«Жастар үйінде» ақысыз ағылшын тілін оқыту курсы өз жұмысын бастады
13 Сентября 2018 (09:55) | 3496 | Автор: Нурганым Имашева
12 қыркүйекте «Жастар үйінде» Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы және "Жас қоғам" жастар бастамаларын қолдау қорының ұйымдастыруымен 14 пен 29 жас аралығындағы жастарға арналған тегін базалық ағылшын тілі курсы ашылды.
-Алдын ала жергілікті БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы хабарландыру таратылғаннан бастап тегін тіл үйрену курстары туралы таратылған ақпарат қызықтырған жастар аталмыш курсқа жазылуға зор қызығушылық танытты. Соның нәтижесінде тіл үйренуге ниет танытқан жастардың қарасы 1-2 күннің аралығында жүзден асты.
Сөйтіп, барлық тіл үйренуге ниет танытқан жастар төрт топқа бөлініп, әр топқа аптасына 1,5 сағаттан үш реттен дәріс алу арқылы бір ай көлемінде ағылшын тілінің базалық курсын меңгеру мүмкіндігі беріліп отыр,- деп хабарлайды біздің басылымға облыстық жастар ресурстық орталығының «Ақпарат және БАҚ-пен байланыс бөлімі».
Маңғыстау өңірінде тұңғыш рет қолға алынып отырған жастарға арналған осынау игі іс, жақсы жобаның мақсаты туралы Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығының директоры Досан Жеткізген:
- Елбасымыздың міндет етіп қойған бәсекеге қабілетті мемлекет құруда жас ұрпақтың тигізер үлесі зор. Бүгінгідей жаһандану заманында көп тіл білетін адамның қоғамдағы алар орны да ерекше.
Ағылшын тілін үйрену, оны жетік меңгеру — бұл ең алдымен заман талабы екені баршамызға аян. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев: «Әрбір Қазақстандық үш тілді жетік меңгеруі керек. 2020 жылға дейін ағылшын тілін білетін тұрғындар саны біршама көбеюі керек» — деп айтқан еді. Сондықтан елімізде мектеп табалдырығынан бастап жоғарғы оқу орындарында ағылшын тілін үйрету айрықша мәртебеге ие.
Жастарға арналған тегін ағылшын тілін үйрену курстарын ашудағы мақсатымыз – өскелең ұрпақтың сауатты, бәсекеге қабілетті, жан-жақты, рухани дамыған, ұлтжанды болып қалыптапсуына ықпал ету. Тегін оқыту курсына негізінен ақылы курстарға жазылуға мүмкіндігі жоқ, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларының қатысуына көбірек басымдылық беріп отырмыз.
Жалпы, Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы жастарға арнап алдағы уақытта шешендік өнер, қаржылық сауаттылықты арттыру, жастарды өмірлік дағдыларға үйрету бағытында курстар ұйымдастыруды қолға алып, жас ұрпақтың қабілеттерін шыңдап, өз қажеттілігіне орай, пайдалы іспен айналысып, бос уақыттарын тиімді өткізуіне жағдай жасауды жоспарлауда. Жастарға арналған жаңашыл жобалар келешекте өз жалғасын таппақ, -деп мәлімдеді.
Орталық мамандарының хабарлауынша, «Жастарға арналған ақысыз ағылшын тілін оқыту курстары кезең-кезеңімен жыл аяғы - желтоқсан айына дейін жалғасатын болады. Бүгін басталған сабаққа орыс тілді жастар келсе, келесі айдан бастап оқыту қазақ тілді жастар арасында жалғасатын болады. Ағылшын тілінің базалық курсын меңгерген жас өрендерге арнайы сертификаттар беріледі».
Ағылшын тілін үйрету курсын жүргізетін оқытушы Гүлзейнеп Қасымханның айтуынша, «Бүгінгі алғашқы сабаққа келген жастардың тіл үйренуге деген ынтасы өте зор. Жас өрендердің заман талабына сай әрекет етуге деген талпынысы көңілге қуаныш ұялатты».
Жаһанданған заман елімізді барлық елдермен бәсекелесе дамуға итермелейді. Тілдің қажеті артқан сайын, сұраныс артқан сайын осы қажетті қамтамасыз ету үшін арнайы шаралар да жиі ұйымдастырылып тұрады. Бәсекелестікте тек мықтылар ғана жеңіп шығады, ал бәсекеге шыдай алмайтындар жеңіліске ұшырайды. Қазіргі заман ашықтық пен жан-жақтылықты талап етеді. 2050 жылға дейінгі кезеңге арналған еліміздің даму стратегиясында қазақ тілін өркендету мен шет тілдерді оқыту мәселесіне айрықша мән берілген. Шет тілін білу - сән емес, заман талабы екені белгілі. Туған тілді жетік меңгеруді, қастерлей білуді мақсат етіп қою керек. Бірақ бір тілмен ғана шектеліп қоймай, жан-жақты болуға, тіл үйренуге талпыну керек. Бұл жастардың болашағының ғана емес, тұтастай ұлтымыздың болашағының жарқын болуының кепілі.
Қорытындылай келе айтарымыз, ағылшын тілі – байланыс тілі. Ағылшын тілі қазіргі заман талабына сай, кең ауқымда қолданылатын тіл. Жаһандық экономикадағы тіл десек, артық айтпағанымыз болар.
Ағылшын тілі бүгінгі заманда өте маңызды рөлге ие болып отыр. «Қазақстан бүкіл әлемде үш тілді пайдаланып жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар қазақ тілі-мемлекеттік тіл, орыс тілі-ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі»-деп Елбасымыз өз жолдауында айтып кеткен.
Суреттер автордыкі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему