Үш жүлдемен оралды
14 Ноября 2017 (16:17) | 1982 | Автор: Нурганым Имашева
Ақтөбе қаласында ерлер мен әйелдер арасында дзюдодан Қазақстан Республикасының чемпионаты мен Кубогы сарапқа салынды. Дүбірлі додаға 418 балуан қатысып, боз кілемнің шаңын қақты. Аталмыш жарыста Маңғыстаудың намысын 18 спортшы қорғап, олардың арасынан үшеуі жеңімпаз атанды.
Тарқатып айтар болсақ, 52 салмақта шетпелік балуан Кәмшат Қарасайқызы алтыннан алқа тақса, 66 келі салмақта облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Бауыржан Сағынғалиұлы мен 57 келі салмақта «Қарагөз» спорт мектебінің спортшысы Анна Казюлина күміс медальдің иесі атанды. Қуанышты жаңалықпен халықаралық дәрежедегі төреші Талғат Есекенов пен облыстық «Жас батыр» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жомарт Қобыланов бөлісті.
-Жарыс 9-13 қараша аралығында Ақтөбе қаласында өтті. 52 салмақтаКәмшат Қарасайқызы оңтүстікқазақстандық, қызылордалық, шығысқазақстандық балуандармен белдесіп, ақтық сынға жолдама алды.
Финалда жамбылдық спортшы Жадыра Әміртаеваны айқын басымдылықпен тізе бүктіріп, алтын медальді қанжығалады. 66 келі салмақта боз кілемге шыққан шәкіртіміз Бауыржан Сағынғалиұлы ақтөбелік, шығысқазақстандық, алматылық, қарағандылық балуандардың жауырынын жерге тигізіп, шешуші сәтте шығысқазақстандық Ерлан Серікжановқа есесін жіберіп, күміс медальді иеленді.
57 келі салмақта белдескен тағы бір балуанымыз Анна Казюлина финальда оңтүстікқазақстандық Севара Нышанбаеваға жол беріп, күміс медальді қанағат тұтты. Айта кету керек, финалдық кездесудің жеңімпаздары 2018 жылы өтетін Әлем және Азия чемпионаттарына қатысып, ұлттық құрама сапында өнер көрсететін болады,-дейді белгілі бапкер Жомарт Қобыланов.
будьте в курсе всех новостей Присылайте свои новости на WhatsApp
+7 777 259 44 50
Зарегистрируйтесь или войдите в систему