Биылғы «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивалінің өзіндік ерекшеліктері бар
19 Апреля 2019 (15:23) | 2554 | Автор: Нурганым Имашева
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар орталығы алаңында өткен брифингте Облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Злиха Сапарова мәлімдеді.
-2006 жылдан бастауын алған шара биыл халық жазушысы Ә.Кекілбайұлы мен ақын Ф.Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойлары аясында өтеді. Фестиваль алға қойған мақсаттарын толық атқарып келеді.
Атап айтсақ, осы жылдар ішінде ауылдардағы мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық жағдайына жан кіріп, ел арасынан талантты жүздеген өнерпаздар анықталды. Дәстүрлі өнер додасының әр маусымында жұртшылыққа беймәлім болып келген 100-ге жуық жаңа есімдердің, ұжымдардың тұсауы кесіледі. Фестивалдің бас жүлдесіне жыл сайын облыс әкімі автокөлік сыйға тартып, жеңімпаз аудан-қалаларға 17 автокөліктің кілті табысталған.
Осылайша мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасының нығаюына үлкен үлес қосуда. Айта кететін болсақ 2007, 2009, 2011, 2013 жылдары жүлдегерлер көшін Маңғыстау ауданы бастаса, 2006, 2010, 2013 жылдары Түпқараған ауданы жеңімпаз атанған. Осы көшті 2010, 2012, 2017 жылдары Жаңаөзен қаласы жалғастырады. Ал Мұнайлы (2008 ж) мен Қарақия (2011 ж) аудандары үздік деп танылса, Ақтау қаласы 2007, 2012 жылдың жүлдегерлері атанған.
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ «Жастар жылы», Сүгір жырау Бегендікұлының 125 жылдығы, Халық жазушы Әбіш Кекілбайұлы мен ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойлары аясында «Маңғыстау жұлдыздары» өнер фестивальі биыл XI рет «Жетістікке жетелейтін жеті қыр» деген атпен ұйымдастырылып отыр. Фестивальге 15 жастан жоғары түрлі салада қызмет ететін, сондай-ақ арнаулы және орта оқу орындарындағы көркемөнерпаздар қатыса алады.
Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан шараның ең негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты өнерге баулу, шығармашылық қабілеттерін дамытып, жас дарындарды анықтау. 9 аталым бойынша бақтарын сынайтын өнерпаздардың өнерін кәсіби мамандардан іріктелген қазылар алқасы саралайтын болады – деді Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Жеміс Ержігітова.
Талайлардың қиялына қанат байлаған фестивальге шалғай ауылдардағы өнерпаздар да белсенділік танытуда. Аудандарда Вокалды аспаптар ансамбльі қайта жанданса, Ұлт-аспаптар оркестрі тұрақталған. Қазіргі таңда Т.Жүргенов атындағы өнер институтында, Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда және Батыс Қазақстан облысындағы М.Өтемісұлы атындағы университетінде жеңіп алған гранттары бойынша 25-ке тарта жас білім алуда. Халықтың дәстүрін, салтын, әуенін, мақамын жоғалтпай ел мәдениетінің дамуына үлес қосып келе жатқан фестиваль жыл сайын жоғары деңгейде өтуде.
-Биылғы шараның басты ерекшелігі – қатысушылар, «Көркемсөз оқу» аталымы бойынша Ә.Кекілбайұлының прозалары мен Ф.Оңғарсынованың шығармаларынан үзінді оқитын болады.
Бұл дегеніміз - ұлы тұлғаларымыздың 80 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып, олардың шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттау болып табылады.
Фестиваль жыл сайын облыс орталығы Ақтау қаласында жеңімпаздардың гала концерті және марапаттаумен қорытындыланады. Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен өтетін шараның бас жүлдесіне осы жолы да автокөлік сыйға берілетін болады.
Аталған фестиваль облыстың аудан-қалаларындағы мәдениет саласын көтеру, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, жалпы халықтың басын өнердің төңірегінде біріктіру жолындағы қуатты құрал екендігін дәлелдеді. Бұл – «Ел іші – өнер кеніші» деген халық даналығын айқындай түскендей,- деп мәлімдеді ұйымдастырушылар.
Суреттерді түсірген Өңірлік коммуникациялар қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему