Ақтаудағы Назарбаев зияткерлік мектебі жаңа пилоттық жобаны таныстырды
16 Июня 2019 (09:30) | 2924 | Автор: Нурганым Имашева
Жуырда Халықаралық Мектептер кеңесінің (CIS) аккредиттелуінен өткен Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жаңа жобаға енетін болды. Бұл туралы мектеп қабырғасында өткен жиында білім ордасының директоры Ермек Пайзов мәлімдеді.
-Алғашқылардың бірі болып Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі биылғы жылы Орал, Алматы, Атырау қалаларындағы білім ошақтарымен бірге «Шелл Қазақстан» компаниясымен бірлескен «Күн энергиясы - мектептерге» жобасының екінші кезеңін бастағалы отыр.
Маусым айында «Шелл Қазақстан» компаниясы аталған жүйелерді іске қосып, білім ордасы пайдаланатын 25-30% жуық электр қуатын үнемдеу көзделіп отыр. Жобаның салтанатты ашылуы Астана күні қарсаңында 2019 жылдың 6 шілдесіне жоспарлануда.
«Күн энергиясы - мектептерге» пилотты жобасы Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы (ДББҰ), «Шелл» компаниясы мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі және энергетика министрлігінің арасындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандум аясында жүзеге асырылады.
Шелл мен Зияткерлік мектептер арасындағы ынтымақтастық оқушылардың экологиялық ойлауын дамытып, жасыл энергетикамен таныстыру арқылы ғылыми жобалармен айналысуға мотивация береді,- деді Ермек Серікұлы.
Назарбаев Зияткерлік мектептері ДББҰ баспасөз қызметінің басшысы Мира Алипинованың айтуынша, «Шелл» әлемдік мұнайгаз брендінің «Күн энергиясы - мектептерге» пилоттық жобасы 2018 жылдың 1 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласында өткен Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымының 10 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы Дала мұрагерлері» форумында таныстырылды.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевпен кездесу кезінде «Шелл» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Оливье Лазар концерннің осы сияқты мектептік жобалары жаңартылған энергия көздерін алу және жасыл энергетикаға көшуге үлкен септігін тигізетінін атап өтті.
«Шелл»-дың алғашқы күн энергиясын ел астанасында орналасқан физика-математикалық бағыттағы мектеп 2018 жылы пайдалана бастады. Мұнда қуаттылығы 100 Квт/сағат фотоэлектрлік панельдермен жабдықталған арнаулы тұрақтар орнатылды».
Жаңа жобаның таныстырылуымен қатар білім ошағы жергілікті және республикалық БАҚ өкілдерін алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттар табыстады. Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі базасында өтіп жатқан Зияткерлік мектептердің баспасөз қызметінің мамандарының семинарына еліміздің бірнеше қаласынан келген баспасөз хатшылары әннен шашу шашып, өз өнерлерін ортаға салып, Маңғыстау журналистеріне арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырды.
Мектеп басшылығы, баспасөз хатшысы Рыскүл Рамазанова журналистердің еңбегіне алғыс айтып, ынтымақтаса қызмет етіп жүрген әріптестері-тілшілердің ақпараттық қолдауына ризашылық білдірді.
Суреттерді түсірген Нүркен Тәжібай
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему