Маңғыстау судьялары «Қазақ билер соты – жалпыөркениеттік құндылық» атты ғылыми-практикалық конференцияға қатысты
15 Декабря 2017 (12:34) | 2671 | Автор: Нурганым Имашева
Маңғыстау облыстық соты мен Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті Түпқараған аудандық әкімдігімен бірлесіп, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының қағидаларын іске асыру мақсатында «Қазақ билер соты – жалпыөркениеттік құндылық» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді.
Рухани құндылықтарды әспеттеу және билер сотының тарихын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған конференция Қазақстан Республикасы ғылым академиясының академигі Салық Зимановтың алғаш еңбек жолын бастаған жерде, яғни өзі ұстаздық қызмет атқарған Түпқараған ауданындағы мектеп-лицейде өтті.
Алқалы жиынға Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Жақсылық Аланов бастаған судьялар корпусы, ардагер судьялар, Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов, Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің департамент директоры, з.ғ.к. Ермек Нұрмағамбет бастаған профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері мен педагогтар қатысты.
Конференцияны ашқан Жақсылық Аланов барлық қатысушыларды билердің рөлі мен дәрежесінің маңыздылығын, ашылмаған қырлары мен сырларын жан-жақты талқылауға шақырды.
-Ұлан-ғайыр далалық өлкені мекендеген көшпелі қазақ халқының тыныштығы мен тәртібін сақтай білген билер сотын қалай әспеттесек те жарасады.
«Заң мен әділеттің алтын ғасыры» болған өткен ғасырдың билер соты қай кезде де құнды.
Бүгінде біз билер сотын аңсап, майын тамызып айтып отырғанымыздай, келер ұрпақ та тәуелсіз елдің сот билігі туралы оң көзқарас танытып, жылы лебіз білдіріп отырса деген тілек бар.
Осы бағытта сот жүйесінде атқарылып жатқан, қолға алынған реформалар өздеріңіздің көз алдарыңызда жүргізілуде, - деп атап өтті Жақсылық Аланов өз сөзінде.
Конференция барысында судьялардың, ардагер ақсақалдардың, профессорлар мен ұстаздардың қазақ тарихындағы танымал және танылмаған билердің дала сотын қалыптастырудағы рөлі, олардан жеткен заң тәртібі мен академик С.Зимановтың еңбектері, Маңғыстауда ұлы дала медиаторларына айналған Ерменбет, Иса, Мәтжан билер туралы қызықты баяндамалар жасалды.
Маңғыстау облыстық сотының судьясы Гүлажар Бақытжанова қазақтың билер соты өзінің шынайылығымен халыққа ең жақын құқықтық орган болғандығын, отандық заманауи сот төрелігі билер соты институты мұрасының ең үздік үлгілерін иеленгендігін кеңінен түсіндірді.
Конференция барысында қатысушылар академик Салық Зиманов туралы бейнероликті тамашалап, «Дарын» қосымша білім орталығы ғимаратындағы академиктің өмірі мен шығармашылығына арналған мұражаймен танысты.
Жұмысты қорытындылай келе Жақсылық Аланов мемлекет билігіндегі билердің рөлі мен билер соты және олардың әлеуметтік мәртебесі осындай ғылыми-конференцияда талқыланып, аса құнды баға берілуі – билер сотының ұмытылуға айналған мәртебесін қайта жаңғыртуға себеп болатындығын айтты.
Конференцияға қатысушылар баяндамаларды талқылағаннан кейін оның қарары мен Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласының қағидаларын жүзеге асыру бойынша ведомствоаралық жоспарын қабылдап, естелікке ұжымдық фотосуретке түсті.
Бұл жағымды жаңалықты Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі жолдады.
Суреттерді түсірген: Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему