мектебі 2019 жылды табысты қорытындылады

14 Января 2020 (12:18) | 2052 | Автор: Нурганым Имашева

Әрбір жылдың басында өткен жылға талдау жасап, жеткен жетістігімізді саралап, алдымызға мақсат қойып, келешекке жоспар құратынымыз белгілі. Әсіресе 2019 жылы Маңғыстау елін дүбірлі додалардағы үлкен жеңістерімен қуантқан спортшылар қауымының жетістіктері айтарлықтай. Бұл жөнінде Маңғыстау облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы, жуырда Кипр елінде өткен самбодан спорт шеберлері арасында чемпион атанған Бисекенов Манарбек Жұбатқанұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

 

 

-Өткен жыл сіздің спорт мектебі үшін қандай жетістіктермен айшықталды?

 

-Мектебіміз 2019 жылы Қазақстан Республикасы бойынша  «Үздік спорт мектебі» атағын үшінші мәрте жеңіп алды. Сонымен қатар, 2019 жылы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен «Жылдың үздік спорт ұйымы» номинациясымен марапатталды.

 

«Спорт-елдің мерейін асырып, абыройын асқақтатын сала», демекші мектебімізде қазіргі таңда облыс жастары баскетбол, волейбол, көркем гимнастика, жекпе-жек сайысы және дзюдо, самбомен айналысып келеді. Мектебімізден бөлек Боранқұл, Сарға, Ақшымырау, Қызан, Шебір, Жыңғылды, Шетпе, Онды ауылдарында самбо және дзюдо күресінен бөлімшелеріміз бар. Жоғарыда аталған алты бөлімде 950 спортшы тәлім алады, оларға  37 жаттықтырушы-мұғалім дәріс береді. 21 бапкердің жоғары, 16 арнаулы орта білімі бар. Жыл басынан бастап 3 спортшымыз ХДСШ, 16 спортшымыз СШ, 84 спортшымыз СШҮ, 124 спортшы 1,2,3 разрядты спортшы атағын алды. Қос бапкеріміз Қобланов Жомарт - дзюдодан, Айбек Жанболатұлы - самбо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт төрешісі атағын қорғады. 2019 жылы самбо бөлімінің жаттықтырушы-мұғалімі Берік Жұмағалиев Қазақстан Республикасының үздік самбо бапкері номинациясының иегері атанды.

 

 

-Дзюдо мен самбо күресінен мектебіңіздің  спортшылары қандай белестерді бағындырды?

 

-2019 жыл Маңғыстау облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі үшін толағай табыстарға толы жыл болды. Спортшыларымыз байрақты бәсекелерде облыс намысын абыроймен қорғап, ел мақтанышына айналды. Атап айтар болсақ, халықаралық додаларда көк туымызды көкке желбіретіп, әнұранымызды әлемге паш еткен мектебіміздің дзюдошылары  Рамазан Мамаев, Әмірбек Жеңісов, Бауыржан Нарбаев, Бауыржан Сағынғалиұлы және Қазақстан Республикасының V жазғы спартакиадасында Жұбатқан Сұңғат, Тұрдан Ақниет қола медаль жеңіп алды. Олар қазіргі таңда Қазақстан Республикасының ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүр және жастар, жасөспірімдеріміз де бар.

 

Одан бөлек самбошыларымыз, мектебіміздің мақтаныштары самбо күресінен V жазғы спартакиадасында Мұқанова Жанбота, Аппазова Балнұр жүлделі ІІІ орынға ие болды.  ҚР және Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Домбаев Нұркен, ҚР, Азия және Әлем чемпионы Төлегенов Дәурен, ҚР чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрбек Қуанышұлы  жарыстарда  топ жарып, елімізді әлемдік додаларда мойындатты.

 

Қытай мемлекетінде Гонконг қаласында  дзюдодан ересектер арасында  «Азия кубогы» өткен болатын. Азия кубогының иегері Нарбаев Бауыржан  атанса, Сағынғалиұлы Бауыржан қола жүлдеге ие болды.

 

Дзюдодан Нұрсұлтан Жұбатқан Словения мемлекетінде Градек қаласында Еуропа кубогының чемпионы атанды және Маңғыстау облыстық «Жас Тұлпар-2019» жастар премиясының «Жас спортшы» номинациясына лайық деп танылды.

 

Түркістан қаласында өткен самбо күресінен 23 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан Республикасының чемпионатында Ерғазы Бағдат, Рахметова Айкүн чемпион атанды.

 

 

-Өзге спорт түрлерінен аймақтың абыройын асқақтатқандар туралы сөз қозғасаңыз?

 

-Дзюдо мен самбо күресінен бөлек мектебіміздің  спортшылары жекпе-жек сайысында жоғары көрсеткіштерге ие болып жүр. Атап өтсек,  жекпе-жек сайысынан өткен Азия чемпионатында  Белоусова Зинаида чемпион атанып, одан әрі Әлем чемпионатында күміс жүлдегері атанып, Гулиев Балладин және Дусенбаев Серік қоладан медаль тақты.

 

Көркем гимнастикадан аймағымыздың даңқын халықаралық жарыстарда шығару жолында еңбектеніп жүрген мектебіміздің бір топ гимнастшыларымыздың еңбегін айтып өткім келеді. Кәусар Жұмабай, Жансая Жанбуршина, Аружан Қуанбаева, Ұлжан Абдрахман, Аққуым Манарбекқызы, Дәуренқызы Саида, Ерімбет Назгүл талай сайыстарда топ жарып, бапкерлер үмітін ақтады.

 

Волейболшыларымыз  маусым айында Шымкент қаласында өткен Республикалық турнирде командалық ІІІ орынды иеленіп қайтты.

 

Баскетболдан спортшыларымыз мамыр айында Ереван қаласында (Армения) өткен халықаралық турнирде командалық  І орынға табан тіреді.

 

-Бастау алған жаңа жылға арналған жоспарларыңызбен бөлісе кетсеңіз?

 

-2020 жылы ақпан айынан бастап жылдың алғашқы жарыстары бастау алады, олар дзюдодан және самбодан Қазақстан Республикасының чемпионаты. Аталмыш чемпионатта жеңімпаз атанған спортшылар  әлемді бағындыруға жолдама алады. Сонымен қоса, жыл сайын дәстүрге айналған  Халықаралық деңгейдегі турнирлерімізді өткізуге дайындық үстіндеміз.

 

 

-Сұхбатыңызға рахмет, Манарбек Жұбатқанұлы! Биылғы жылы болатын байрақты бәсекелерде маңғыстаулық спортшыларымыз тек жеңіс тұғырынан көрініп, елдің беделін биіктетіп, спорт сүйер қауымды қуанышқа бөлесін деп тілейміз!

 

Суреттерді түсірген спорт  мектебіің баспасөз қызметі

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему