Алғыс арқалаған абзал жан
13 Июня 2018 (12:10) | 7355 | Автор: Нурганым Имашева
Жыл сайын маусым айының үшінші жексенбісінде елімізде медицина қызметкерлерінің күні аталып өтеді. Осы мерекенің қарсаңында қаламыздың денсаулық саласында ұзақ жылдар қызмет етіп, адал еңбегінің арқасында ел алғысына бөленген дәрігер туралы мақала жазу қажет болғанда «Қай емдеу мекемесіне барсам болар екен?» деген сауалдың жетегінде келе жатып, №1 Ақтау қалалық емханасына баруды жөн көрдім.
Төртінші қабаттың дәлізіне көтеріліп, адамдар көбірек жиналған дәрігер кабинетінің алдына аялдадым. Кезек күтушілермен тілдесу барысында олардың 6-шы шағынауданның учаскелік дәрігері Жанар Ахмедованың қабылдауына келіп отырғанын білдім. Дәрігер туралы мақалаға кейіпкер таңдағалы жүргенімді естігенде кезекте отырғандар бір серпіліп қалды. Осыдан кейін-ақ учаскелік дәрігер туралы науқастардың көбі өз пікірін, жылы лебіздерін жарыса айта бастады.
Ақтау қаласындағы 6-шағынауданның №21 үйінде тұратын Осокина Валентина Дмитриевна есімді зейнеткер:
-Мен Ахмедова Жанар Нұрмұханқызын көп жылдардан бері дәрігер ретінде танимын, ол ұзақ жылдар бойы біздің 6-шағынауданның учаскелік дәрігері болып қызмет етуде. Бұл - өзі өте мейірімді, жүрегі жұмсақ, ізгі ниетті жан және өте сауатты, білімді дәрігер. Қандай кеңес сұрасаң да, сауалыңа жауабы дайын. Шағымымызды мұқият тыңдайды, дәрігерлік ақыл-кеңесін беріп, қандай дәрі-дәрмек қабылдау керек екенін айтады, сырқаттан жазылудың жолдарын көрсетеді. Шақыртсақ, үйімізге жетіп келіп, емін жасайды. Бұл дәрігермен әйел адам ретінде де, өзіңнің жақын апа-сіңілің сияқты да, жай қарапайым адам ретінде де тілдесіп, шүйіркелесудің өзі бір ғанибет, өйткені Жанар Нұрмухановнаның адамгершілігі, қарапайымдылығы, мейірімділігі, жанының жылуы оның дәрігерлік көмегіне мұқтаж әрбір жанға жетіп жататынының куәсі болып келемін.
Денсаулығыма байланысты ұзақ жылдар бойы осы учаскелік дәрігерімнің есебінде тұрмын, бұрын күйеуім мен оның анасы да осы дәрігердің бақылауында болған еді. Бәрімізге де бар ынтасымен көңіл бөліп, жылы сөзін аямайды. Үнемі берген дәрілерін қалай қабылдап жатқанымызды қадағалап, қоңырау шалып, сұрап отырады.
Жанар Нұрмухановнаны кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтап, оған отбасының бақытын, берекесін, жақын адамдарының жанында аман жүруін, денсаулықтарының мықты болуын тілеймін,-деген ізгі тілегін арнады.
Мақаламыздың кейіпкері, өз учаскесіндегі тұрғындардың алғысына бөленген ақ желеңді жан, №1 Ақтау қалалық емханасының терапевт- дәрігері Жанар Ахмедованың өзімен тілдесудің реті келген келген кезде қойған ең алғашқы сауалым: «Неліктен дәрігер мамандығын таңдадыңыз?» болды.
-Мектепте 6 сыныпта оқып жүрген кезімде анам қатты сырқаттанып ауырып қалды, дене қызуы өте жоғары болды. Үйге дәрігер шақырттық, бірақ ол ұзақ уақыт келмей қойды. Учаскелік дәрігеріміз келгенше, 2 күн бойы анам қатты қиналды. Ол кезде ауылдық жерде тұратынбыз. Ағам барып, дәрігерді үйге алып келді. Учаскелік дәрігер келгенше анам қатты ауырды. Сол кезде анамның қиналганын көріп, мен өскенде дәрігер боламын, ата-анамды өзім емдеймін деп армандадым, арманым орындалды.
Қазір әкем 82-де, анам 79 жаста, осы күнге дейін оларды өзім емдеп келемін,-деп жауап берді.
Сегіз баланы дүниеге әкеліп, оларға тәлімді тәрбие мен жақсы білім беріп өсірген әкесі Нұрмухан мен анасы Бибатбаның отбасында мейірім шуағына шомылып өскен Жанар Нұрмуханқызы бала кезінен ата-анасы мен бауырларына әркез жанашыр, қамқор болып бойжетті. 1988 – 1994 жж. Ақтөбе Мемлекеттік медициналық институтында жоғары білім алған жас маман Ж.Ахмедова 1994 ж. 1 тамызынан бастап, дәрігерлік алғашқы еңбек жолын бастайды. 1998 жылдан бастап күні бүгінге дейін табаны күректей 20 жыл бойы облыс орталығының 6 – шы шағынауданының учаскелік дәрігері болып қызмет атқарып келе жатқан Жанар Нұрмуханқызын аталған шағынаудан тұрғындары жақсы біледі. Өйткені осы білікті дәрігердің арқасында денсаулығымызды қалыпты жағдайда ұстауға тырысамыз, ауыра қалсақ, жанға – дауа, дертке – шипа іздеп, осы алтын қолды дәрігеріміздің көмегіне жүгінеміз дейді олар.
Алтыншы шағынауданның №9 үйінде тұратын Нурбаев Дүйсенбек аға:
-Учаскелік дәрігеріміз Жанар Ахмедованы біз бәріміз де жақсы көреміз. Өйткені ол кісіні көп жылдан бері дәрігер ретінде танимыз, учаскеміз бойынша 18 жылдан бері сол дәрігердің есебіндемін. Өзіміз хабарласпай кетсек, өзі бізді іздеп, телефонмен болса да хабарласып, денсаулығымыз туралы сұрап-біліп, дәрігерлік кеңесін беруден жалықпайды.
Жанар Нұрмуханқызына бар жақсылықты тілейміз. Бала-шағасының қызығын көрсін! Отбасында бақытты болсын, осылай халықтың алғысына бөленіп, ел үшін атқарған адал еңбегінің жемісін көріп, абыройы асқақтай берсін,- деген тілегін айтса, Дүйсенбек ағаның жары Ақзия апай да «Жанар Ахмедоваға алғысымыз шексіз. Отбасымыздағы әрбір адамның денсаулығы үшін шын жаны ашитын, өз қызметін адалдықпен беріле атқаратын осындай учаскелік дәрігеріміздің барына өте ризамыз»,-деген өз пікірін қоса отырып, дәрігердің атына арналған ақ тілектерін жаудырды.
Өзінің учаскесіндегі емделушілерінің алғысын арқалаған білікті дәрігер Ж.Ахмедова тек білгір маман ғана емес, сонымен қатар жұбайы Болатпен бірге сүттей ұйыған өнегелі отбасында екі ұл мен бір қызды дүниеге әкеліп, олардың саналы тәрбие мен сапалы білім алуы үшін бар жанын салып жүрген бақытты ата-ана, отбасында жолдасының аяулы жары.
Тұңғышы – Гаухар Ақтаудағы экономикалық лицейде алған білімін ҰБТ тапсыру кезінде жоғары дәрежеде дәлелдеп, Москва қаласындағы И.М.Губкин атындағы мұнай-газ институтына оқуға түсіп, оны былтырғы жылы қызыл дипломмен тәмамдап, елге оралса, ортаншы перзенті - ұлы биыл мамандандырылган Экономикалык лицейдің 9 сыныбын қызыл аттестатпен бітірді. 4 жастан асқан кішкентай ұлы, балабақшаға барады.
Өзінің дәрігерлік жолы туралы сұраққа ақ халатты абзал жан:
-6 шағынауданда жұмыс жасағаныма 20 жыл болды. Мединститутты бітіріп келіп, жас дәрігер болып жүргенімде әкем үнемі айтып отыратын, «жұмыстан кешікпе, жұмысыңа тиянақты бол, үлкен кісілерден алғыс ал, қор болмайсың»,- деп.
Саналы түрде өзім таңдаған мамандығымның майталманы болуым керек деп бір кезде өз алдыма мақсат қойдым. Сол мақсатыма жету үшін, талмай еңбек етіп келемін. Өзіме дәрігер ретінде сенім артып, дертіне шипа іздеген әрбір жанға қол ұшын созып, дәрігерлік көмегімді көрсету - парызым екенін ешқашан ұмытқан емеспін.
Ұзақ 20 жыл бойы 6 шағынауданның тұрғындарына қызмет еткен жылдары пациенттерім де өзімнің ағайын-туыстарымдай болып кетті. Бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Әрбір тұрғынның денінің сау болып, берекелі ғұмыр кешкенін қалаймыз біз-дәрігерлер де, әрине. Сондықтан кейде жылы сөзбен айтып түсіндіріп, жанашырлық танытсаң, кейбір пациенттерге өз денсаулығына салғырттықпен қарамай, тиянақты болуды ескертіп, талапшыл болуға да тура келеді. Өйткені әрбір адамның түсінігі әрқалай дегендей.
Дегенмен, дәрігер ретінде сенің берген кеңестеріңе құлақ асып, өз денсаулығына ең алдымен өзі жауапты екенін дұрыс сезіне білетін, тағайындалған емін уақытымен дұрыс қабылдап, сауығып кетуге талпынатын емделушілерді көргенде жаның жадырайтыны рас. Ондайда өз еңбегіңнің еш кетпегеніне қуанасың, әрине,- деген ойымен бөлісті.
6 шағынауданның №21 үйінің тұрғыны Мусаева Нина Ивановна есімді зейнеткер:
-Ақтау қаласында 1963 жылдан бері тұрамын, қазір 71 жастағы зейнеткермін. Ж.Ахмедовада 10 жылдан аса уақыттан бері дәрігерліе есепте тұрмын. Қазір аяғымды басып жүре алмаймын. Жанар Нұрмухановна учаскелік дәрігер ретінде үнемі үйіме келіп, менің денсаулығымды жіті қадағалап отырады, қажетті дәрі-дәрмектерімді де әкеліп береді, телефон соғып та халімді сұрап, жиі-жиі өзінің кеңестерін беріп жатады.
Келген кезде денсаулығымның жайын асықпай тексеріп, қан қысымымды өлшеп, қажетті кеңестерін айтып, шын жанашырлықпен дәрігерлік көмегін аямайды.
Мен өз басым учаскелік дәрігеріме дән ризамын. Шексіз алғысымды білдіремін, Жанар Нұрмухановнаға. Отбасына - бақыт, жақындарына - мықты денсаулық тілеймін. Балаларының қызығын көрсін!-деп ағынан жарылды.
Ұзақ жылдар бойы пошта саласында қызмет еткен 71 жасар зейнеткер, 6 шағынауданның 26 үйінің тұрғыны Боранқұлова Зина апай:
-Ж.Ахмедова – адамгершілігі мол, қарапайым, жасы ұлғайған адамдарға ерекше жылулық танытып, жақсы, жылы сөзімен, қамқор пейілімен, пациенттеріне көп көңіл бөлетін, қажетті ем-домын жасап, дәрігерлік кеңестерін аямай, бізді емдеп жүрген білімді дәрігеріміз.
Менің екі балам да осы дәрігердің есебінде тұр, денсаулықтарына қатысты, оларға да көп көңіл бөледі, үнемі қадағалап отырады балаларымның да уақытылы ем қабылдауын, үйімізге келіп тұрады. Шынайы жанашырлықпен біздің отбасымыздың мүшелерінің денсаулығын ұзақ жылдар бойы бақылап, бәрімізді емдеп келе жатқаны үшін ол кісіге ризамын. Әлемдегі бар жақсылықты тілей отырып, Жанар Нұрмухановнаға, дені сау болсын, халықтың алғысына бөлене берсін деймін,-деп ақ тілегін жаудырды.
Осындай алғысқа толы ақжарма тілектер мен жүрекжарды лебіздерді тыңдай отырып, халықтың денсаулығын сақтау, нығайту жолында аянбай адал еңбек етіп жүрген Ж.Ахмедовадай дәрігерлер барына шын көңілден риза боласың. «Жақсының – жақсылығын айт, нұры тасысын!» –деген халық даналығын ескерсек, Жанар Нұрмуханқызындай білімді, білікті, өз ісінің майталманы, елдің алғысын арқалаған ақ халатты абзал жандар біздің әрқайсымыздың деніміздің сау болып, жарқын өмір сүруіміз үшін аянбай тер төккені - ел игілігі үшін атқарылған ерен еңбек.
Ендеше, халқымыздың денсаулығын сақтау жолында жемісті еңбек етіп жүрген барша ақ желеңді абзал жандар алда келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!
Суреттер мақала кейіпкерінің жеке архивінен алынды
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему