АЛТЫ АЛАШТЫҢ АРДАҚТЫ АҚСАҚАЛЫ
Курс валют в Актау
на 24/04/2024
 
424.86
428.61
 
514.3
519.05
 
5.83
6.01
Номер редакции: +7 775 350 54 52
Новостной отдел: +7 777 259 44 50
Рекламный отдел: +7 778 399 22 62
reklama@tumba.kz
ПОДАТЬ ОБЪЯВЛЕНИЕ
Среда,
24 Апреля, 16:18
Вход |Регистрация
Главное » Тыныс

АЛТЫ АЛАШТЫҢ АРДАҚТЫ АҚСАҚАЛЫ

4 Января 2019 (09:02) | 2935 | Автор: Нурганым Имашева

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жариялап, онда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылған ұлттық құндылықтар туралы ой толғауын жалғастырды. Мемлекет басшысы біздің даңқты батырларымыз, ойшыл-дарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ, бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар деп атап өткен еді.

 

 

Осы орайда тарихи сананы жаңғырту мақсатында, Ұлы даланың ұлы есімдері бағыты бойынша Заң ғылымының докторы, ұлттық Ғылым академиясының академигі, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Салық Зиманұлы Зиманов туралы баяндауды жөн көрдім.

 

ХІХ ғасырда Маңғыстау өңіріне назарын аудара бастаған патша үкіметі пәрменімен Форт-Александровскіде алғашқы білім ошағы 1878 жылы дүниеге келген. Бүгінде Форт Шевченко қаласының сәулет ескерткіштерінің біріне айналып, халық арасында «көк мектеп» атанған білім ордасы Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында орналасқан. Ғимарат готикалық стильде жергілікті ұлутастан салынып, бір кластық 4 жыл оқытатын бастауыш училище ретінде ашылады. Тек 1911 жылы екі кластық училищеге, ал 1920 жылы бірінші және екінші дәрежелі бірыңғай еңбек мектебі болып өзгертілген екен.

 

 

Бұл білім ордасында елімізге белгілі – мемлекет қайраткері Жалау Мыңбаев, ғалым-ихтиолог Зұлқаш Баймырзаев, медицина ғылымының докторы Естөре Оразақов, ғалым Шайқы Еркеғұлов сияқты азаматтар тәлім алған.

 

Осы мектепте сабақ беріп, ел құрметіне ие болған ұстаздар қатарында, 1938 жылдан бастап мектепте тәлім берген - ғалым, қоғам қайраткері, заң ғылымдарының докторы, академик - профессор Салық Зиманұлы Зимановтың есімін ерекше атауға болады. 17 жасында сол кездегі облыс орталығы Гурьевтен жолдама алып, алғаш қызметке кірісіп, математика және физикадан осы мектепте сабақ береді.

 

Бұл мектеп қазір Маңғыстау облысы Түпқараған аудандық білім бөлімінің «Дарын» қосымша білім орталығы деп аталады. Онда Салық Зимановтың құрметіне «Салық Зиманов атындағы аудитория» және мұражай бар. Мұражай орталықтың ең көрнекі жер болғандықтан, онда аудандағы білім беру ұйымдарының оқушыларымен өткізілетін барлық сайыстар, байқаулар мен конкурстар ұйымдастырылады.

 

 

Салық Зиманұлы кезінде осы мектептегі қызметте жүріп, әскер қатарына аттанып, одан әрі Ұлы Отан соғысына қатысады. Ұлы Отан соғысына бастан-аяқ қатысқан - нағыз халық батыры. Ол қатардағы жауынгер ретінде - 1941 жылдың қыркүйегінен бастап- Оңтүстік Кавказ, Солтүстік Кавказ, Далалық, Воронеж, 2-Украин және 2-Беларус майдандарында шайқасқан. Жауынгер жолдастарымен Буг, Днепр, Одер өзендерін кесіп өткен. 1943 жылдан бастап соғыстың аяғына дейін 5-ші танк армиясының 8-ші механикаландырылған корпусында қызмет еткен екен. Алғашында батарея, дивизион командирі, кейін 615-ші миномет полкі командирінің орынбасары, командирі, 66-шы механикаландырылған бригада командирінің орынбасары болған. Соғыс кезінде Төрт рет жараланған. Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Кавказ қорғанысына қатысқаны үшін», «Кенисбергті алғаны үшін» және басқа да көптеген медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Президенттік бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығының иегері, «Отан», «Парасат» ордендерінің иесі.

 

Қоғам қайраткері, жазушы Әбіш Кекілбаев Салық Зиманов туралы бір естелігінде былай дейді: «Жасөспірім жігіт кезінде алғаш рет қызметін бастаған Ақкетік (Форт-Шевченко) қаласындағы мектепке бардық. Қайтадан қалпына келтірілген мектептің осы заманша жабдықталған оқу залдары мен кабинеттерін аралап көрдік. Сүйсіндік. Сәкең қайта-қайта анталаса жаутаңдасқан бүлдіршіндермен отыра қалып, сұхбат құрды. Отызға толмай жатып зеңбірекшілер дивизиясын, бригадасын басқарған ержүрек офицерден қараны қандырып, төрені төндірген, білмейтіні жоқ ұлы Ұстазға, Қазақ ғылымының тірі Патриархына айналғанға дейінгі қызық та хикметті өмір жолынан сыр шертті» деп толғанады.

 

 

Ел тұтқалары Салық Зимановты Алты Алаштың ардақты ақсақалы деп атайды. Оның еліміз егемендік алған тұста саяси және құқықтық жүйенің теориясы мен тарихының, конституциялық құқықтың білгір маманы ретінде мемлекетіміздің құқықтық негізін қалауға бағытталған заңнамалық реформалардың басында тұрғанын, Тәуелсіз Қазақстанның аяғынан тік тұруына аянбай ат салысқанын ел азаматтары жақсы біледі.

 

 

Салық Зиманов 40 жасында ғылым докторы атағын алды және Қазақстан ғылымы тарихында қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымының докторы болды. Оның ірі заңгер, қазақ елі үшін сіңірген ерекше еңбегі туралы академик Кенжеғали Сағадиев:

 

«Сәкеңнің өресі биік, іргелі ғылымның озық қайраткері екенін кеше Қазақстан егемендік алып, ол туралы декларация қабылданғанда және дербес еліміздің тұңғыш Ата заңын қабылдағанда көрдік. Жалғыз өзі осы егемендігіміздің іргесін қалайтын негізгі заңдарды құрастырып, шет ел тәжірибесін молынан пайдаланып, осы қағидалардың дұрыстығын үкіметке де, парламентке де, қала берді, бүкіл халыққа да дәлелдеп бергені ерлік емес пе!» деп бағалайды.

 

 

Кең байтақ қазақ елінде ұлы тұлғалар өте көп. Оларды өз ұрпағымызға таныту, дарынын насихаттау ортақ ісіміз. Маңғыстау облысы соттары Салық Зимановтың сот-құқық жүйесіне қосқан зор үлесін насихаттау мақсатында бұған дейін конференциялар, Зиманов оқуларын өткізіп келеді. Заңғар академик туралы судьялар құнды материалдар жинақтап, мазмұнды мақалалар жариялауда.

 

Дала даналары заманында бір туады. Бірақ олардың есімі мәңгі тарихта қалады. Ұлы даланың ұлы тұлғаларын өскелең ұрпаққа таныстыру жұмыстары әлі де жалғаса бермек.

 

Едіге Берекетұлы Бегенов

Маңғыстау облысы

Түпқараған аудандық сотының судьясы

 

Суреттер автордыкі, Н.Задерецкаяныкі және el.kz сайтынан алынды

Подписывайтесь на наш Telegram канал -
будьте в курсе всех новостей
Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Нашли ошибку? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
КОММЕНТАРИИ:
нет комментариев
ДОБАВИТЬ КОММЕНТАРИЙ
Комментарии могут оставлять только зарегистрированные пользователи.
Зарегистрируйтесь или войдите в систему