Айтыскер ақынмен кездесу өтті
5 Февраля 2019 (16:44) | 2960 | Автор: Нурганым Имашева
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңннен баста» кіші бағдарламасы аясында маңғыстаулық айтыскер ақын Нұрлан Мусаевпен кездесу өтті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен өткен шараға мемлекеттік қызметшілер қатысты. Агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова, Елбасының «Болашаққа бағдар – Рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасының Маңғыстау өңірінде жүзеге асырылуына тоқталды.
«Өздеріңіз жақсы білесіздер, біз бұған дейін Арман Бердалин, Дәулеткерей Кәпұлы сияқты танымал ақындармен кездесулер өткізген болатынбыз. Ал биылғы жылдағы кездесуді жергілікті Нұрландай азаматтан бастағанды жөн санадық. Жалпы ұлттық рухты нығайтып, мемлекеттік қызметшілердің шығармашылығын дамыту қашанда маңызды. Ақын - ақиқаттың жаршысы. Ал ақынның шығармашылығымен танысу, белгілі бір тақырыпқа орай көзқарасын білу, кім-кімге де қызықты болары сөзсіз», - деді ол.
Рас, рухани азық беретін осындай шаралар мемлекеттік қызметшілер үшін ауадай қажет, әсіресе жастардың патриоттық сезімдерін шыңдауға септігін тигізері хақ. Басқосуда ел татулығы, бірлік пен тұтастық ұғымдары туралы маңызды ақпараттар айтылды. Суырып салма ақын екеніңізді қайдан білдіңіз деген Нұргүл Жанназарованың сұрағына, ақын былай деп жауап берді: Мектеп қабырғасында тәрбие сағаттарына қатысып өлең шығаратыным бар еді. Әкем құр адам емес, нағашыларымның да өткір-өткір әзілдері бар. Әкемнен екі, ал нағашы жұртымнан бір шумақ шықса, менен 5-6 шумақ шыққанын мектепте жүріп байқадым. Жылда Қашаған Күржіманұлы атындағы оқушылар айтысы болатын, әннен сабақ беретін ұстазымның сол байқауға барасың деген сөзін тастамай алғашында 11-сыныпта жүріп аудандық байқауда жүлдеге ие болдым, содан соң облыстық деңгейде өнер көрсетіп 2-ші орын алғаным есімде. Осылайша республикалық байқауларға жолдама алып, көзге түстім. «Ер адам ақша тапса бұзылады, әйел адам бұзылса ақша табады» деп әзілдеген айтыскер ақын, жастардың парадан алыс болғанын және кәсіп жасап адал термен ақша тапқанын тілеймін деді. Өткен жылы «Өнер мен мәдениетте сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ!» атты акцияның өтуіне бүгінгі кейіпкердің үлесі орасан болыпты. Айтысқа шығыңыз, қоғамда сыбайлас жемқорлық жайлап кетті. Қарапайым тілмен халыққа жемқорлықтың қандай дерт екендігін жеткізейік деген ұсынысым жерде қалмады деп есіне түсірді кешті жүргізуші Нұргүл Алмасқызы. Алғашында Нұрлан мырза шәкірттерін жібермек болыпты. Айтысқа топырақ шашпаймын, қай сала болсын сыбайлас жемқорлықтың жайлап кеткен дәуірі болып тұр қазір деп жауап қатқаны әлі есімде. Сол шараға белсенді қатысатынын айтып, сөзінде тұрғаны бар. Сол уақыттан бері, агенттіктің аумақтық департаменті бастаған барлық шараларға белсенді қатысып келеді деп өзінің алғысын жеткізді.
Қолынан домбырасы түспеген Нұрланның әзілі таусылмады, бірінен соң бірі айтып көрермендердің көңілінен шығуға тырысты. Әсіресе жора жолдастары жайында қызықты әңгімелерді айтқанды ұнататынын жеткізді. Соның бірі Сыр өңірінен Мұхтар Ниязов деген «Алтын домбыра» байқауының екі дүркін иегері Астанаға қыдырап барған дейді. Сөйтсе Нұрмат Мансұров деген досы әуежайдан күтіп алып, жолда келе жатырса жол сақшылары тоқтатып, құжаттарын тексерген деседі. Сөйтіп инспектор Нұрмат Мансұров, Сіз 1985 жылғы екенсіз ғой, мен сіздің түріңізге қарап 1975 жылғы екен шығар деп ойлап қалдым деген екен дейді. Сөйтсе, Нұрматтың қасындағы Мұхтар ақын үнсіз қалмапты, әлгі полицейге Сізді көріп 10 жылға қартайып кеттік ғой депті дейді» деген әзіл әңгімелерін айтып берді.
-Сабыр Адай, Меліс Қосымбай, Есенбай Құли сияқты алдыңғы аға буыннан үйренгені көп және бүгінде сыбайлас жемқорлықпен күресуді өзінің борышы санайтын Нұрлан Мусаев, айдың 30 күнінде өз көрерменімен қауышуға әрдайым дайын екендігін жеткізді. Мемлекеттік қызметшілер ақынға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, естелікке суретке түсті. Қазақстан Халқы Ассамблеясының ғимаратында өткен кештен мемлекеттік қызметшілер ерекше әсермен тарасты,- делінген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметі бөліскен ақпаратта.
Суреттерді түсірген Департаменттің баспасөз қызметті
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему