Косметика ұрлап, айыппұл төледі
2 Марта 2018 (20:50) | 4453 | Автор: Нурганым Имашева
«Сұғанаққолдысормаңдай» демекші, ұрлықтың «үлкен, кішісі» болмайды. Осы орайда ұсақ-түйекті үптеп кеткендер де заң бойынша жазаға тартылатынын айтқым келеді.
Сондай оқиғалардың бірі Түпқараған ауданы, Ақшұқыр селосындағы дүкендердің бірінде орын алған еді. Гүлжаз «Аружан» дүкеніне келіп, емін-еркін сауда жасап, өзіне қажетті заттарды сатып алған.
Алайда, ол ақшасының жетпейтінін біле тұра сөреде сатылымда тұрған 8000 теңге тұратын «faberlic» фирмасының бір дана тональдық креміне көзі түсіп, оны ешкімге көрсетпей, қалтасына сүңгітіп, кете барады.
Бірақ, 28 жастағы әйелдің оғаш қылығы дүкендегі бейнетаспаға «тайға таңба басқандай» жазылып, сотта бұлтартпас дәлелге айналады.
Осы орайда «түйе ұрлаған да - ұры, түйме ұрлаған да - ұры» деген сөз еріксіз еске түседі. Гүлжаздың кінәсі өзінің жауабымен қатар жәбірленушілердің жауаптарымен толық дәлелденді.
Осылай ол 8000 теңгенің болмашы затын жымқырамын деп, Қазақстан Республикасы ҚК-нің 187-бабының 1-бөлігімен (Ұсақ-түйек жымқыру, яғни болмашы мөлшерде жасалған, бөтеннің мүлкін ұрлау, алаяқтық, иемденіп алу немесе талан-таражға салу) кінәлі деп танылып, оған 60 125 теңге айыппұл салынды.
Ұсақ-түйек жымқыру бір жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық бес тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Дана халқымыз «ұрлық түбі-қорлық» деп бекер айтпаса керек. Себебі, біреудің мүлкіне заңсыз қол сұғу күндердің-күні темір торға телміртуі мүмкін.
Осы орайда «Жақсы болмақ - мың күнде, жаман болмақ - бір күнде» демекші «ешкім көрмей тұр» деген желеумен ұсақ-түйек жымқырып, аппақ арымызға өшпес таңба салмайық дегім келеді.
(кейіпкердің аты-жөні өзгертілді)
Сақтағанова Айтгүл Маңғыстау облыстық сотының құжатамалық қамтамасыз ету басқармасының бас маманы
Сурет chukcha.net сайтынан алынды
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему