Маңғыстауда Соттар әкімшісінің басшысы тағайындалды
24 Декабря 2018 (16:02) | 1861 |
Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ержан Даулиев Маңғыстау облысы бойынша Соттар әкімшісінің жаңа басшысы Алмашов Нұртай Жолтайұлын ұжымға таныстырды.
Алмашов Нұртай Жолтайұлы 1981 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «құқықтану» мамандығы, «Болашақ» университетін «экономика» мамандығы бойынша бітірген.
Алғашқы еңбек жолын 2004 жылы Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс жөніндегі агенттігінің жетекші маманы болып бастаған. Әр жылдары аталған агенттікте бас маман, бөлім басшысы, бас эксперт, Қазақстан Республикасы Байланыс және ақпарат министрлігінде стратегиялық жоспарлау, жиынтық талдау және бақылау басқармасының бастығы, директордың орынбасары, құжаттамалық қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді дамыту департаментінің директоры қызметтерін абыройлы атқарып, мол тәжірибе жинаған.
2014 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотында нормативтік құқықтық актілерді келісу және әзірлеу секторының меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппараты) жергілікті соттардың және кеңселердің қызметін ұйымдастыру-құқықтық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарған.
Ержан Даулиев:
-Алмашов Нұртай бүгінге дейінгі атқарған жұмыстарында өзін бәсекеге қабілетті, белсенді, жауапты және білікті қасиетімен көрсетті. Ендігі жерде сот жүйесінің ашықтығы мен жариялылығына сай өз қызметін мінсіз атқарады деп сенім білдіремін. Жаңа лауазымына сәттілік пен абырой тілеймін, - деді.
Бұл туралы біздің басылымға Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Суреттерді түсірген Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі
Зарегистрируйтесь или войдите в систему