Ақтаулық полиция қызметкерлері жас түлектерді тәртіп сақшысы мамандығын таңдауға шақырды
4 Февраля 2018 (11:43) | 3065 | Автор: Нурганым Имашева
Бүгін 3-ші ақпан күні М.Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында Ақтау қалалық ІІ Басқармасы биылғы жылы алдында кәсіп таңдау сияқты үлкен жауапты кезең күтіп тұрған жас өрендерге арнап үлкен қызықты әрі танымды іс-шараны ұйымдастырды.
Бакибаев Талғат Әділұлы, Ақтау қалалық ІІ Басқармасының кадр жөніндегі бөлімінің бастығы полиция подполковнигі:
-Бүгінгі біздің «Ашық есік» күнін ұйымдастырғандағы мақсатымыз – ҚР ІІ Министрлігінің арнайы жоғарғы оқу орындарына 2018/2019 оқу жылдарына жас түлектердің қатарынан үмітерлер іріктеу, жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу болып табылады.
Қазіргі таңда Ақтау қалалық ІІ Басқармасында 75 жас қызметкер әр салада қызмет атқаруда. 2018 жылдың басынан 9 жоғары оқу орындарының курсанттары бізде диплом алдындағы тәжірибеден өтуде, олар еңбек тәжірибесі мол тәлімгерлерге бекітілген,- деп мәлімдеді.
Жиынға бүгінгі таңдағы жеке құрам қатарындағы тәртіп сақшыларымен қатар ішкі істер органдарының ардагерлері де қатысты. Облыстық филармонияның концерт залы Ақтау қаласының орта мектептерінің 10-11 – ші сынып оқушылары мен колледж студенттеріне лық толды.
Полиция қызметкерлері жас түлектерге арнап қызықты шара дайындаған екен. Жасөспірімдер ІІ органдарының қызметкерлерін дайындайтын еліміздегі ЖОО-ның тыныс-тірлігі, бүгінгі таңда Ақтау қаласының ІІ Басқармасында тәжірибеден өтіп жатқан ЖОО курсанттарының өздері білім алып жатқан оқу ордалары туралы дайындаған бейнероликтерін қызыға тамашалады және курсанттардың өз қызметтері туралы әсерлі әңгімесін зор қызығушылықпен тыңдады.
Ақтау қаласының тұрғыны, болашақ тергеуші Әмірғалиева Алтынай Аманқұлқызы:
-Мен №8 орта мектепті тәмамдаған соң Қарағанды қаласындағы еліміздегі тергеуші мамандығына оқытатын жалғыз оқу орнының курсанты атану үшін өзімді алдын ала дайындадым.
Осы кәсіпті таңдаған себебім әкем 15 жыл бойы тәртіп сақшысы болып, қоғамда заңдылықтың сақталуына өз үлесін қосты, өз перзенттеріне үлгі болды, маған әкем үлкен күш-жігер берді, менің таңдауымды қолдады. Мен осы мамандықты таңдағаныма ешбір өкінген емеспін, қайта мінезімдегі кейбір өзгерістерге қуанамын, яғни бойға біткен жігерлілік пен қайсарлыққа. Белгілі бір салмақтықты, адамгершілікті, жауапкершілікті осы мамандық біздің бойымызда қалыптастырады.
Барлық мектеп бітіруші түлектерге айтар кеңесім, тілегім- мамандық таңдауда қателеспеңдер. Барлық жас түлектерді елімізде заңдылықтың сақталуына қызмет ететін тәртіп сақшысы болуға шақырамын, - десе.
ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының ІІ курс курсанты Ақмұрзаев Ақылбек:
- Бүгінгі таңда мен Ақтау қалалық ІІ Басқармасында Жергілікті полиция қызметінде учаскелік полиция тинспекторының көмекшісі ретінде тәжірибеден өтудемін. Полиция қызметкері мамандығын таңдаған себебім – Отанымның, халқымының алдындағы өз борышымды өтегім келеді, міндетімді адал атқарғым келеді. Жас түлектерді біздің қатарымызға шақырамын. Келіңіздер, бәріміз бір сапта тұрайық!
Полиция қызметкері салмақты, төзімді, бар қиындықты үлкен төзіммен жеңе білетін, халқына адал қызмет ететін, әділетті, өз-өзіне сенімді болуы керек,- деген ой-пікірімен бөлісті.
Сонымен қатар басқосу кезінде тәртіп сақшылары өздерінің өнерден де құр алақан еместігін байқатып, сахнада әуелетіп ән де шырқады, күмбірлетіп күй де шертті. 66/56 әскери бөлімінің сарбаздары да полиция қызметкерлерімен бірге өз өнерлерін көрсетті.
Шара соңында өз ойларын білдірген жас өрендер кездесуден алған әсерлерімен бөлісті.
Ақтау қаласының №24 орта мектебінің 10 сынып оқушысы Есбаев Айтжан Үсенбайұлы:
-Мен полиция қызметкері болуды кішкентай кезімнен армандаймын. Мектепті аяқтаған соң ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясына оқуға түскім келеді. Бүгінгі шара маған өте ұнады.
Полиция қызметкері халықты сыйлайтын, халық оны сыйлайтын, білімді, әділетті, қоғамда заңдылықтың, тәртіптің сақталуына өзінің бар күш-жігерін, алған білімін жұмсайтын, адал жан болуы тиіс деп ойлаймын. Тәртіп сақшысы болу - үлкен абырой, ер жігіт үшін парыз деп санаймын.
Ноқатова Жұлдыз Сайранқызы - №8 орта мектептің 11 сынып оқушысы:
-Бүгінгі өткен шараның бізге берері мол, әрине, бұл жиын сақшы мамандығының қыр-сырын түсіндірген, жас түлектерге бағыт беретін жақсы кездесу болды. Мен өзім осы мамандықты таңдағалы отырмын.
Өйткені осы арқылы мен өз елімді қорғап, отандастарымның заңды құқықтарын қорғауға үлесімді қосқым келеді. Сондықтан осы мамандықпен мен өз болашағымды байланыстырамын деп шештім,- деді.
Полиция подполковнигі Талғат Әділұлы:
-Ақтау қалалық ІІ Басқармасы барлық Ақтау қалалық орта мектеп, коледж, ЖОО-ның түлектерін 2018 оқу жылына ҚР ІІ Министрлігінің жоғарғы оқу орындарына шақырады.
ҚР ІІ Министрлігінің арнайы жоғарғы оқу орындары: ҚР ІІМ Алматы Академиясы (Алматы қаласы), ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды Академиясы(Қарағанды қаласы), ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясы (Қостанай қаласы), ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты(Ақтөбе қаласы) тәртіп сақшыларын дайындайы. Оқу мерзімі – 4 жылды құрайды.
Сонымен қатар, ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтында екі жылдық қысқартылған білім беру бағдарламасы бойынша оқу қарастырылған. Оқуға ҚР-ның 25 жасқа дейінгі жоғары білімі бар («Заңтану» мамандығынан басқа) азаматтары қабылданады.
ҚР ІІ Министрлігінің оқу орындарының тыңдаушылары оқу кезінде казармалық жағдайда тұрады, республикалық бюджет есебінен тамақтанады және киінеді, стипендия алады. Мұның барлығы ІІМ есебінен, яғни, тегін жүзеге асырылады.
Оқу орындарының түлектеріне «полиция лейтенанты» арнайы атағы беріліп, олар міндетті түрде ішкі істер органдарының аумақтық бөлімшелерінде еңбекпен қамтамасыз етіледі.
Толық ақпарат алу үшін Ақтау қалалық ІІ Басқармасы Кадр жұмысы бөлімі, №101,103 кабинеттерге хабарласуға болады,- деп түсіндірді.
Суреттерді түсірген автор
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему