Дауларды медиация тәртібімен реттеу
2 Сентября 2019 (12:05) | 3247 | Автор: Нурганым Имашева
Елімізде 2011 жылдың 28 қаңтарында қолданысқа енген ҚР «Медиация туралы» Заңы атауы ерекше болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Дала билігінің дара тұлғалары – Төле би, Қазыбек би, Əйтеке билер бастаған дана билер ел арасындағы кез келген дау-дамайды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, жеріміздің тұтастығын сақтауға аса назар аударған.
Бұл «алдыңа келсе атаңның да құнын кеш» деген қағиданы басшылыққа алған дарабоз билердің дəстүрлі билік жүргізу тəсілінің заңды жалғасы деуге болады. «Дау мұраты – бітім» деп Сырым бабамыз айтқандай, татуласу, бітімгершілік рәсімінің аясын кеңейтуге, халықты дауды сотқа дейін реттеуге мүдделі етуге, қоғамдағы шиеленістерді төмендетуге оң ықпал ететін аталмыш заң қарқынды жалғасуда.
Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі. Тоқсан рулы елдің дауларын тоғыз ауыз сөзбен түйіндеп, татуластырып отырған дана бабаларымыздың бітімгершілік саясаты егеменді елімізде жаңа серпінмен қолға алынуы құптарлық жайт. Қай заманда да қазақ сөзге тоқтаған, қара қылды қақ жарып айтқан билердің сөзін аяқасты етіп кетпей ымыраға келіп, бейбіт тірлігін жалғастырған ел. Бір кездергі жер мен жесір дауы, барымта мен қарымта дауы ел ішіндегі от ауызды, орақ тілді шешендер мен данагөй ақсақалдардың араласуымен әділ шешімін тауып отырған. Сол ұлы дәстүр бүгінде заңнамаға еніп, өмірімізге қайта келуде.
Шетелдердегі сот саласында бұл тәжірибе бұрынан қолданылып келеді. Көптеген даулы істер сотқа жетпей осындай бітімгершілік жолмен шешіледі екен. Мысалы, Америкада істердің 95 %, Англияда 87%, кішкентай ғана Словения елінде 35 % бітімгершілік жолмен өз нәтижесін табатыны белгілі болып отыр. Сондықтан да мұндай бітімгершілік тәжірибе біздің еліміздің азаматтарына да көп істерді уақыт созбай, жүйке тоздырмай бітірулеріне көмектеседі.
Мәселенің ақ-қарасын анықтауда сот пен медиация арасында айырмашылық көп. Сот туындаған дауды заң тұрғысынан қарайды. Ал, бітімгершілік туралы заңда екі тараптың мүддесі көзделіп, шешім шығарылады. Оның үстіне сотқа шағымданушы уақыттан ұтылады. Екі жақты дау-жанжалды сотқа жеткізбей нүкте қою тараптарды эмоциялық күйзелістен сақтайды. Аталмыш заң өз кезегінде соттар мен прокурорлардың мойнындағы жүктемені азайтып, сапалы сот шешімдерінің көбеюіне және бюджет қаражатын үнемдеуге, сонымен бірге қарапайым халықтың сот жүйесіне сенімділігін әкелері сөзсіз.
Сот көпшілік алдында өтсе, медиация көпшілікке жария етіле бермейді. Медиация – қарапайым тілмен айтқанда, дауды шешудің бітімгершілік институты халқымыздың билік дәстүрінде бағзы замандардан бар ұғым. Бітімгершілік тәсілінің қазақ тарихында бұрын да пайдаланылғанын ескерсек, медиацияның дауларды балама шешудің өте жеңіл нысаны екені айқын. Ол - Қазақстан Республикасында жеке және заңды тұлғаларға қатысты азаматтық, еңбек және отбасылық т.б. өзге де құқықтық қатынастардан туындайтын онша ауыр емес, ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларда қолданылады.
Судьялардың VII съезінде дауларды сотқа дейін реттеу тетіктерін енгізу жөніндегі медиацияны қолдануды одан әрі кеңейтудің кезекті қадамы ретінде жеке санаттағы дауларды (жанжалдарды) медиация тәртібімен сотқа дейін реттеу бойынша пилоттық жоба іске қосылғаны бәрімізге белгілі.
Пилоттық жоба азаматтық сот ісін жүргізуде даулардың жекелеген санаттарын медиация тәртібінде сотқа дейінгі реттеу, татуластыру рәсімдерін қолдану аясын кеңейту, азаматтардың сот шығындарын барынша азайту, дауларды сотқа дейін реттеуде тараптардың мүдделілігін арттыру және тұрақтылықты сақтауға, түрлі туындайтын дау-жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндік беретін бітімгершілік келісімдер мен медиация институтын дамыту, насихаттауды және жобаны тиімді жүзеге асыруды мақсат етеді.
Дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу, тараптардың дауласушылық деңгейін төмендетуді көздейтін медиацияның мақсаттары: еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптылығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеушілік болып табылады және ол құпиялық қағидаттар негізінде жүргізіледі.
Тараптардың медиация туралы шартта көрсетілген өзара ерікті ниет білдіруі – медиация рәсіміне қатысудың шарты болып табылады. Тараптар кез келген сатыда медиациядан бас тартуға құқылы. Медиация барысында тараптар өз қалауы бойынша өздерінің материалдық немесе процессуалдық құқықтарын иеленуге, талаптар мөлшерін ұлғайтуға немесе азайтуға, даудан бас тартуға ерікті. Тараптар мен үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін бұзбайтын, заңда көзделген де, заңда көзделмеген де өзара қолайлы келісім нұсқаларын талқылау үшін мәселелерді таңдауда тараптар еркін болады.
Медиация – қоғамды бірлестірудің басты күші ретінде келісімге келу, даулар мен келіспеушіліктерді өзара тиімді шешімге келтіру, азаматтық қатынастардан туындайтын даулар бойынша соттан тыс реттеу, шешу, соттардан тыс тәртіппен жүргізу институттар жүйесін және оның оң тәсілдері мен тетіктерін одан жоғары дамытуды қолға алған дұрыс.
Медиацияның негізгі мақсаты келіспеушіліктегі оң жақ пен кінәліні анықтау емес, медиацияның негізгі мақсаты - тараптарды консенсусқа келтіру болып табылады. Медиация – үшінші бейтарап көзқарасты ұстанатын тараптың, яғни, медиатордың қатысуымен дау-жанжалдарды шешудің баламалы əдісі. Ол екі жақтың еріктілік, құпиялық, тең құқылығын сақтай отырып, тараптардың өзара тиімді бітімге келуіне жол ашады.
Жоғарыда атап өткендей, аталмыш заң жеке жəне заңды тұлғалар қатысатын азаматтық, еңбек, отбасылық жəне өзге де құқық қатынастарынан, сондай-ақ, онша ауыр емес жəне ауырлығы орташа қылмыстар туралы істер бойынша қылмыстық сот ісін жүргізу барысында қаралатын дауларды шешуге қолданылады. Ал, келесі жағдайда, ол әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың мүдделеріне қатысты, тараптардың бірі мемлекеттік орган болып табылатын дауларға, сыбайлас жемқорлық қылмыстар жəне мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстар туралы істер бойынша қолданылмайды.
Медиация азаматтар арасында қарым-қатынасты нығайтуға, талас-тартыс деңгейін төмендетуге, тараптардың бір-біріне деген қарым-қатынас мәдениетінің, этикасының жоғалмауына, ерікті түрде орындалатын шешімдердің көбеюіне әкеледі.
«Медиация туралы» заңның қажеттілігі мен оның дамуы өркениет көшіне батыл бет түзеген біздің қоғамымызда оң өзгерістердің жүзеге асырылып жатқандығының айқын көрінісі екендігін айғақтайды.
Мұхит Мұқашев
Ақтау қаласы №2 сотының судьясы
Суреттер kostanaytv.kz, mpc-info.kz, time.kz сайттарынан алынған
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему