Маңғыстауда сот корпусы жыл қорытындысы бойынша кеңес өткізді
9 Февраля 2019 (16:36) | 1767 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облыстық сотында өткен кеңейтілген кеңес жұмысында 2018 жылғы 12 айда атқарылған соттардың жұмысы талқыланды.
Кеңес жұмысына Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Даулиев бастаған судьялар корпусы мен сот қызметкерлері қатысты. Бұл туралы біздің басылымға Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Іс-шара барысында өңірдегі сот төрелігін сапалы атқару, заңдылықты сақтау, соттардың жұмысын одан әрі жетілдіру мәселелері бойынша алқа төрағалары, арыз-шағымдар және сот әдебі жөніндегі комиссиялардың төрағалары, БАҚ-пен байланыс жұмысын үйлестіруші судья мен соттар әкімшісінің басшысы, сондай-ақ аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары баяндама жасады.
Кеңесті ашқан Е.Даулиев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданып, қолданысқа енгізілгенін, аталған новеллалардың сот жұмысын оңтайландыруға және барынша күрделі істерге баса көңіл бөлуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ, ол аталған реформалардың маңыздылығын айтып, істерді қарау сапасын одан әрі арттыру, жергілікті соттардың жұмысындағы кемшіліктердің алдын алып, себептеріне талдау жасау, заңдылықтардағы жаңашылдықтарды барынша қолдануды қамтамасыз етуді тапсырды.
Одан әрі Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрғасы Ержан Қарабаев есепті мерзімде қаралған қылмыстық істердің статистикасы туралы баяндады.
2018 жылдың 12 айында жергілікті соттарда барлығы 1921 тұлғаға қатысты 1874 қылмыстық іс қаралған, 1584 адамға қатысты үкімдер шығарылған. 2017 жылы 16 адам ақталса, 2018 жылы 23 адамға қатысты ақтау үкімі шыққан. Жалпы облыс бойынша қылмыстық істер саны өткен жылға қарағанда 188 іске көбейген.
Сондай-ақ, қылмыстық сот алқасының төрағасы алаяқтық (2018 ж.-90, 2017 ж.-68), есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу (2018 ж.-241, 2017 ж. -141), билік өкiлiн қорлау (2018 ж.-70, 2017 ж.-38), мұнайдың және мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу (2018 ж.-39, 2017 ж.-22) секілді қылмыстық іс санаттарының артқанын атап өтті. Алқа төрағасы аудандарда қылмыстық істердің арту себебіне талдау жасау қажеттігіне, медиацияның тиімділігін түсіндіру мен қолдану жұмыстарына басымдық беру керектігіне айрықша тоқталды.
Ал, азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсапа Примашев есепті мерзімде азаматтық және әкімшілік істердің едәуір өскенін атап өтті. Яғни 2017 жылы 23 134 азаматтық іс қаралса, 2018 жылы 12 айда барлығы 36 434 іс қаралып, аяқталған. Есепті кезеңде барлығы - 17 243 әкімшілік іс қаралған.
Облыс бойынша 178 қылмыстық іс, 1 308 азаматтық іс медиация рәсімімен аяқталған.
Кеңес барысында «Сот төрелігінің 7 түйіні» бойынша «Коммуникациялық стратегия» жұмыстары туралы БАҚ-пен байланысын үйлестіруші судья Айжан Молбаева баяндама жасап, ақпараттық жұмыстардың маңызы мен жаңа талаптар туралы түсіндірді.
Сот жүйесі мен судьялардың имиджін көтеру, халық пен сот арасында байланыс орнату, халыққа құқықтық білім беріп, заңнамалармен таныстыру мақсатында сот қызметкерлері БАҚ-пен тығыз байланыс орнатқан.
2018 жылдың 12 айында Маңғыстау облыстық соттары 2504 ақпарат пен мақалаларды түрлі БАҚ-тарда, веб-сайттарда жариялаған. Сондай-ақ әр апта сайын «Маңғыстау» телеарнасынан «Татуластыру. Сотқа дейін, сотта» бағдарламасы мен «Менің құқығым» тікелей эфирі арқылы судьялар түрлі тақырыпта сұқбаттар беріп келеді.
Облыс соттарының жұмысы, қаралған істері туралы ақпараттар ҚР Жоғарғы Сотының, Маңғыстау облыстық сотының веб-сайттарына орналастырылуда. Бұл туралы А.Молбаева өз баяндамасында толық айтты.
Кеңес соңында Е.Даулиев өңірлік соттарда іске қосылған пилоттық жобаларды іске асыру нәтижесі, орын алған кемшіліктер мен келеңсіздіктерді жою бойынша нақты талаптар қойды.
Бұл күні облыстық сот жанындағы сот әдебі жөніндегі комиссия құрамы, Судьялар Одағының облыстық филиалының жұмыстары да талқыланды.
Суреттерді түсірген Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему